7 қаңтар. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 7 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
73 жыл бұрын (1951) Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, ғарышкер Талғат Амангелдіұлы МҰСАБАЕВ дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Рига азаматтық авиация инженерлері институтын және Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін бітірген. 1987 жылдан АН-2 ұшағының 2-ші ұшқышы, командирі, 1989 жылы Ульяновск қаласындағы ұшқыштар, диспетчерлер және инженер-техник кадрлар дайындау орталығын бітіріп, Алматы біріккен авиаотрядының 1-ші ұшу отрядында ТУ-134 ұшағының 2-ші ұшқышы болды. 1990 жылы Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кіріскен. 1991 жылы оған «Ғарышкер-сынақшы» санаты берілген.
1994 жылғы маусымның 1-інен қарашаның 4-іне дейін «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің борт-инженері ретінде ғарышта болып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Ұшу кезінде қазақстандық ғылыми-зерттеулердің 2-ші бағдарламасын орындады. 25-ші негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 жылы қаңтардың 29-ы мен тамыздың 25-і аралығында «Союз-ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің командирі ретінде ғарышта болды. Ұшу кезінде 5 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл сапар барысында ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 3-ші бағдарламасы орындалды. 2001 жылғы сәуірдің 28-і мен маусымның 6-ы аралығында «Союз-ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық стансасына барған бірінші экспедицияның экипаж командирі міндетін атқарды. Бұл ұшу кезінде ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 4-ші бағдарламасы орындалды. 2003-2005 жылдары - Ю.А.Гагарин атындағы Ғарышкерлер дайындау орталығының топ командирі. 2005-2007 жылдары - «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамының бас директоры. 2007 жылдың 11 ақпаннан 11 сәуірге дейін Қазақстанның әуе-ғарыш агенттігінің директоры қызметтерін атқарған. 2007 жылдың сәуірінен - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болды.
1-ші дәрежелі Барыс, Отан, Халықтар достығы, Аустрияның «Күміс Қыран», Ресейдің «1 дәрежелі Ұлы Петр» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталған.
72 жыл бұрын (1952) ҚР Парламенті Сенаты «Өңір» депутаттық тобының мүшесі Марат Мырзағалиұлы ТАҒЫМОВ дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Мартөк ауданында туған. Қазақ химиялық-технологиялық институтын бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе автожөндеу зауытында слесарь болып бастаған. 1975-2000 жылдары Ақтөбе қаласы және Ақтөбе облысында мекемелерінде және мемлекеттік органдарында әр түрлі лауазымдарда болған. 2000 жылы ақпаннан 2011 жылы ақпан аралығында - Алға ауданының әкімі, облыстың ішкі саясат департаментінің директоры, облыстық жолаушы транспорты және автомобиль жолдарының басқарма бастығының орынбасары. 2011 жылы мамырдан 2012 жылы қаңтар аралығында - Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі (2014-2017), ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі (2017-2019), ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі (2019-2020). Қазіргі қызметінде – 2020 жылдан бері еңбек етеді. «Парасат» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
59 жыл бұрын (1965) Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Салауатұлы ҚОЖАНИЯЗОВ дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Кузбасс политехникалық институтын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қызылорда филиалын бітірген.
1989-1992 жылдары Қызылорда жөндеу-мехникалық зауытының инженер-технологы, шебері. 1992-1994 жылдары «Серік» ШК директоры. 1994-1999 жылдары «Арко-Инвест» ИЗҚ басқарушысы. 1999 жылы - Қызылорда бизнес-орталығының директоры. 1999-2000 жылдары - Қызылорда облысының әкімі жанындағы инвестициялар тарту және қор нарығын дамыту орталығының директоры. 2000-2001 жылдары «Сенім» ЖАҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық менеджері. 2001-2004 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының индустриялық даму бөлімінің меңгерушісі. 2005-2007 жылдары Қызылорда облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры. 2007-2008 жылдары Қызылорда қаласының әкімі. 2008-2009 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмыстары және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы. 2009-2012 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмыстары және аумақтық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2012-2014 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі. 2014-2019 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, «Байқоңыр» кешеніндегі ҚР Президентінің арнайы өкілі. 2019-2021 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2021-2022 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі.
2022 жылдан бері қазіргі қызметінде.
