6 млн.-нан астам қазақстандық сейсмикалық қауіпті аймақтарда тұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан территориясының үштен бір бөлігі сейсмикалық қауіпті болып саналады, ол жерлерде 6 млн.-нан астам отандастарымыз өмір сүріп жатыр, 400-ден астам елді мекен орналасқан, сонымен қатар өндірістік әлеуеттің 40 пайызы шоғырландырылған. Бұл туралы бүгін Төтенше жағдайларды жою және алдын алу бойынша ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Владимир Беккер айтты.

6 млн.-нан астам қазақстандық сейсмикалық қауіпті аймақтарда тұрады

«Қазақстан территориясының үштен бір бөлігі сейсмикалық қауіпті болып саналады, ол жерлерде 6 млн.-нан астам адам өмір сүруде, 400-ден астам елді мекен орналасқан, сонымен қатар өндірістік әлеуеттің 40 пайызы шоғырландырылған. Мұндай өңірлерге Алматы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары жатады», - деп атап өтті ол.

В. Беккердің айтуынша, қандай да бір құрылыс салу барысында сол өңірдің сейсмикалық жағдайын басты назарға алып, Еуропалық нормаларға жүгіну қажет. Білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу кезінде олардың сейсмикалық тұрақтылығын нығайту бойынша арнайы бағдарлама қабылдану керек. «Қазіргі уақытта республика бойынша 470 мектеп, 270 аурухана, 198 балабақша, 1046 әлеуметтік нысан және 511 өндіріс орындарының ғимараты сейсмикалық тұрақтылығын нығайтуға зәру. Бір айта кетерлігі, 2010-2015 жылдар аралығында 101 білім ошағы, 50 денсаулық кешені, 100 өндіріс орны арнайы тұрақтандырудан өткізілген», - деді В. Беккер.