7 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 7 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 7 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

7 шілде, СЕНБІ

Соломон аралдарының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1978). Соломон аралдары - Тынық мұхитының Меланезия құрамындағы архипелаг. Ірі аралдары: Бугенвиль, Гуадалканал, Санта-Исабель, Малаита, Сан-Кристобаль, Шуазель, Нью-Джорджия. Аралды 1568 жылы испандық теңізде жүзуші А.Менданья де Нейра ашқан болатын. Соломон аралдарының Солтүстік бөлігі Папуа - Жаңа Гвинея құрамына кіреді, көпшілігі Ұлыбританияның протектораты. Әкімшілік орталығы - Хониара қаласы. Халқы австронезия және папуас тілдерінде сөйлейді. Ақша бірлігі - Соломон аралдарының доллары. Мемлекеттік құрылысы - конституциялық монархия.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

35 жыл бұрын (1977) Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институты (қазіргі Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты) құрылды.

17 жыл бұрын (1995) Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған мерейтой басталды.

12 жыл бұрын (2000) Астанада жаңа Орталық алаң ашылды.

6 жыл бұрын (2006) Астанада «Ақорда» Республикалық қозғалысының мұрындық болуымен Шұбар кентінде 100 кісілік мешіт ашылды. Қос күмбезді, егіз мұнаралы мешіттің ерлер мен әйелдерге арналған намаз залдары, кітапханасы мен киім ілетін, дәрет алатын бөлмелері бар. Алланың жердегі бұл үйі «Ақорда» қозғалысы елордада салған осымен төртінші мешіт саналады.

58 жыл бұрын (1954) Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1952 жылғы желтоқсанның 20-ында қабылдаған Әйелдердің саяси құқығы туралы конвенция күшіне енді.

7 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау ортылығы Қазақстан банк жүйесінің тарихында алғаш рет және ТМД елдерінен бірінші болып банк қызметтерінің сапа менеджменті жүйесі ISO 9001:2000 халықаралық сапа стандарттарына сәйкестілік туралы сертификатқа ие болды.

Әлемнің 148 мемлекетін біріктіретін бұл стандарт Халықаралық ISO стандарттау орталығы өңдеген.

5 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республика аумағында арнайы экономикалық аумақтардың құрылу ретін, қызметі мен таратылу шарттарын анықтайтын «Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аумақтары туралы», «Арнайы экономикалық аумақтардың қызмет мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.

3 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы, Астана қаласындағы Әбу-Даби Плаза кешенінің құрылысына қатысты келісімді бекіту туралы» Заңға қол қойды.

30 жыл бұрын (1982) Оралда қазақ халқының батыр қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өмірінен сыр шертетін мемориалдық мұражай-үйі ашылды.

Мәметова Мәншүк (шын есімі Мәнсия) Жиенғалиқызы (1922 -1943) - қаһарман қазақ қызы, Кеңес одағының Батыры (1944 ).

Орал облысы Орда ауданы нда дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Алматы медицина институты нда оқып жүрді. 1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-інші атқыштар дивизиясы ның құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант , пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.

Павлодар облысы ның колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель , Алматы , Орал , т.б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр » (авторы - Андрей Михалков-Кончаловский, режиссері Мәжит Бегалин) көркем фильм түсірілді.

13 жыл бұрын (1999) Ақтөбеде ақын Нұрпейіс Байғанинге ескерткіш орнатылды.

Байғанин Нұрпейіс (1860-1945) - халық ақыны , жырау , Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.

Қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. Әкесі Байғана жоқшылықты көп көрген. Анасы Үміт әнші , домбырашы әрі ақын болыпты, айтыстарға қатысқан. Ол ақындық өнерді ең алғаш анасынан үйренген. 16-17 жасынан-ақ «бала жыршы» атанады. Кейіннен Абыл , Шернияз , Нұрым , Қашаған , Ақтан , Қазақбай , Сабыр тәрізді белгілі ақындардан үлгі алып, бірқатарымен айтысқа түседі, батырлық жырларды үйренеді. Нұрпейіс Байғанин негізінен батырлықты, адамгершілік пен адалдықты, әділдік пен ізгілікті дәріптейтін, халық сүйіп тыңдайтын «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты жыр, дастандарды жырлаған. Ол жырлаған «Қобыланды батыр» жыры - осы жырдың басқа ақын-жыршылар айтқан нұсқаларынан көлемі молы, оқиғасы жағынан мазмұндысы. Жыршының ертеректе жырлаған дастан, жыр нұсқалары кезінде жазылып алынбаған. Ол эпостық жырларды айтумен қатар, дайын сюжеттерді пайдалана отырып, халықтық, әлеуметтік мәселелерге арналған «Ақкенже», «Нарқыз» сияқты өз туындаларын шығарды. Ақын жыр алыбы Жамбыл сияқты Қазақстанның біраз жерлерін аралап, Алматы , Мәскеу қалаларында болып, ертеден келе жатқан жыраулық дәстүрді халқына қайта тарту етті. Оның өмірі мен шығармашылығы Есмағамбет Ысмайыловтың, О.Нұрмағамбетованың, К.Сейдехановтың зерттеулерінде қарастырылған. Ақтөбе облысында Байғанин ауданы бар. Ақтөбе және басқа қалалардағы көшелер мен мектептерге ақын есімі берілген.

8 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының «Инвестициялық қорлар туралы» Заңы қабылданды.

ЕСІМДЕР

74 жыл бұрын (1938) жазушы, аудармашы АРЦИШЕВСКИЙ Адольф дүниеге келді.

Ресейдің Кемер облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және КСРО Жазушылар одағы жанындағы жоғары әдебиет курсты бітірген. «Красноярский рабочий» газетінде, Краснояр өлкесіндегі аудандық газеттерде, Қазақстандағы салалық журналдарда, радиода, «Жазушы» баспасында, «Простор» журналында, Алматы қаласындағы жасөапірімдер театрының әдебиет бөлімінде қызмет істеген. Көркем аударма саласында І.Есенберлин, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, Б.Мұқай шығармаларын орыс тіліне аударған. «Ищу наследство», «Нескучные уроки» повестер мен әңгімелер, «Земля на которой живем» деректі әңгімесінің, «Письма на бересте» романының авторы.

88 жыл бұрын (1924-2004) Кеңес Одағының Батыры, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының құрметті азаматы ӘШІРОВ Сейітқасым дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Самарқанд ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Самарқанд қаласында мергендер курсынан өткен. 2-ші Беларус майданының 96-шы атқыштар дивизиясы 331-ші полкінің құрамында барлаушы, взво командирі болып, Беларустағы, Польшадағы ұрыстарда жау шебіне талай рет өтіп, құнды деректер әкелген. Соғыстан кейін Шәуілдір аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Қызылқұм аудандық халық сотында судья, Шардара ауданындағы Шардара кеңшарында бас мал дәрігері, директордың орынбасары, директоры қызметтерін атқарды.

«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», 1-ші дәрежелі  «Отан соғысы», 3-ші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

48 жыл бұрын (1964) «Ыждағат» қоғамдық қорының вице-президенті, техника ғылымының кандидаты, Ресей Сапа проблемалары академиясының академигі ТҰРЫСБЕКОВ Мұрат Хамитұлы дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Мәскеу автомобиль жолдары институтын бітірген. 1996-1998 жылдары - Ақмола стандарттау, метрология және сертификаттау орталығының бөлімше бастығы, директордың орынбасары. 1998-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігі Стандарттау, метрология және сертификаттау комитетінің төрағасы, төрағаның орынбасары. 2001-2003 жылдары - «Ұлттық ақпараттық технологиялар» жабық акционерлік қоғамының атқарушы директоры.  2003-2005 жылдары - «Ақ жол» партиясы орталық аппаратының жетекшісі. Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап істейді.

