60-тан астам адамға жалған виза уәде еткен адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – 60-тан астам жәбірленушіге аса ірі көлемде зиян келтірген адам ұсталды. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасы мәлім етті.

60-тан астам адамға жалған виза уәде еткен адам ұсталды
Фото: Қарағанды облысы прокуратурасы

— Күдікті алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы жәбірленушілерге Еуропа, АҚШ және Ұлыбританияға ұзақ және қысқа мерзімді виза жасап беруге уәде берген.  Қылмыстық жауаптылықтан құтылу үшін ол 60-тан астам жәбірленушімен жалған несиелік келісімдер жасап, қылмысын азаматтық-құқықтық қатынас ретінде жасыруға әрекеттенген, — делінген прокуратура таратқан ақпаратта.

Келтірілген шығын 330 млн теңгеден астам.

Күдікті ұсталды, оның әрекеті ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сараланып, соттың санкциясымен күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазіргі уақытта барлық жәбірленушілер анықталып жатыр, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қала прокуратурасы алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін назарға салады.

Бұған дейін хабарланғандай, Астаналық сот орындаушылар 26 млн теңге жымқырған.

Соңғы жаңалықтар