59 жыл бұрын (1965) ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Амангелдіұлы ЖАҚАН дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген (1987), экономист. 1987 жылдан - ҚазКСР Көкшетау облыстық мұнайөніммемком басқармасының Қызыл ту аудандық мұнай базасы (Көкшетау облысы Қызылту қтк.) бас бухгалтерінің тәжірибеден өтушісі. 1988 жылдан Қазтұткеңес Республикалық есептеу орталығының есептеуіш техникасын еңгізу Бөлімінің экономист-инженері (Алматы қаласы). 1991 жылдан «Қазкоопиақпарат көмек» кіші еңгізушілік кәсіпорынының директоры (Алматы қ.). 1992 жылдан ҚР қаржы Министрлігі жанындағы қаржы-валюталық бақылау Комитетінің басқарма бас бақылаушы-ревизоры (Алматы қ.). 1996 жылдан - ҚР СІМ Валюта-қаржылық департаменті бас маманы, валюталық операциялар бөлімінің бастығы, 2001 жылдан - директорының орынбасары. 2007 жылдың шілде айынан - ҚР сыртқы істер министрінің кеңесшісі. 2007 жылдың қазан айынан - ҚР Парламент Сенатының Аппараты жетекшісінің орынбасары. 2010-2012 жылдары - ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің макроэкономикалық талдау және бағдарламалық мониторинг белімінің меңгерушісі. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары (03.2012-10.2012). Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы (2012-2014); ТМД Атқарушы комитеті қаржы департаментінің директоры (2014-2016). Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі (2016-2021). ҚР Президенті іс басқармасының материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы (2021-2022). ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары (01.2022-09.2022).
2022 жылдан бері қазіргі қызметінде.
44 жыл бұрын (1980) Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Абзал Қуандықұлы ЕГЕМБЕРДИЕВ дүниеге келді.
Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2000), Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ экономика және қаржы Институтын (2006), Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын бітірген (2014), экономика ғылымдарының магистрі.
Еңбек жолын 2001-2003 жылдары Атырау облысының прокуратура органдарында прокурор болып бастаған. Астана қаласы әкімі аппаратының бас маманы (2003-2004), Степногорск қаласы әкімі аппаратының басшысы (2004-2005), Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің бөлім басшысы, аппарат басшысы, Медеу ауданы әкімінің орынбасары (2005-2008), Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының басшысы, әкімнің орынбасары (2008-2012). Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары (2012-2013), Астана қаласы әкімдігінің «Тұрмыс» ЖШС кәсіпорнының директоры (2013-2015), «Бірлік АСТ» ЖШС Бас директоры (2015), Астана қаласы бойынша экология департаментінің басшысы (2015-2017), жеке құрылымдарда басшылық қызметтерді атқарды (2017-2022).
2022 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
119 жыл бұрын (1905-1973) қазақтың атақты әншісі, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Құрманбек ЖАНДАРБЕКОВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған. Ташкент педагогикалық училищесін, Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының актерлік бөлімін және Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы қызметтерін атқарған. Бекежан (Е.Брусиловский «Қыз Жібек»), Тарғын («Ер Тарғын»), Жалбыр («Жалбыр») партияларын орындап, әншілік шеберлігін танытты. Режиссер ретінде Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Гвардия, алға», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын қойды. Киноға түсіп, Жақас («Амангелді»), Қадырбай («Жамбыл»), Садық («Біз Жетісуданбыз») бейнелерін сомдады. Жиырмасыншы жылдарда Ташкент қаласында өткен бір концертте қазақтың жетпістен астам әнін шырқаған. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Алматы қаласында бір көшеге аты беріліп, өмірінің соңғы жылдарында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.
Қ.Жандарбеков қазақтың ұлттық кәсіби театрының негізін қалаушылардың бірі. Сондай-ақ тұңғыш ұлттық музыка театрының қалыптасуына ықпал етіп, бірнеше ұлттық балеттердің консультанты және қоюшы-режиссері болды.
85 жыл бұрын (1939-2000) химия ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі Шайсұлтан ШАЯХМЕТОВ дүниеге келген.
Қостанай облысында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясы элементтік-органикалық қосылыстар институтының аспирантурасын бітірген. 1987-1993 жылдары - Қазақ КСР Жоғары және орта арнайы білім министрі, Қазақстан Республикасы Халыққа білім беру министрі. 1997-1998 жылдары - Қостанай облысы әкімінің орынбасары, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту орталығының директоры. 1998-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі жанындағы республикалық орталықтың директоры, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қорының президенті қызметтерін атқарған.
Ш. Шаяхметовтың есімі республикалық «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына берілді.
75 жыл бұрын (1949-2014) ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ибрагим ИСАЕВ дүниеге келген.
Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық шығармашылық үйінде нұсқаушы, Қазақстан Жазушылар одағында көркем әдебиетті насихаттау бөлімінде тілші-әдіскер, «Ара - Шмель», «Жалын» журналдарында редактор қызметтерін атқарған.
Ақын өлеңдері мажар, болгар тілдерімен қоса, туысқан біраз тілдерге де тәржімаланған. Жас жазушылардың Бүкілодақтық VI кеңесіне қатысқан. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
«Алтын сырға» (1974), Таң алдындағы әні» (1976), «Тербеледі қайыңдар» (1978) атты жинақтар шығарған. Көптеген ән мәтінінің авторы. Өлеңдері бірқатар шетел тілдеріне аударылған.