68 жыл бұрын (1944) итальяндық композитор, эстрада әншісі ТОТО Кутуньо (толық аты-жөні - Сальваторе Кутуньо) дүниеге келді.

Бала кезінен музыкалық қабілетін байқатқан ол 13 жасында аймақтық музыка байқауында 3-ші орынды иеленеді. 19  жасына дейін  жергілікті музыкалық топта ұрмалы аспапта ойнап, Манусарди ансамблінің құрамында Финляндияға алты айлық сапарға шығады. Еліне оралғаннан кейін «Toto e Tati» атты жеке тобын ұйымдастырып, Италияда өнер көрсете бастады, сонымен қатар өзі де музыка жазуды қолға алды. 1983 жылы «Итальянец» әнімен Сан-Ремо фестивалінде бірінші орынды иеленсе, 1990 жылы «Евровидение» конкурсында жеңімпаз атанды.

Оның әуезді, аздаған мұңлы және өте романтикалық әндері ұзақ уақыт бойы италяндық Доменико Модуньо, Адриано Челентано, Кристиан, француздық Джо Дассен, американдық Петулы Кларк сынды танымал әншілердің репертуарынан орын алды.

107 жыл бұрын (1905-1965) зоолог-териолог, биология ғылымдарының докторы, профессор АФАНАСЬЕВ Александр Васильевич дүниеге келді.

Орал қаласында туған. Ленинград мемлекеттік университетін және КСРО ҒА-ның аспирантурасын бітірген.

Қазақ КСР ҒА Зоологиялық институты зоогеография зертханасының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі, құрлық омыртқалылары секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Афанасьев Қазақстан сүтқоректілерінің систематикасы, географиясы, тіршілік етуі жайлы жазылған белгілі еңбектердің авторы.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

67 жыл бұрын (1945) «Костанайские новости» ЖШС-нің директоры-бас редакторы, тарих ғылымдарының кандидаты, социология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттану академиясының мүшесі ХАРЧЕНКО Сергей Васильевич дүниеге келді.

Украинаның Житомир облысында туған. Дзержинск құрылыс училищесін, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

Қостанай облысы Жетіқара асбест комбинатында, көптиражды «За асбест» газетінің штаттан тыс тілшісі, «Ленинский путь» облыстық газеті редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 1992 жылдан бастап.

«Социальное настроение общества», «Социальное настроение», «Полвека переломов: в судьбе, государстве, политике», «Журналистика: профессия, призвание или политика?», «И каждый день и целый век» (Петр Чернышпен бірге), «Казахстан: от суверенитета к мировой конкурентоспособности» атты монографиялар мен кітаптардың, 200-ден астам ғылыми еңбектердің авторы.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Бұқаралық ақпарат жөніндегі Қоғамдық кеңесінің, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің, Қазақстан Журналистер Конгресі атқару комитетінің мүшесі, Халықаралық орыс баспасөз кеңесінің мүшесі, Халықаралық конфедерациялық журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы Қостанай филиалының төрағасы.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстанның құрметтi журналисi» белгісімен және көптеген медальдармен марапатталған.

121 жыл бұрын (1891-1943) алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі НИЯЗОВ Мірахмет Жүсіпұлы дүниеге келді.

Астрахан ерлер гимназиясын және Саратов университетінің медицина факультетін бітіргеннен кейін Ордада дәрігер болып қызмет атқарды. Осы жылдары Каспий өңірінде белең алған оба ауруын жоюға белсене ат салысты. 1920-1923 жылдары - Бөкей губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болды. 1929-1931 жылдары - Алматыдағы венерологиялық диспансер дәрігері, 1932-1943 жылдары - Шымкент қорғасын зауытының медициналық санатория бөлімінің бас дәрігері, Денсаулық сақтау Халық комитеті жоспарлау бөлімінің бастығы, Республикалық оба ауруына қарсы күресу стансасының дәрігері болған.

