66 жастағы қария Маңғыстау облысында 10 жылдан астам уақыт құлдықта болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 66 жастағы қарт құлдықтан босап, тарихи отаны Грекияға аттанбақ, деп жазады 24.kz.
None
None

Дмитрий Хиониди 10 жылдан астам уақыт мәжбүрлі түрде біреудің малын баққан. Денсаулығы нашарлап, екі аяғынан жүре алмай қалған қария енді емделіп, жоғалған құжаттарын жасатуы тиіс. Қазір Ақтаудағы әлеуметтік бейімдеу орталығы оның қайта өмір бастауына көмектесіп жатыр. Дмитрий Хиониди Ақтаудағы бейімдеу орталығына Жаңаөзен қалалық ауруханасынан түскен. 3 ай бойы ем алғанымен, нәтиже болмай, ақыры арбаға таңылды. «11 жылдай біреудің құлы болдым. Табанымнан тозып жаяу мал бақтым. Боранды күндері бірнеше рет аяғым үсіп, енді міне, мүлдем жүре алмай қалдым»,- дейді қария.

«Аяқтарым соңғы 5 жылда сыр бере бастады. Ауырып, шыдатпаған соң бір-екі рет өзім емдеп көрдім. Ыстық суға тұз бен кір сабынды езіп, тіземдегі ісікті қайтардым. Кейіннен мүлдем жүре алмай қалдым», - Дмитрий Хиониди.

Әйелі мен қызы қайтыс болған соң қария шалғайдағы біреудің малын бағуға өзі келіскен. Алайда қожайын берген уәдесінде тұрмапты. Жалақы төлеу былай тұрсын, бостандыққа жібермей қойған. 10 жылдың ішінде 3 рет қашуға бекінгенімен, бірақ жолы болмаған.

Қазір жергілікті билік зейнет жасындағы қарияның екінші өмір бастауы үшін бар мүмкіндікті қарастырып жатыр. Денсаулығы толық тексеріліп, мүгедектер тізіміне ілінген соң, қарттар үйіне орналастыру мәселесі қаралады. Алдымен жеке басын растайтын құжат рәсімделу тиіс.

«Қарияның төлқұжаты жоқ. Кеңес кезіндегі қызыл паспорты болғанымен, оны жоғалтып алған. Қазір бұрынғы паспорт алған жерінен форма-1 құжатын алдырттық. Енді сол бойынша жаңа төлқұжат шығартуға тапсырыс береміз», дейді қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығының басшысы: Дүйсенбек Сарғожаев.

Дмитрий Хионидидің барлық туыстары Грекияда тұрады екен. Екі қарындасы да 1986 жылы Қазақстаннан көшіп кеткен. Қария содан бері хабарсыз. Енді ол тарихи отанына, бауырларына оралуды жоспарлап отыр. Қария үшін Грекиядан қуанышты хабар келді. Қоғамдық ұйымдардың көмегімен оның кіші қарындасы табылып, ағасын жақын күндері алып кететінін айтқан.

Соңғы жаңалықтар