18:46, 22 Наурыз 2014 | GMT +5
6-сынып оқушылары қолдан киіз үй жасап шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Ақтайлақ ауылдық орта мектебінің 6-сынып оқушылары қолдан киіз үй жасап шығарды. Бір жылдай тер төккен шеберлер туындысын ұлыстың ұлы күні көрмеге қойды.
"24.kz" арнасының хабарлауынша, киіз үйдің диаметрі 2,5 метр болса, биіктігі - 1,5 метр. Оқушылар өткен жазда ауыл маңындағы тоғайдан жиған ағашты әбден бабына келтірген соң, 4 қанатты ақ орданы құрап шыққан. Туырлығын, үзігін, түндігін де өздері әзірлеп, тіпті, басқұр, белбау, үзік-бауды да жүннен есіпті. Ішкі жабдықтары да көздің жауын алады. Жас шеберлердің бұл еңбегі көктем тойы қарсаңында аудандық «Сиқырлы саусақ» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Жетекшісі Серік Кеңшілікұлының айтуынша, сол байқаудан соң көршілес ауылдардағы балабақшалардан тапсырыс түсе бастапты.