7 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 7 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

7 маусым, СЕНБІ Испания Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Республика күні. Қазақстан Республикасы мен Испания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 11-інде орнатылды. Норвегия корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні. 1905 жылғы маусымның 7-інде Норвегияның жоғарғы өкілетті органы - Стортингтің шешімімен швед-норвегия униясы бұзылды. Өткізілген референдум нәтижесінде Норвегия конституциялық монархия болып жарияланды. Қазақстан Республикасы мен Норвегия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 6-ында орнатылды. Ирландияда маусым мерекесі. Маусымның бірінші дүйсенбісінде атап өтіледі. Бұл маусым күні көптеген ирландықтар табиғатқа демалуға шығады. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 202 жыл бұрын (1812) Орал қаласының іргесіндегі Хан тоғайында Орынбор губернаторы князь Волконскийдің қатысуымен Бөкей сұлтан ресми түрде Ішкі орданың ханы болып жарияланды. Осылайша Алшын елі екі дербес әкімшілік-аумаққа бөлініп, Ішкі орда және Кіші жүз хандығы қалыптасты. 97 жыл бұрын (1917) тобықты мен найман рулары арасындағы жесір дауы арқау болған М.Әуезовтің пьесасы «Еңлік-Кебек» алғаш рет Абай ауылында қойылды. Қойылымның қоюшы-режиссері де, суфлері де Мұхтар Әуезов болған. 23 жыл бұрын (1991) Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік монополия қызметін шектеу және жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау комитеті құрылды. 20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Еуразия мемлекеттер одағын құру туралы» жобасы баспасөзде жарияланды. 17 жыл бұрын (1997) Павлодарда «Таза алюминий» деп аталатын ірі өндіріс орнының алғашқы қазығын қағу рәсімі өтті. 11 жыл бұрын (2003 маусымның 7-10-ы) Астанада Пенза облысының мәдени күндері өтіп, аталған облыстың Елордадағы өкілдігі ашылды. 9 жыл бұрын (2005) Семейде Абай ұрпақтарының бірі Ілияс Ысқақовтың «Ақын жүрегі» жинағы жарыққа шықты. Кітапты құрастырып баспаға әзірлеген - семейлік журналист Балтабек Ерсәлімов. Ілияс Ысқақов - Абайдың немере туыстарының бірі. Сталиндік зұлмат жылдарында оның әкесі екі рет халық жауы атанып, қуған-сүргінге ұшырады. Ал Ілиястың өзі бұл күнді көре алмай көз жұмды. Бірақ туыстарына кітабын шығаруды аманаттап кеткен екен. Енді осы игілікті шараны ұлы Абайдың тағы бір ұрпағы жүзеге асырды. 95 жыл бұрын (1919) Нью-Йоркте алғаш рет жүргізуші куәлігін алу үшін жазбаша тест тапсырылды. ЕСІМДЕР 115 жыл бұрын (1899-1952) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер НАСОНОВ Михаил Григорьевич дүниеге келді. Мәскеу қаласында туған. Мәскеудегі Пролеткульт театр студиясын бітірген. 1932-1941 жылдары Қазақ академиялық драма театрының көркемдік жағын басқарумен қатар режиссері болған. М.Насонов М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Тас түлектер», «Шекарада», Б.Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі», Ж.Шаниннің «Арқалық батыр», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», М.Әуезов пен Ә.Тәжібаевтің «Ақ қайың», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» және Ә.Әбішевтің «Отан үшін» пьесаларын сахнаға шығарды. Қазақ академиялық драма театрының дамуына елеулі үлес қосты. 1941-1944 жылдары Шымкент облыстық драма театрында режиссер болып, М.Әуезовтің «Сын сағатта», С.Мұқановтың «Жеңіс жыры» және А.Островскийдің «Мысыққа күнде той бола бермес» спектакельдерін қойған.

64 жыл бұрын (1950) Павлодар облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің мүшесі КҮЗЕКОВ Асхат Сәйпиұлы дүниеге келді. Ташкент электротехникалық байланыс институтын бітірген. Электробайланыс инженері, э.ғ.к. Павлодар облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры болып қызмет атқарған. «Құрмет» орденімен, екі медальмен марапатталған.