71 жыл бұрын (1941) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ТӨКЕЕВА Ырысалды Әділханқызы дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасының Дөрбілжін ауылында туған. Үрімші медицина институтын бітірген. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. 2000 жылдан бастап Бельгияда тұрады. 2009 жылы Лондонда өткен Еуропа қазақтарының құрылтайына қатысқан.

Өлеңдері «Салтанат», «Белес», «Көктем», «Дала дабылы», «Тарбағатай жырлары», «Шиху өрендері», «Ой толқыны» атты жинақтарға енген.

61 жыл бұрын (1951) әскери қайраткер, генерал-майор, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері ӘДІҚОЖАЕВ Сұлтан Бижанұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жоғарғы курсын бітірген. Шымкент қорғасын зауытында ұсталық қызметін атқарған. 1976-1988 жылдары - Шымкент облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасының жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары. 1988-1996 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасы бастығының орынбасары, қызмет бастығы, бөлім бастығы. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Лаңкестікпен күрес департаментінің бастығы, басқарма бастығы. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде инспекция бастығы. 2001-2007 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы. 2007-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Өзбекстандағы ресми өкілі. 2010 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста.

«Даңқ» орденімен, медальдармен марапатталған.

55 жыл бұрын (1957) V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы БЫЧКОВА Светлана Федоровна дүниеге келді.

Жамбыл облысында туылған. С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің физика (1978ж.), заң (1991ж.) факультеттерін бітірген және Бүкілодактық сот сараптаманы ҒЗИ аспирантурасының күндізгі бөлімін (1986 ж.) бітірген. 1978-1997 жж. - Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің сот сараптамасы ҒЗИ инженер, сарапшы, кіші ғылыми қызметкер, бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, директордың міндетін атқарушы. 1997-2002 жж. - сот сараптамасы ҒЗИ базасында құрылған Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Сот сараптамасы орталығының директоры. 2002 - 2007 жж. - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі. 2007 - 2011 жж. - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы қаңтардан бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.  Неміс тілін меңгерген.

42 жыл бұрын (1970) «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Илеуов Азиз Тоқшылықұлы дүниеге келді.

1992 жылы Беларусь мемлекеттік университетін тамамдады, біліктілігі - экономист, саяси экономия және әлеуметтік-саяси пәндер оқытушысы. Еңбек жолын 1992 жылы бастаған. 1998 - 2000 жж. - Сырттан қарыз алу комитеті төрағасының орынбасары, төрағаның міндетін атқарушы. 2000 - 2001 жж. - «Алматы Пауэр Консолидэйтед» ЖАҚ қаржы директоры; 2001 - 2002 жж. «Мұнай және газ тасымалдау» ұлттық компаниясы» ЖАҚ логистика департаментінің директоры. 2002 - 2003 жж. - «Интергаз Орталық Азия» ЖАҚ активтер мен пассивтер басқармасының бастығы, қазынашылық басқармасының бастығы, қазынашылық директоры, ақша ағындарын басқару департаментінің директоры. 2003 ж. - «ҚазТрансГаз» ЖАҚ ақша ағындарын жоспарлау басқармасының бастығы, ақша ағындарын жоспарлау департаментінің директоры. 2003 - 2004 жж. - «МұнайТас» солтүстік-батыс құбыр компаниясы» ЖАҚ бас директорының бизнесті қолдау жөніндегі орынбасары. 2004 - 2007 жж. - «Қазақстан - Қытай құбыры» ЖШС бас директорының экономика жөніндегі орынбасары; 2007 - 2009 жж. - «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары. 2010 - 2011 жж. - «ҚазМұнайГаз - қайта өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының кеңесшісі. 2011 - 2012 жж. - «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі. 2012 жылдың 14 наурызынан - «ҚазТрансОйл» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры.

 

Соңғы жаңалықтар