7 өңірде егістікті киіктерден қорғайтын кезекші топтар құрылды
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің 7 өңірінде егістікті киіктерден қорғау үшін 557 адам мен 182 техника жұмылдырылды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінен мәлім етті.

- 2025 жылғы есептік деректер бойынша Қазақстан аумағында киіктердің жалпы саны 3 млн 978 мың басқа жетіп, тарихи ең жоғарғы көрсеткіштен (1974 жылы 1,2 млн бас) айтарлықтай асып түсті. Киіктер санының артуына байланысты фермерлердің егістік алқаптары тапталынады. Бұл да олардың өнімнің бір бөлігін жоғалтуына әкеледі. Егістік жерлерді киіктердің таптауынан қорғау және фермерлерге қолдау көрсету мақсатында 7 өңірде облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар құрылды. Ауыл шаруашылығы жерлеріне инспекторлық құрам тарапынан патрульдік бақылау ұйымдастырылды. Сондай-ақ вахталық әдіспен кезекшілік енгізілді, - деді ведомстводан агенттіктің сауалына орай.
Министрлік мәліметінше, кезекшілікке барлығы 557 адам мен 182 техника жұмылдырылған. Оның ішінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінен 431 адам мен 127 техника, жергілікті атқарушы органдардан 126 адам мен 55 техника бар.
- Кезекші топтар ауыл шаруашылығы жерлерінде тәулік бойы қызмет атқарып, киіктерден егістік жерлерді қорғаумен айналысады. Қазіргі таңда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырысымен Зоология институты киік санын реттеудің ғылыми негіздемесін әзірледі. Аталған негіздеме бойынша Үкімет киік популяциясын реттеу туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, киік санына бақылау жүргізу бағытында жұмыстар жүргізілуде, - деді Экология министрлігі.
Бұған дейін Экология министрі Ерлан Нысанбаев киік санын реттеуге, аулауға қатысты ғалымдардың биологиялық негіздемесі дайын болғанын айтқан еді.
- Зоология институтының ресми биологиялық, ғылыми негіздемесін алдық. Киік санының 20 пайызы реттеуге жатады, - деген еді ол.