67 жыл бұрын (1947) жазушы, ақын ИРАН-ҒАЙЫП (Оразбаев Иранбек Әбітайұлы) дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. 1970 жылы Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетін, 1980 жылы М. Горький атындағы Әдебиет институтының (Мәскеу қаласы) Жоғары курстарын бітірген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының түңғыш өткен жазба акындар жыр-мүшәйрасының Бас жүлдегері, ¥лы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған Республикалық ақындар жыр-мұшәйрасының Бас жүлдегері, «Түркістан-1500 жыл» атты халықаралық жыр-бәйгесінің Бас жүлдегері, Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, Поэзия фестивальдарының бірнеше дүркін лауреаты, Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулык сактау министрлігінің аса озық драмматургиялық туындыларға жариялаған конкурстарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ақын-драматург 2003 жыл көлеміндегі айрықша еңбектері үшін, оның ішінде « Махамбет» трагедиясы үшін «Әдебиет» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Меценаттар Клубының «Тарлан» сыйлығына ие болды. Иран-Ғайыптың «Жүрек жырлайды» (1974 ж.), «Жеті қазына» (1977 ж.), «Түннің көзі» (1979 ж.), «Сұлулықпен сырласу» (1980 ж.), «Өмір-Өлең» (1982 ж), «Сұлулық сарасы» (1985 ж.), «Дүниежарық» (1987 ж.), «Батқан Кеменің Бейбақтары» (1990 ж.), «Мұнар, Мұнар, Мұнарым...» (1992 ж.), «Иран бағы» (1995 ж.), «Сөз патшалығы» (1996 ж.), «Жыр әлемі» (1996 ж.), «Қорқыттің Көрі» (2001 ж.) атты көлемді кітаптары жарық көрді. Иран-Ғайып - Республика жыр сүйер қауымының, эсіресе, студент жастар-дың қазіргі таңдағы ең сүйікті ақыны әрі драматургі. 2002 жылы «Қорқыттың көрі» жыр кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 58 жыл бұрын (1956) әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі НҰРМАҒАМБЕТОВА Айжан Қабдуалиқызы дүниеге келді. Қостанай облысының Сарыкөл ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика бөлімін, Республикалық эстрада-цирк колледжін бітірген. Репертуарында халық, қазақ, орыс және түрік, араб, т.б. елдердің ұлттық әндері, сондай-ақ қазіргі қазақ композиторларының, атап айтқанда Б.Жұмалиннің «Бақыт деген...», М.Садыбековтің «Шилі өзен», т.б. әндері бар. Айжан Нұрмағамбетова гастрольдік сапармен Германия, Моңғолия, Бұлғария, Түркия, тағы да басқа шет елдерде және Қазақстанның бірқатар аймақтарында болып, өнер көрсеткен. Қазір «Қазақконцерт» бірлестігінде еңбек етеді. 55 жыл бұрын (1959) «Панорама» республикалық газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі ЦОЙ Лера Владимировна дүниеге келді. Өзбекстан Республикасында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Коре Ильбо», «Жезказганская правда», «Агитатор Казахстана», «Избиратель» газеттерінің тілшісі болып істеген. 1992-1993 жылдары - «Панорама» газетінің тілшісі, бас редактордың орынбасары. Қазіргі қызметінде 1993 жылдан бастап істейді. 54 жыл бұрын (1960) ҚР Әділет министрі ИМАШЕВ Берік Мәжитұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1982-1994 жылдары - Фрунзе аудандық прокуратурасының тергеушісі, транспорттағы заңның орындалысын қадағалау бөлімінің прокуроры, Қазақ КСР прокуроры жанындағы аса маңызды істері бойынша тергеуші, Мәскеу ауданының прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аналитикалық-ұйымдастыру басқармасының бастығы, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары. 1994-1999 жылдары - «Казкоммерцбанк» акционерлік банкі басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары - қайта ұйымдастыру агенттігінің директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік салық комитеті төрағасының орынбасары - Салық полициясы бас басқармасының бастығы, «Имашев және серіктестер» заңгерлік фирмасының директоры, Қазақстан Республикасы Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің Шағын бизнесті дамыту жөніндегі көмекшісі. 1999-2008 жылдары - Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының адвокаты, «Имаш» адвокаттар кеңсесінің директоры, Астана қаласының адвокаттар коллегиясы президиумы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесі, Астана қаласы адвокаттар коллегиясының мүшесі, «Нефтеконсалтинг» ЖАҚ-ның президенті, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлерді қолдау қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы. 2008 жылдан - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2012 жлғы қаңтардан бері. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. Ю.Семеновтың «Детектив және саясат» Халықаралық қоры сыйлығының иегері. 40 жыл бұрын (1974) ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары ШАЙМАҒАМБЕТОВ Еркін Мұстафаұлы дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. Мәскеу мемлекеттік авиация институтын бітірген, инженер. 1995 жылдан - Мәскеу авиация институтының «Восход» филиалының «Ұшу апаараттарының конструкциясы және сынау» кафедрасы зертханасының аға зертханашысы, инженері. 1998 жылдан - ҚР Ғылым академиясының - Ғылым министрлігінің Ұлттық аэроғарыш агенттігінің «Байқоңыр» ғарыш айлағында бас маман, нысандарды басқару жағдайларына бақылау бөлімінің бастығы. 2005 жылдан - «Байқоңыр» ғарыш айлағының басқарма бастығы. 2006 жылдан - ҚР Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2007 маусымнан бері. «Ерен еңбегі үшін», «Байқоңырға 50 жыл» медальдарымен марапатталған, "ТЖМ жүйесінің еңбек сіңірген қызметкері" төсбелгісіне ие болған. 146 жыл бұрын (1868-1928) шотландық сәулетші және дизайнер, британдық модерннің негізін қалаушылардың бірі МАКИНТОШ Чарльз Ренни дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар