6 шілде. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 6 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстан Республикасының астанасы күні

2008 жылдың 25 маусымында Парламент Мәжілісінің бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекеттік мереке болып бекітілді. Мемлекеттік деңгейде 2009 жылдан бері тойлана бастады. Астана күні – қазақ халқы үшін аса маңызды тарихи-мәдени мәнге ие, сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстан жетістігінің бір нышаны болып саналады.

Ұлттық домбыра күні

2018 жылдың 13 маусымында Ұлттық домбыра күні бекітілді. Бұл мерекені жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде атап өту туралы шешім қабылданды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында домбыра ұлттық мәдениетті әлемге танытудың символына айналды. ЮНЕСКО шешімімен бұл көне музыкалық аспап пен күйлер адамзаттың материалдық емес мұрасы тізіміне енді.

Қазақстанның десанттық-шабуылдау әскерлері күні

Президент Жарлығымен десанттық-шабуылдау әскерлерінің күні 2000 жылы белгіленді. Ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Ұтқыр күштері құрылды. Ол 2017 жылы заманауи құрылымға ие болып, Десанттық-шабуылдау әскерлеріне айналды.

Бүкіләлемдік сүйісу күні

Аталған мереке алғаш рет Ұлыбританияда ХІХ ғасырда бейресми аталып өтті. Қазіргі таңда дүниежүзіне кең тараған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Орал, Целиноград, Шымкент облыстарының және Целиноград қалаларының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» қаулысы қабылданды. Соған сәйкес, аталған атаулар Батыс-Қазақстан, Ақмола, Шымкент (қазіргі Түркістан обл.) облыстары және Ақмола қаласы (қазіргі Астана қаласы) болып өзгерді.

1994 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президенттің ел астанасын Алматыдан Астанаға көшіру жөніндегі ұсынысын мақұлдау жөнінде қаулы қабылдады. Арада төрт жыл өткеннен кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш астанасының тұсаукесері болып өтті.

1994 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен ақын Мұзафар Әлімбаевқа «Қазақстанның халық жазушысы», актер Досқан Жолжақсыновқа және кинооператор Ескендір Тынышбаевқа «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілді.

1995 жылы Өзбекстанда Абай күндері өтті.

1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атымен аталған жұлдыз Швейцариядағы Халықаралық жұлдыздарды тіркеу жинағына тіркелді және АҚШ Астрономиялық жинағына енгізілді.

2005 жылы елорданың «Синема Сити» кинотеатрында қазақ кинопрокаты тарихындағы ең ірі жоба – «Көшпенділер» фильмінің тұсаукесері болды. Кинематографистердің айтуынша, Қазақстанның «Ғасыр жобасы» аталған кинотуынды үшін 34 млн АҚШ доллары жұмсалды.

XVIII ғасырдағы қазақ пен жоңғар арасындағы шайқасты өзек еткен фильмнің мәні мен мазмұны және оның ұлтымыз тарихындағы орны ерекше. Түсірілімге 25 елден мамандар шақыртылды. Түсіру тобының құрамында 350 адам жұмыс істеді, оның 160-ы – шетел азаматы. Арнайы фильм үшін соғысқа жарамсыз 13 мың қару-жарақ, жоңғарлар мен қазақтарға 15 мың шатыр, ұлттық киімдер және тұрмыстық заттар дайындалды. Фильм режиссері – Талғат Теменов. «Көшпенділерде» қазақ киноматография саласының аңызға айналған актерлерінен басқа, Голливуд жұлдыздары Марк Дакаскос, Джейсон Скотт Ли, Эрик Норрис түскен.

2009 жылы «Атамекен» мемориалды кешенінің аумағы Мемлекеттік рәміздер алаңы болып өзгертілді.

2010 жылы елорда күніне орай, астанада «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық кешені салтанатты түрде ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына Қазақстан, Армения, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Украина президенттері қатысты.

«Хан Шатыр» - қазіргі заманғы ең батыл және сәулеткерлік әрі инженерлік жетістіктерді жалғастырған бірегей кешен. Ғимарат шатыр іспеттес түрдегі әлемдегі екінші, ал Орталық Азиядағы ең үлкен жалғыз кешен. «Хан Шатыры» бірегей кешені жеті қабаттан тұрады. Оның биіктігі – 102 метр, жалпы аумағы – 127 мың шаршы метр. «Хан Шатырды» жобалау барысында қазақтың салт-дәстүрімен байланысты құндылықтар басты назарға алынған. Мәселен, қазақтың киіз үй жобасы – ғимараттың негізгі элементі. Сондықтан орталықтың құрылымы әлемнің бірде-бір мемлекетінде жоқ.

2012 жылы Астанада жаңа «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылды. Жалпы аумағы 17 мың 700 шаршы метр бұл мешіт Қазақстандағы ең үлкен мешіт саналды. Мешіттің негізгі күмбезінің биіктігі - 51 метр, ал диаметрі - 28,1 метр. Бұдан бөлек, шағын 8 күмбездің биіктігі - 7,6 метр, диаметрі 10,45 метр болса, вестибюліндегі күмбез диаметрі 15,2 метрге жетеді. Биіктігі 77 метр болатын 4 мұнарасы да бар. Мешіттің сәулетіне классикалық ислам үлгісі мен дәстүрлі қазақ оюлары, декоратив элементтері қолданылған.

2014 жылы Ақтөбеде Сәңкібай батырдың құрметіне жаңа саябақ пен ескерткіш ашылды.

