7 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқырман назарына 7 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.
None

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда монополияға қарсы орган қызметкерлері күні

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы қаулысымен Қазақстан Республикасындағы мерекелік даталар тізіміне толықтыру енгізіліп, 7 маусым – Монополияға қарсы орган қызметкерлері күні қосылды.

Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігін қорғау күні

2018 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 7 маусым Дүниежүзілік Азық-түлік қауіпсіздігін қорғау күні деп жарияланды. БҰҰ бұл күнді бекітуінің міндеті – мемлекеттердің тұрғындардың дұрыс тамақтану проблемаларына, сондай-ақ өндіріліп отырған азық-түлік сапасына назарын аударту.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1924 жылы Ақтөбе облысында қазақ тілді «Ақтөбе» газетінің алғашқы саны шықты. Басылым бірнеше рет атауын өзгерткен. Бастапқыда ол «Кедей», кейін «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Коммунизм жолы», ал Қазақстан тәуелсіздігін алуымен «Ақтөбе» деп атала бастады.

1991 жылы Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен елдің бірінші монополияға қарсы ведомствосы - Қазақ КСР Мемлекеттік комитеті құрылды.

2005 жылы Семейде Абай ұрпақтарының бірі Ілияс Ысқақовтың «Ақын жүрегі» жинағы жарыққа шықты. Кітапты құрастырып баспаға әзірлеген - семейлік журналист Балтабек Ерсәлімов. Ілияс Ысқақов - Абайдың немере туыстарының бірі. Сталиндік зұлмат жылдарында оның әкесі екі рет халық жауы атанып, қуғын-сүргінге ұшырады. Ал Ілиястың өзі бұл күнді көре алмай көз жұмды. Бірақ туыстарына кітабын шығаруды аманаттап кеткен екен. Енді осы игілікті шараны ұлы, Абайдың тағы бір ұрпағы жүзеге асырды.

2010 жылы Қазақстан Республикасында ISO 13616: IBAN халықаралық талаптарға негізделген ISO 13616: IBAN (International Bank Account Number - банк шотының халықаралық нөмірі) және ISO 9362: BIC (Bank Identifier Codes - банктік идентификациялық коды) клиенттердің жаңа банк шотының халықаралық нөмірі мен банктік идентификациялық коды қолданыла бастады.

2012 жылы Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында ҚР мен РФ арасында Қазақстан мен Ресей шекаралас аудандары азаматтарының әр елде 30 тәулік бойы визасыз болуы туралы Келісімге қол қойылды.

2013 жылы Қазақстанда «Қазақстанның Қызыл кітабы» сериясынан екі «Ұзын инелі шырша» ескерткіш монетасы шығарылды. Монеталардың бірі «proof» сапалы күмістен соғылды, номиналы 500 теңге. Екіншісі нейзильбер қоспасынан соғылды, номиналы 50 теңге.

2014 жылы Қазақстанда әлемде теңдесі жоқ «Бүкіләлемдік бокс академиясы» алғашқы оқу-жаттығу спорт кешені салынды. Бүкіләлемдік бокс академиясы - халықаралық стандарттар бойынша салынған бірегей ғимарат. Мұнда жаттығуларға және жарыстар өткізуге арналған залдар, спорт бассейні, кәсіби футбол алаңы, теннис корты, баскетбол және волейбол алаңдары, жаттығу залы, сондай-ақ 160 адамға арналған қонақ үй, конференц-залдар, дәмхана және асхана бар.

2017 жылы ТМД елдерінің туристері арасында аса танымал тарихи қалалардың ТОП-10 тізімінде Түркістан қаласы (Қазақстан) көш бастады. Бұдан бөлек тізімге Самарқанд (Өзбекстан), Бұхара (Өзбекстан), Тараз (Қазақстан), Гянджа (Әзербайжан), Витебск (Беларусь), Хиуа (Өзбекстан), Гюмри (Армения), Худжант (Тәжікстан) және Мары (Түрікменстан) қалалары кірді. Рейтинг өңірлік туристік кеңселердің мәліметі және турлардың ұсыныстарының талдауларының нәтижесінде жасалды. «ТурСтаттың» мәліметінше, Түркістан қаласына жыл сайын 1 миллионнан астам адам қыдыруға және қажылыққа барады.

2017 жылы боксшы Геннадий Головкин Қарағандыда Головкин атындағы спорт кешенін ашты, оның барлық секцияларына тегін баруға болады.

Жаңа үш қабатты ғимаратта 25 метрлік бассейн, мамандандырылған ауыр атлетика залы, стендтері бар әмбебап спорттық ойын залы, мамандандырылған бокс залы, екі футбол алаңы бар. Спорт кешенінің ауданы - 2384,3 ш. м.

2018 жылы Қазақстан алғаш рет ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар комитетіне сайланды. ЮНЕСКО-ның беделді органына сайлау 2018 жылғы 4-6 маусым күндері Парижде Бас ассамблеяның Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау туралы конвенциясын қолдайтын мемлекеттердің 7-сессиясы аясында өткізілді. Сессияға қатысқан 156 елдің 98-і Қазақстанға дауыс берді. Еліміздің кандидатурасын қолдаған көптеген делегаттар Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы сарапшыларының кәсіби білігін жоғары бағалады. Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі конвенция 2003 жылы қабылданып, бүгінге дейін оны 178 мемлекет ратификациялаған. Бүгінгі таңда Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұралар жөніндегі Ұлттық комитет сарапшыларының күш салуымен Қазақстанның сегіз мәдени мұрасы, атап айтқанда: күй, қазақ күресі, асық, айтыс, киіз үй тігу, құс салу, Наурызды тойлау дәстүрлері, жұқа нан пісіру өнері (қатырма/лаваш/жұпқа) енгізіліп отыр.

2019 жылы 8 жасар қазақстандық Сауат Нұрғалиев Франциядағы рапид пен блиц ашық чемпионатында тез шахматында «алтын» жүлде жеңіп алды. Сауат 539 шахматшының арасында Қазақстанның атынан жалғыз өзі қатысты.

2019 жылы Муз-ТВ 2019 премиясында арнайы қонақ болған Димаш Құдайберген қызыл кілемді ашты. Сондай-ақ, қызыл кілеммен жас қазақстандық әнші Ержан Максим жүріп өтті.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Президентке тікелей есеп беретін Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі жаңа агенттік құрылды.

2021 жылы Португалия ұлтының «бесігі» деп саналатын Гимараеш қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды.

2021 жылы Жансая Әбдімәлік Шахмат федерациясының ең жоғары наградаларының бірі - «Дара» орденімен марапатталды.

Гибралтардағы әйелдер арасындағы шахматтан Гран-при кезеңінде Жансая Әбдімәлік тарихи жетістікке жетті. Шахматшы бірде-бір партиядан ұтылмастан беделді жарысты мерзімінен бұрын жеңіп қана қоймай, халықаралық гроссмейстер атағына ие болған алғашқы қазақстандық, сондай-ақ Орталық Азия өкілі болды.


Соңғы жаңалықтар