6 желтоқсанда елдегі қай жолдарда шектеу бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.
2025 жылғы 6 желтоқсан таңертең бірнеше өңірдегі республикалық маңызы бар автожолдарда көліктің барлық түрі үшін қозғалыс ашылды:
Шығыс Қазақстан облысы
• «Алматы — Талдықорған — Өскемен — Шемонаиха — РФ шекарасы» автожолының 1104-1191-шақырым аралығындағы учаскесі (Глубокое ауылынан Шемонаиха қаласына дейін);
• «Өскемен — Риддер — РФ шекарасы» автожолының 15-105-шақырымы аралығы (Белоусовка ауылынан Риддер қаласына дейін);
• «Өскемен — Алтай — Үлкен Нарын — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 6-166-шақырым аралығы (Ушановское ауылынан Алтай қаласына дейін).
Павлодар облысы
• «ҚХР шекарасы — Майқапшағай — Зайсан айналма жолы — Қалбатау — Семей — Павлодар — РФ шекарасы» автожолының 427-587-шақырым аралығындағы учаскесінде (Кенжекөл ауылынан Абай облысының шекарасына дейін).
Абай облысы
• «ҚХР шекарасы — Майқапшағай — Зайсан айналма жолы — Қалбатау — Семей — Павлодар — РФ шекарасы» автожолының 587-910-шақырым аралығында (Павлодар облысың шекарасынан Қалбатау ауылына дейін).
Ақмола облысы
• «Астана — Қарағанды — Алматы» автожолының 30-92-шақырым аралығындағы учаскесі (Жібек Жолы ақы алу пунктінен Қарағанды облысының шекарасына дейін).
Қарағанды облысы
• «Астана — Қарағанды — Алматы» автожолының 92-164-шақырым аралығындағы учаскесі (Ақмола облысының шекарасынан Теміртау ақы алу пунктіне дейін).
Көлік қозғалысы шектеуі
2025 жылғы 5 желтоқсан сағат 21:00–де ауа райының бұзылуына байланысты «РФ шекарасы — Мартөк — Ақтөбе — Қарабұтақ — Қызылорда — Шымкент — Тараз — Қордай — Алматы — Қорғас — ҚХР шекарасы» автожолының 1474-2000-шақырым аралығында (Әйтеке би ауылынан Жаңақорған ауылына дейін) барлық көлік түрінің қозғалысына шектеу қойылды.
Сондай-ақ төрт өңірде бұған дейін енгізілген шектеулер әлі де күшінде.
Ақмола облысы
Республикалық маңызы бар «KAZ02 Астана — Көкшетау (айналма жол) — Петропавл — РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 19-231-шақырым аралығында көліктің барлық түрі үшін жылдамдық шектеуі 140 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді. Бұл шара ауа райының бұзылуына, температураның төмендеуі, көктайғақ, ұсақ қардың жаууына байланысты енгізілді.
Солтүстік Қазақстан облысы
«Тимирязево — Сарыкөл — облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырымында (Қостанай облысы шекарасы — Тимирязево ауылы) көліктің барлық түрі үшін шектеу бар.
Шығыс Қазақстан облысы
Тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.
Павлодар облысы
«Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолында (Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астанаға шығатын бағыт) көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.
Еске салайық, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің солтүстік және орталық облыстарында қар жауып, боран соғатынын және тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15-20 м/с жететінін хабарлаған еді.