67 жасында атылған Х.Нұрмұхамбетов көрнекті дінбасылардың бірі болған - БҚО

Ақжайық ауданында мұрағатта қызмет атқарған Бақтығали Қоспаевтың келтіруінше, Хасан Нұрмұхамбетов 1871 жылы Калмыков (қазіргі Тайпақ) уезінің бірінші ауылында дүниеге келген. Ауылдық жерде алған жаңаша бастауыш және діни мұсылмандық білім-білігін өз бетімен үнемі толықтыра жүріп, кейін Бұхарадағы Кіндік Азияға жақсы танымал Мір-Араб медресесін тәмамдаған.
Өмірінің алғашқы отыз жылын осылай алыс жерлерді, алуан салт-дәстүрлерді танып-білуге арнады. Озығын елге жеткізуге, көп біліп, көп нәрсені үйренуге тырысты. Ал мұның өзі оның елге Ислам ілімінің қағидаттары мен діни-философиялық негіздерін меңгерген, өз халқының да, өзге жұрттың да тұрмыс-тірлігін, мұң-мұқтажын көзімен көріп, замана ағымы, ұлт болашағы жайында ой-өрісі қалыптасқан тұлға ретінде оралуына себеп болғаны сөзсіз.
Бұл уақытта ресейлік билік қазақ даласындағы бұрынғы діни құрылымдардың ықпалын біраз шектеп, дінбасылардың, әсіресе, халықшыл топтарына күдікпен қарай бастаған еді. Бұрынғы азды-көпті демократия, яғни сайлау-сайлану құқығы тоқтатылды, уездік басшылар мен болыстарды губернатордың өз қалауымен тағайындау тәртібі енгізілді. Жергілікті билікке халықтың мұң-мұқтажымен ісі жоқ, жоғарыдағының алдында құрдай жорға-лайтындар келді. Дәл солардың ішінен әр болыста патшалық биліктің құпия агенттері, жасырын тыңшылары тағайындалып, бұлар беделді би-батырларды, рубасылары мен қазақ оқығандарын айтпағанда, сауатты дінбасылардың, хазірет-халфе, ишандардың басқан ізін, айтқан уағызын губернатор кеңсесінің арнайы адамдарына астыртын хабарлап тұрды. Мысалы, өлеңтілік А. губернатордың жеке ұсынысымен бірде Соналы, бірде Өлеңті болыстарына болыстық лауазымға тағайындалып, осы өңірдегі аса беделді Дәулетияр ишан, Х.Нұрмұхамбетов, т.б. тұлғалар туралы ақпарат беріп тұрған. Б.Б.Қаратаев кезінде «карьерист», «аферист», «портфелист» деп өткір сынға алған ел ішіндегі ондайлармен Х.Нұрмұхамбетов ашық күреске шықты, жергілікті билік пен дінбасылар қалың жұртшылықтың қатысуымен сайлануын қуаттап, мешіттер жұмысын бір ізге келтіруге шақырды. Бұл бір ғана Жайық өңірінде емес, бүкіл қазақ елі үшін көкейкесті мәселе болатын.
Сондықтан болу керек, 1917 жылы 2-8 сәуірде 300 делегаттың қатысуымен Торғайда болған қазақтар съезінде дін мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, қаралады. Құрамында Х.Нұрмұхамбетов, т.б. бар оралдық делегаттардың сол жиында жария еткен ұсыныстары бірауыздан мақұлданып, төмендегідей ортақ ұйғарым хатталады: біріншіден, таяу болашақта Жайық өңірінде қазақ мүфтиаты ашылады, әзірге Орал мұсылмандарының діни басқармасы болып Орынбор мүфтиаты саналады; екіншіден - имамдар арнайы шаадатнамалық білімі барлар арасынан дауыс беру арқылы сайланып қойылады, әр қазақ ауылында кем дегенде бір мешіт болуы жергілікті тұрғындарға міндеттеледі; үшіншіден - имам-дарға дүниеге келген сәбилердің және марқұм болғандардың метрикелік кітапшасын ашып, некелі отбасын құрушылардың тізімдемелік құжаттарын жүргізу жүктеледі, т.б.
