7 қыркүйек. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 7 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда мұнай және газ кешені қызметкерлерінің күні

Тәуелсіз Қазақстандағы бұл мереке Президенттің Жарлығымен 2003 жылы кәсіби мереке ретінде ресми түрде бекітілді.

Мұнай-газ саласы – Қазақстан экономикасының жетекші секторы. Ол елдің жалпы салық түсімдерінің едәуір бөлігін, сондай-ақ экспорттық кірістерді әкеледі және тікелей шетелдік инвестициялардың көп бөлігі үшін қызығушылық секторы. Қазақстанда негізгі мұнай өндіру үш ірі кен орындарында жүргізіледі: Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған. Қазақстанда 250-ден астам мұнай және газ кен орындары ашылды, мұнай өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту жүргізіліп жатыр, мұнай-газ секторы қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің және осы саладағы нақты қойылған мемлекеттік саясаттың арқасында өңірлерді газдандыру жандандырылды.

Халықаралық ашық аспан және таза ауа күні

БҰҰ-ның халықаралық және дүниежүзілік күндері жүйесінде 7 қыркүйекте атап өтіледі. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2019 жылы құрған.

Көгілдір ашық аспан үшін халықаралық таза ауа күні қоғамның назарын ауаның ластануы мәселесіне аудару мақсатында құрылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы Қазақстанда тұңғыш рет көп басылымда газет пен журнал шығаратын арнайы мамандандырылған «Дәуір» баспасы құрылды.

2001 жылы Ақтау қаласында жаңа паром терминалы, қаланың «Ынтымақ» алаңындағы «Достық» монументі ашылды.

2004 жылы Астанада еврейлердің Орталық Азиядағы ең үлкен «Бейт Рахель – Хабад Любавич» синагогасы ашылды.

2009 жылы Астанада Эстония Республикасының Орталық Азиядағы бірінші консулдығы ашылды. Салтанатты шараға Эстония Республикасының Премьер-министрі Андрус Ансип, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, бизнесмендер қатысты.

2010 жылы Еуропа комиссиясының әлемге танымал «Берламон» ғимаратында қазақстандық заманауи өнер көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, онда «Has Sanat» галереясының заманауи суретшілерінің туындылары қойылды.

2012 жылы Мажарстан астанасы Будапешт қаласындағы «VAM Design Center» орталығында танымал қазақстандық суретші-реставратор Қырым Алтынбековтің жинағындағы ежелгі сақтардың жаңартылған дүниелерін көрсететін «Алтын адам – дала пирамидаларындағы патшалық қорымдар дүниесі» көрмесі ашылды.

2013 жылы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарымен келді. Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің құрылтай отырысы барысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры пайдалануға берілді.

2016 жылы Қазақстандық зерттеуші, Торғай геоглифтерін ашқан ғалым Дмитрий Дей әлемде баламасы жоқ құпия нысандарға экспедиция ұйымдастыруға қажетті қаражат жинау мақсатында халықтық жобаның басталғанын жария етті. Түркияда өткен Археологтардың еуропалық қауымдастығының форумында торғайлық нысандар 2014 жылдың басты сенсациясы деп танылды. Ал 2015 жылдың қорытындысы бойынша америкалық блогерлердің таңдауымен Торғай геоглифтері жылдың топ-10 жаңалықтарының қатарына енді.

2019 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық конференциясын ұйымдастырды. Оған Қазақстан, Франция, Ресей, Түркия, Үндістан, Жапония және Әзербайжан археологтары мен түркітанушы ғалымдары, Қазақстанның ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара басталар алдында Шығыс Қазақстан облысының аумағында жасалған археологиялық олжалардың бірегей экспозициясы ашылды. Көрмедегі негізгі экспонаттар б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген ақсүйек сақ әйелінің бейнесін бейнелейтін «Үржар діни қызметкері» болды.

Экспозицияда 2003 жылы профессор Әбдеш Төлеубаев тапқан Шілікті алтын адамы және Тарбағатай аймағындағы Елеке Сазы үстіртіндегі археологиялық аймақ аумағынан 2018 жылы профессор Зейнолла Самашев тапқан Алтын адам бар.

2023 жылы Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Албания Президенті Байрам Бегайды ресми қарсы алу рәсімі өтті. Бұл Албания Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Екі мемлекет басшылары құрметті қарауыл ротасының бастығынан құттықтау рапортын қабылдап, Қазақстан мен Албанияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Байрам Бегай шектеулі құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Албания Президентіне шақыруды қабыл алып, Қазақстан астанасына келгені үшін алғыс айтты. Қазақстан тығыз қарым-қатынас орнатуға өте мүдделі және өзара тиімді ынтымақтастық пен өзара мүдделі көптеген салаларда байланыстарды дамытуға мүмкіндіктер бар. Албания Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Астанаға шақырғаны және көрсетілген қонақжайлылық үшін алғысын білдірді, сондай-ақ оны Албанияға сапармен келуге шақырды.

2024 жылы Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкерлері ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында саңырауқұлақтың сирек түрлерін анықтады. Табылған саңырауқұлақтардың ішінде Peziza varia, Gyromitra infula, Hygrocybe conica, Ramaria eumorpha, Craterellus cornucopioides, Lepiota magnispora және Phaeolus Schweinitzii сияқты ерекше түрлер бар. Саңырауқұлақтың Clavariadelphus sp. Деп аталатын түрі ғалымдар үшін олжа болды. Бұл сирек кездесетін өсімдіктің жіңішке таяқша тәрізді жоғарғы бөлігі бар, түсі әдетте сары немесе сарғыш, кейде тіпті қызыл. Оның басты айырмашылығы – 3-5 жылда бір рет қана өседі. Қазіргі уақытта Clavariadelphus sp. бірқатар елдердің Қызыл кітаптарына енгізілген.

2024 жылы дзюдошы Зарина Раифова Қазақстан қоржынына 2024 жылғы Паралимпиада ойындарында тағы бір қола жүлде салды. Үшінші орын үшін белдесуде қазақстандық пара спортшы итальяндық Коста Каролинадан алтын есеппен басым түсті.

2024 жылы қазақстандық Жұрқамырза Шүкірбеков 2024 жылғы Паралимпиада ойындарын қола медальмен аяқтады. Пара дзюдодан сынға түскен спортшы 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде (J2) қола жүлдені иеленді. Үшінші орын үшін күресте оған француз Насер Зоргани қарсыласты. Шүкірбеков «иппон» есебімен жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар