7 қаңтар. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 7 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Православ христиандарының Рождество мерекесі
Рождество мерекесі — христиан дінін ұстанушылардың негізгі мерекесінің бірі. Бұл мереке Иисус Христостың Вифлеемде дүниеге келуі құрметіне орай атап өтіледі. Рождествоны католиктер 25 желтоқсанда, ал православтар 7 қаңтарда тойлайды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қоймасына асыл металдардың бiрiншi партиясы — «төрт тоғыздық» және 2 күмiстік сапасымен 5 алтын кесек қабылданды. Қазақстандық рудадан құйылған салмағы 11 кг ең жоғары сынамалы (99,99) бес алтын кесегі мен 30 кг екі күміс кесегі Ресейдегі бөлістен кейін Қазақстанға қайтарылды. Мемлекеттік құндылықтар қоймасының тарихы 1991 жылғы 31 тамызда Президент Н.Назарбаевтың «Қазақ ССР алтын валюталы және алмас қорын жасау туралы» Жарлығынан бастау алады.
1992 жылы Француз Республикасы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындады.
2006 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Мемлекеттік Әнұраны бекітілді. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік Гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.
2010 жылы Францияның алдыңғы қатарлы «L’Essentiel des relations internationales» («Халықаралық қатынастардағы ең басты») сыртқы саяси және сараптамалық журналы «Қазақстан — Еуропаның болашағы ма?» деген атаумен Қазақстан туралы 100 беттік қызықты репортаж жариялады.
2012 жылы Павлодардың жас суретшілері 6 жасар Эвелина Болмасова мен 8 жасар Настя Прокопцова «Бала мен ит» атты халықаралық байқаудың арнайы марапаттарының иегерлері болды. «Бала мен ит» атты балалар байқауы Польшада өтті, оған 42 мемлекеттен 80 мың жұмыс келіп түсті.
2015 жылы Қазақстан мен Испанияның бірлесіп түсірген «Забытые в Караганде» (Los olvidados de Karagandá) фильмі 2014 жылдың үздік деректі фильмі номинациясында жеңімпаз атанып, California Film Awards (Diamond Awards, Documentary Film Competition) гауһар жүлдесін алды. 2014 жылы Сыртқы істер министрлігінің қаржылық қолдауымен «Nexos» қауымдастығының өкілдері Карлагта қамалған испандықтар туралы 50 минуттық деректі фильм түсірді.
Деректі фильмде Испания азаматтарының Қарлагтағы бастан кешкендері мен сол оқиғалар куәгерлерінің мәліметтері жария етіледі. Бұл адамдар, негізінен, Испания республикалық партиясы мен «Көгілдір дивизияның» өкілдері, елдегі Азаматтық соғыс пен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде олардың әрекеті түрліше бағаланып, мұның ақыры Қазақстандағы саяси лагерьлердің біріне түсуге әкеліп соқты.
Деректі туындыда Қарлагта болғандардың ұрпақтары мен тарихшыларға тұтқындардың жаза өтеген орындары және жерленген жерлері көрсетіліп, азап абақтысынан тірі қалғандар мен жергілікті тұрғындардың сұхбаттары беріледі.