Көріп отырғанымыздай, съезд қабылдаған бұл беталыс Х.Нұрмұхамбетовтің жылдар бойғы арманы болатын. Осындай жаңашыл ой-ұстанымдарымен назарға іліккен ол Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысушы оралдық он делегаттың бірі (жетекшілері - Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер) болып сайланады. Торғай жиыны шын мәнінде Х.Нұрмұхамбетовтің «халқым үшін не істей аламын» деген азаматтық, ұлтжандылық ынта-жігерін оятқан алғашқы басқыш болғаны анық. Бұл сапардан ол өзіне бұрынғыдан да ауқымды жауапкершілік жүгін арқалап оралады.
НКВД-нің 1938 жылы 2 маусымда Жаһанша Досмұхамедовтен алған жауабында ол өзінің Орал облысы қазақтары съезіне (1917) қатысқанын, ізінше Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысу үшін Х.Досмұхамедов, Құбайдолла ишан, Дәулетияр ишан, т.б. бірге Мәскеуге аттанғанын растайды. Демек, осы жылдары Х.Нұрмұхамбетовпен бірге Дәулетияр да «Алаш» қозғалысын, Қазақ мемлекеттігін құруды қуаттап, уездік, облыстық және Бүкілресейлік мұсылман қауымдастықтарының тарихи жиындарына қатысқан, бүкіл қазақ даласы бойынша аса беделді, сауатты діндарлардың, саяси қайраткерлердің санатында болған.
Х.Нұрмұхамбетовтың саяси көзқарастарының кемелденуіне зор ықпал еткен келесі оқиға - Орынборда өткен жалпықазақ съезі (5 - 13. ХІІ. 1917) болатын. Онда қаралған Қазақ елінің болашақ құрылымы, мүфтиат, милиция, халық ағарту, ел басқару жүйесі, т.б. мәселелерді талқылаудың соңы ымырасыз талас-тартысқа ұласады. Хасан Дәулетияр ишан және басқа ақжайықтық дінбасылар Аспандияр Кенжин, Уәлитхан Танашев, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен тізе қосып, қазақ даласын шұғыл автономия деп жариялауды ұсынады, ел ішіндегі бейбіт тірлік пен реттілікті, біртұтас ел ретіндегі мемлекеттікті сақтап қалудың бірден-бір жолы осы дегенді алға тартады. Алайда «шұғыл автономия» идеясын делегаттардың басым бөлігі қолдамағаны тарихтан белгілі. Пікір қайшылығының өткір сипат алғаны соншалық, қандайда бір ымыраға келу съездің соңғы күндеріне дейін мүлдем мүмкін болмаған. Тіпті елдің батыс бөлігі Түркістан автономиясына қосылатыны жайында қиямпұрыс мәлімдемелер де қылаң беріп қалады. Екі жақтан да қазақтың бірден-бір жанашыры «Алаш» қозғалысының көсемдері (Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, А.Кенжин, У.Танашев, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т.б.) еді. Елінің ертеңі туралы осындай пікір қайшылығы орын алғанымен, түптеп келгенде, олардың бәрін «Қазақ елінің біртұтастығы» туралы ортақ арман-мақсат, сын сәттегі ортақ жауапкершілік, мемлекетшіл мүдде біріктірді, ортақ шешімге әкелді.
Х.Нұрмұхамбетов үшін де бұл ұмытылмас күндер болды. Бұдан кейінгі бар ғұмырын «Алаш» қозғалысымен біржола байланыстырып, ашаршылыққа, большевиктік мәжбүрлеп ұжымдастыру мен отырықшыландыруға қарсы күресті. Кеңестік биліктің жер-жерде атеистік үгіт-насихатты үдетіп, дін атаулыдан ада қоғам орнатуды көздеген саясатына ашық наразылық білдірді. Қазан төңкерісінен кейінгі алғашқы 10 жылда Хасан, Дәулетияр ишан, тағы басқалар жетекшілік еткен Калмыков мұсылмандары қауымдастығы уездегі ең ықпалды, коммунистік ячейкалардан да зор беделді ұйым болып қала берді.
