600 ақтөбелік кәсіпорын жұмысшыларының айлығын көтерді
2018 жылы облыста өндірістік процестерді тұрақтандыру, еңбек құқығы мен жұмысшылардың кепілдігін қамтамасыз ету бойынша барлығы 4781 меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметі.
Еңбек инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Оразаевтың айтуынша, оларды жүзеге асыру нәтижесінде былтыр облыстағы 591 кәсіпорында еңбекақы көтерілді. Мысалы, 2018 жылғы қаңтардан бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жалақысы 12 - ден 23%-ға дейін, «СНПС - Ақтөбе Көлік Компаниясы» ЖШС - 7-23% - ға дейін, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-де, «Восход-Oriel» ЖШС-де, «Восход Хром» ЖШС-де, «АРБЗ» ЖШС-де, «Восток нефть и Сервисное обслуживание» ЖШС-де, «Базальт-А» ЖШС-де және басқа да кәсіпорындарда 10% - ға көтерілді.
Бердібек Сапарбаев қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету бойынша меморандумдар жасау тәжірибесі биыл да жалғасын табатынын атап өтті. Ол облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұжымдық шарттар жасауды қамтамасыз етуді, оларда кәсіподақтар құру жұмысын жалғастыруды тапсырды.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 8 600-ден астам ұжымдық шарт жасалды, оның ішінде 95% ірі және 94,7% орта кәсіпкерлік субъектілері. Өткен жылы еңбек инспекциясы Ұжымдық шарт бойынша міндеттемелерді орындамаудың және бұзудың бес дерегінің жолын кесті. Мысалы, "Энергосистема" ЖШС жалпы сомасы 103 миллион теңгеге 1 800 қызметкерге емдік жәрдемақы төлемеген. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша оларды жою туралы ұйғарымдар беріліп, әкімшілік айыппұлдар салынды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы еңбек инспекциясы тарапынан бақылаудың нашар екенін атап өтті.
«Кәсіпорындар мен ұйымдар басшыларының өздерінің меншік нысанына қарамастан қабылдаған міндеттемелері орындалуы тиіс. Өзге жағдайда тәртіп бұзушылар жауапқа тартылады. Меморандумдар, ұжымдық шарттар қарапайым қызметкерлердің мүдделерін қорғайды, сондықтан облыс аудандарының әкімдерін, уәкілетті мемлекеттік органдарды 2019 жылға осы маңызды құжаттарды жасауға дайындалуларын және жауапкершілікпен қарауларын сұраймын», - деді жиналысты қорытындылаған Бердібек Сапарбаев.