6 наурыз. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 6 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ҚазАқпарат күнтізбесі
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік тіс дәрігері күні

1790 жылы Джордж Вашингтонның жеке тіс дәрігері Джон Гинвуд стоматологиялық бор жасап шығарды және ол осы күннің күнтізбеге енуіне көп еңбек сіңірді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1917 жылы 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға рақымшылық жарияланып, уақытша үкімет бұрынғы әкімшілік құрылымдармен қатар облыстық және уездік комиссариаттар құра бастады. Торғай облысына Әлихан Бөкейхан, Жетісуға Мұхамеджан Тынышбаев, Оралға Халел Досмұхамедұлы, ал Қостанай уезіне Ахмед Бірімжанұлы комиссар болып сайланды.

1987 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі мен Қазақстан Компартиясы ОК-нің «Республикада қазақ тілін оқытуды жақсарту туралы» және «Республикада орыс тілін оқытуды жақсарту туралы» қаулылары қатар жарық көрді.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

2014 жылы қазақ және орыс тілдерінде «Астана: женский род» альманахы жарық көрді. Онда саясатта, бизнесте, қоғамдық салалар және ғылымда, спортта, өнер әлемінде, ағарту және медицинада толағай табыстарға қол жеткізген қазақстандық әйелдердің өмірбаяндары берілген.

2014 жылы Берлинде Қазақстан Республикасының экономикалық және мәдени орталығының ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл қазақстандық-германдық сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту мен кеңейтуге бағытталған кезекті қадам болды. Шара қорытындысы бойынша, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Шығыс герман экономика комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

2015 жылы Қазақстан мен Монако қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қол қойды.

2016 жылы Қарағанды мемлекеттік индустрия университетінің оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты Владимир Меркулов ғылым мен өнертабысты дамытуға қосқан үлесі үшін Альфред Нобель атындағы медальмен марапатталды.

2019 жылы Америкада қазақстандық бойжеткендердің бастамасымен «Гүлдер» би ансамблі құрылды.

2021 жылы Аргентинада Димаш Құдайбергенге арналған шағын ойын шығарылды. Әнші жанкүйерлері La Era Dimash жаңа жобасын ыстық ықыласпен қабылдады. Ойын қазақстандық орындаушының әр түрлі жастағы жанкүйерлерінің көңілінен шықты. Ол жеңіл әрі бос уақытты қызық өткізуге көмектеседі.

2023 жылы Қазіргі заманғы зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Тарих толқынында Қазақстанның үздіксіз мемлекеттігі» кітабын табыс етті. Батыстың жетекші картографиялық баспалары, соның ішінде АҚШ, Бельгия, Англия, Франция, Италия және Германиядағы баспалар жасаған атластарда Қазақ хандығы туралы айтылады. Еңбек 1562-1879 жылдар аралығын қамтып, мемлекеттігіміздің дамуының негізгі кезеңдерін айқын көрсетеді. Жұмысқа барлығы 130 карта кіреді.

Ертіс өзенінде әкесі мен баласы құтқарылды
Ұқсас жаңалықтар

Ертіс өзенінде әкесі мен баласы құтқарылды