2015 жылы Астана күніне арнайы дайындалған салмағы 700 келіден асатын «қазақтың ет тағамы» Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

2015 жылы Маңғыстаудағы қазба жұмыстарының нәтижесінде археологтар XIV ғасырдағы теңіз арқылы хабарлама қатынасы болғанын дәлелдейтін қызыл маржанның қалдықтарын тауып алды. Бұл жәдігерлер Кетиккале шеберлерінің шын болғанын дәлелдейді. Қазба жұмыстары барысында керамикалық ыдыстың ұстайтын құлағы шыққан. Үш диірмен тасының қалдығының табылуы сол заманда бидайдың өндірілгенін растайды. Сонымен бірге, қытай фарфоры, әйел сақинасының қалдығы, ақық тастар мен моншақтар табылды. Археологтарды табылған жеті тиын да қуантып тастады. Тиындардың екеуінен «хижра санағы бойынша 761-768 жылдар» сөзі оқылды.

2016 жылы елордада Астана триатлон паркі ашылды. Ашық аспан астындағы бірегей спорт нысаны 45 гектар аумақты алып жатыр. Елорда қонақтары мен тұрғындары мұнда жүгіріп, велосипед айдап, жүзе алады. Триатлонмен айналысу үшін барлық жағдай жасалған.

2018 жылы Талдықорғанда Астананың 20 жылдына орай, бірінші даңғыл ашылды. Қаланың жаңа шағын ауданында орналасқан даңғылға «Астана» атауы берілді.

2018 жылы Ақтөбеде бір сағаттың ішінде артериялық қан қысымын бір уақытта өлшеу бойынша Гиннестің рекорды жаңартылды. 500 медицина қызметкері 4 мың ақтөбеліктің артериялық қан қысымын өлшеді.

2020 жылы Қарағанды облысының орталығында Солтүстік-Шығыс айналма жолы ресми түрде ашылды. Жаңа жол Қарағандыны айналып өтіп, қаланы транзиттік автомобильдер мен үлкен жүктерден жеңілдетуге мүмкіндік береді. Орталық арқылы күніне 22 мыңға жуық көлік өтеді. Құрылыс «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Орталық-Оңтүстік» дәлізін қайта жаңарту жоспарына енді. Жол төрт жолақты, асфальтбетонды жабыны бар. Жол жабынының бірінші жөндеуге дейінгі қызмет мерзімі – 15 жыл. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолақтар арасында ирек білеу орнатылды.

2021 жылы Эфиопияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын және Жамбыл Жабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Ыбырай Алтынсариннің, Дина Нұрпейісованың мерейтойларына арналған қазақ мәдениеті мен шығармашылығының кеші өтті.

Мәдени кеш өскелең ұрпақтың қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлы тарихи тұлғалары және олардың қазақ мәдениетінің, атап айтқанда әдебиеті, поэзиясы мен халық музыкасының дамуына қосқан ерекше үлесі туралы білімдерін кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.

2021 жылы Талдықорған қаласында халықаралық стандарттарға сай 570 орындық орталық олимпиадалық үлгідегі жүзу бассейні салтанатты түрде ашылды. Мұнда жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге болады.

- Талдықорғанда Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи бассейнді ашып отырмыз. Оның бірегейлігі олимпиадалық стандарттарға сәйкестігінде. Тағы бір ерекшелігі – теңіз тереңінде жүзіп жүрген алып балықтың сұлбасын еске түсіретін сыртқы сәулеттік келбеті. Оның 3 бассейні бар, ең үлкенінің ұзындығы – 52 метр және ені – 25 метр. Осындай ауқымды да мәнді нысанның іске қосылуы баршамыз үшін көптен күткен қуаныш, ол уақыт өте Талдықорғанды су спортының орталығына айналдыруға мүмкіндік береді, - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

2021 жылы Эфиопияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын және Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Ыбырай Алтынсарин, Дина Нұрпейісованың мерейтойларына арналған қазақ мәдениеті мен шығармашылығының кеші өтті.

Мәдениет кеші өскелең ұрпақтың қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлы тарихи тұлғалары және олардың қазақ мәдениетінің, атап айтқанда әдебиеті, поэзиясы және халық музыкасының дамуына қосқан ерекше үлесі туралы білімдерін кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.

2021 жылы Берлиннің басты сауда орталығы «Mall of Berlin»-де «Табиғат, мәдениет, адамзат. Таңғалдырар Қазақстан» атты фотокөрме ашылды. Көрмеде қазақтың киіз үйі таныстырылып, Қазақстанның ғажайып табиғаты, ұлттық сәулеті, ас-тағамдары туралы ақпарат берілді.

2021 жылы Алматыда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені - «Bekzat boxing club» ашылды. Жобаның мақсаты – бұқара халық арасында спортты насихаттау, жастардың салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттыру.

2023 жылы елорданың құрметіне Астанада «Gul Astana Eco Urban Open Air» фестивалі өтті, онда гүл өсірушілер 20 мың жаңа гүл ұсынды. Фестиваль Қазақстанның түкпір-түкпірінен экологтар, гүл өсірушілер, урбанистер, эко-кәсіпкерлер, суретшілер мен музыканттардың басын қосты.

2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға жұмыс сапарымен келіп, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты. Шуша қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Қарабақ декларациясы қабылданды.

2024 жылы Астанада «Театр Евразия» халықаралық фестивалі басталды. Бағдарламада Астананың Орталық саябағында өткен Қазақстанның, сондай-ақ Ресей, Польша, Эстония және басқа да елдердің көше театрларының қойылымдары болды. Плакатта қатысушы театрлар жарияланды: «AspektR», «SoLu», «Қара шаршы», «Мимика», «Вокруг», «Корольдік жираф», Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры», Мұрат Мұтырғанов және т.б.

Соңғы жаңалықтар