7 баланың анасы сот арқылы бұрынғы күйеуінен үйін қайтарып алды - ОҚО
«Сотқа талапкер Г.Т., талап арыз беріп, талабында жауапкер С.К-ның атына тіркелген тұрғын үйді ортақ мүлік деп танып, өзінің үлесін 90 пайыз, ал жауапкердің үлесін 10 пайыз деп анықтап, өзінің асырауында жеті баласы бар екенін ескеріп, аталған тұрғын үйді өзіне қалдыруды және жауапкерден өзінің пайдасына сот шығындарын өндіруді сұраған», - деп жазылған хабарламада.
Сот отырысында жауапкер С.К. (бұрынғы күйеуі) талап арызды ішінара мойындап, даулы тұрғын үй ортақ мүлік екенін мойындайтынын көрсетіп, аталған тұрғын үйден өзіне 50 пайыз үлесін өндіруді сұраған.
Сот іс-құжаттарды зерттеп, тараптардың материалдық және отбасылық жағдайларын, яғни жауапкердің материалдық жағдайының жақсы екендігін, қазіргі таңда басқа үй сатып алып, сонда тұрып жатқандығын, сондай-ақ, талапкердің тәрбиесінде кәмелет жасына толмаған жеті баласының бар екендігін, олардың тұрғын үйге мұқтаждығын және баспанадан айырылып қалу қаупін ескеріп, 09.07.2015 жылғы сот шешімімен жауапкер С.К.-ның атына тіркелген тұрғын үйді талапкер Г.Т.-ның иелігінде толық қалдырып, талапкер Г.Т.-дан жауапкер С.К.-ның пайдасына тұрғын үйдің бағасынан жауапкердің үлесі ретінде 25 пайыз мөлшерінде 4 140 500 теңге өндірді.
Сонымен қатар, жауапкерден талапкердің пайдасына сот шығындары ретінде жалпы 139 215 теңге өндірді.