Бірақ жиырмасыншы жылдардың аяғынан Кеңестер күш алып, бүкіл елдегідей, өңірдегі дін атаулы (ислам, православие) мен мешіт, шіркеулерге, жалпы діни наным-сенімдерге қарсы әрекеттерді бұрынғыдан бетер күшейтті. Ең беделді діндарларды халыққа қарсы қойып, адамның жеке ар-ожданын қорлайтын шаралар барған сайын бұқаралық сипат алды. Нәтижесінде станицалардағы архитектуралық теңдессіз шіркеу ғимараттары ұжымшар (колхоз) қоймасына айналса, Хасан, Дәулетияр, Мәулімберлі, Тоғайбай хазірет, Керей халфе бабалар салдырған ғажайып ғибадатханалар - мешіт, медреселер тоналды, өртелді, қой қораға, қырқым пункттеріне берілді. Осылайша ондаған, жүздеген жылдар бойы қыр еліне мұсылмандық салт-сананың, имандылықтың нұрын сеуіп, рухани тірек болған күмбезді құрылыстар, уезд бойынша жалпы саны жиырмадан асатын өнер жауһарлары толық құртылды. Бүгінде олардың орнында бір кездегі тағылық әрекеттің куәсі боп қирандылары ғана жатқаны жан дүниеңді құлазытып жібереді.
Бар ғұмырын діни ағартушылыққа, азаттық пен әділет жолына арнаған Хасан Нұрмұхамбетов көз алдында болып жатқан осы оқиғаларға қарамастан, ісін жалғастыра береді. НКВД-нің тұтқындап, азаптауы да, «халық жауы» деп жариялап, ату жазасына кескен қанды үкімі (1938) де оны ислами дүниетанымынан, «Алаш» қозғалысын, азаттық идеясын, қазақ мемлекеттігін қолдаған саяси күресінен бас тартуға көндіре алмады. Ол 67 жасында қолдан арнайы жасалған қызыл қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болып, атылды.
«Кейінгі ұрпақ жадында оның ешбір күш, тіпті ажал мұқалта алмаған өр тұлғасы, аңызға айналған адамгершіл іс-әрекеттері жайында естеліктер сақталды. Оның есімі тарихымызда Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Дәулетше Күсепқалиев, Бақтығали Бисенов, Есенғали Қасаболатов, Бижан Жанқадамов сынды азаттық алауын, бүгінгі тәуелсіздігіміздің алғашқы ұшқынын Жайық өңірінде өшпестей етіп тұтатып кеткен арыстарымызбен бір қатарда болуға, әлі де зерттеліп, тың деректермен толықтыруға лайық. Өйткені оның жанкешті ғұмыры - өлкеміздің тарихынан ешқашан ажырамайтын біртұтас дүние», деп түйіндеді ойын Б.Қоспаев.
Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Вячеслав Иночкиннің айтуынша, өңірде сталиндік зұлмат жылдары жаппай жазалау құрығына төрт мыңнан астам адам ілінсе, соның 1330-ы атылған екен. Атылғандардың ең жасы - Жалпақталда «Қазақ халқын қорғаушылар одағын» құрған Орал педагогикалық институтының студенті Ғұбайдолла Әнесов бар болғаны 19 жаста еді. Ал ең жасы үлкендері Мария Мазанова мен Бақтыгерей Бегатаров сексенде екен. Облыстағы саяси жаппай жазалаудан Ақжайық, Зеленов, Сырым, Жаңақала аудандары мен Орал қаласының тұрғындары көбірек зардап шекті. Жазаланғандардың 30-32 пайызы - түрлі мекемелердің қызметкер-мамандары, 40-43 пайызы - шаруалар, 20-25 пайызы - жұмысшылар.