7 айда мемлекеттік бюджетке 10,4 трлн теңге түсті

«Осы жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты. Мемлекеттік бюджетке 10,4 трлн теңгеден аса кіріс түсті немесе жоспар 98,2 пайыз орындалды. Республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге түсті. Жоспар 90,3 пайыз орындалды. Атқарылмаған бөлігі – 732 млрд теңге. Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, қосылған құн салығы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты», - деді министр.
Оның атап өтуінше, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 285 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 24 пайызға немесе 135 млрд теңгеге азаюымен байланысты болған. Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13 пайыз төмендеуімен байланысты болды.
«Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері: тау-кен өндіру өнеркәсібінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың 15 пайыз немесе 2,5 трлн теңге төмендеуі; Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 4,2 пайыз азаюы. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 15 пайыз төмендеуі әсер етті», - деді ол.