6 проценттік несие: Бизнес ашуға мемлекеттен кім қаражат ала алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы шағын несиелендіруге қосымша 20 млрд теңге бөлінбекші. Бұл дегеніміз, мыңдаған азамат несие алып, өз кәсібін дөңгелете алады деген сөз. Алайда ол несиелер барлығына бірдей берілмейді. Алатын адам арзан кредитті ұсыну талаптарына сай болуы қажет. ҚазАқпарат тілшісі шағын несиелендіруге қатысты өзгерістерді пысықтап, 19 млн теңгеге дейінгі несиелердің кімге және қандай шарттармен берілетінін сараптап көрді.

Айта кеткен жөн, бүгінде шағын несиелендіру шаралары «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында атқарылады. Қалада шағын несиелер «Даму» қоры арқылы беріледі. Бюджет ақшасы алдымен қорға, одан кейін екінші деңгейлі банктерге және микроқаржыландыру ұйымдарына аударылады. Қаладағы шағын несиенің мерзімі - 5 жыл. Ал ауыл халқы үшін 7 жылға беріледі. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 6 проценттен аспауы шарт. Ауылды жерлерде шағын несиелерді берумен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен микроқаржыландыру ұйымдары айналысады. Алайда қала болсын, ауыл болсын, барлығына бірдей бір талап бар. Несие алатын адамның нақты бизнес-жоспары болуы қажет. Онсыз қарызға ақша алу мүмкін емес. Осыған байланысты мемлекеттік бағдарламаға «Бизнес Бастау» атты жоба енгізіліп отыр. Соның аясында кез келген адам кәсіпкерлік негіздерін тегін меңгеріп, бір айдың ішінде өзінің бизнес-жобасын әзірлей алады. Осы саланың майталмандарымен кездесіп, сан алуан идеяларды да сараптап алуға мүмкіндік бар.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, шағын несиелер тек екі топқа беріледі. Олар - жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар. Сосын биылдан бастап өздігімен табыс тауып жүргендер үшін бір шектеу енгізіліп отыр. Оған сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтып, жеке кәсібін үш жылдан артық уақыт дөңгелетіп отырғандарға шағын несиелер берілмейді. Ұлттық экономика министрлігінің сарапшылары осындай шешімге келді. «Себебі ондай бизнес әбден қалыптасқан. Ал үш жылға дейінгілерге қолдау жасаған дұрыс. Сондықтан біз дәл осы топтағы азаматтарға несие беретін боламыз. Ақша алатындардың басқа банктерде несиесі болмауы тиіс. Бұл - барлығына ортақ талап», - дейді кәсіпкерлікті дамыту департаменті басшысының орынбасары Шыңғыс Аxметов.

Бұдан бөлек, биылдан бастап несиенің көлеміне қатысты бірқатар өзгерістер бар. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Атырау мен Ақтауда бір адамға 19 млн-ға дейін алуға болады. Ол қалаларда шектеу жоқ. Басқа қалалар мен моноқалаларда 15 млн теңгеге дейінгі шекті сома бекітіліп отыр. Ал шағын қалалар мен ауылды жерлерде 8 млн-ның несиесін алуға мүмкіндік бар. Кепілдік беру жағынан ешқандай өзгеріс жоқ. Бизнесті алғаш рет бастайтындар үшін мемлекет кепілдіктің 85 процентін берсе, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің несиесіне 50 проценттік кепілдік жасайды.

Жалпы, қосымша 20 млрд теңгені қоса есептегенде биыл шағын несиелендіруге бөлінетін қаржының сомасы 62 млрд теңгеге жетуі тиіс. Сөйтіп, республикалық бюджеттің қаражаты бөлінген күннен бастап он екі айдың ішінде 14 мың адамға шағын несиелер таратылуы шарт. Ол несиелердің тең жартысы «Бизнес Бастаудың» дайындығынан өткен азаматтарға беріледі. «Былтыр аталған жоба аясында мыңдаған азаматтар дайындықтан өтіп, өздерінің бизнес-жобаларын әзірледі. Өткен жылы біразы несие ала алмай қалды. Сондықтан биыл біз алдымен сол азаматтардың жобаларына басымдық беретін боламыз», - деп атап көрсетті Ш.Аxметов.

Ресми мәліметке сәйкес, былтыр 7 200 адам шағын несие алды. Соның ішінде 6 791-сі - ауылдың халқы, қалғаны - қала тұрғындары. Ал бизнесін жаңадан бастағандардың саны 4 127 адамды құрады. Демек, төрт мыңнан астам жұмыссыз азамат өз кәсібін ашты. ҚР Ұлттық экономка министрлігінің мәліметіне қарағанда, несие алғандардың басым бөлігі саудамен айналысып кетті. Ол азаматтардың несиелері 2,2 млрд теңгені құрады. Көлік саласындағы жобаларға 947 млн теңге берілсе, қайта өңдеуге 741 млн теңгенің несиесі бөлінді. Ал ауыл шаруашылығы саласында берілген шағын несиелердің көлемі 516 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек, қонақүйлер, асxана және тағы басқа кәсіпкерлік қызметтерге 3,6 млрд теңге жұмсалды.

Осы орайда бағдарламаның кемшін бір тұсын айта кеткен жөн. Талап бойынша шағын несиелер басымды бағыттар бойынша берілуі шарт. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлік палаталармен бірлесіп, жыл сайын әрбір ауданның, әрбір елді мекеннің арнайы картасын әзірлеп отыруы қажет. Осы құжатта нақты өңірдің географиясы мен халықтың сұранысына сай келетін негізгі бағыттар көрсетіледі де, несие беретін ұйымдарға жіберіледі. Алайда әкімдіктер дәл осы карталарды жеңіл-желпі жасай салатын көрінеді. «Бір жылдың ішінде біз біраз мәселелерді анықтадық. Мәселен, аудандардың мамандандыру карталары көп жағдайда шартты түрде жасалады. Аталған құжаттарды әлі де жетілдіру керек. Сол себепті биылдан бастап біз әрбір жобаны өңірдің экономикалық өміріне барынша бейімдеуге күш саламыз. Соның арқасында бизнестің өміршеңдігі артады. «Атамекеннің» аудандық палаталары да өз көмегін беріп отырады», - дейді «Атамекен» ҰКП бизнес коммуникацияларды мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.

Сонымен, күні кеше Парламент Сенаты республикалық бюджетке өзгерістерді енгізу туралы заңды мақұлдады. Оның ішінде шағын несиелендіруге арналған ауқымды қаражат та қарастырылған. Бүгін ҚР Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған заңға қол қойды. Демек, мамыр айында миллиардаған ақша республика бойынша таратылады. Соның нәтижесінде шағын бизнес те жанданып, сауда-саттықтан бөлек тың жобалар қолға алынады деген сенім бар. 

Соңғы жаңалықтар