7 жасар қыздың өмірін қиған жол апатына кім кінәлі – сарапшы пікірі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жүк көлігі 7 жасар қызды басып кетті. Бұл оқиға қазақстандықтар арасында кеңінен талқыланды. Осы орайда, Kazinform агенттігінің тілшісі сарапшылармен тілдесіп, жол-көлік оқиғасына қатысты сұрақтарға жауап алды. 

7 жасар қыздың өмірін қиған жол апатына кім кінәлі – сарапшы пікірі
Фото: gov.kz

Желідегі бейнежазбадан жаяу жүргіншілер жолағы арқылы жолдан өтіп бара жатқан қыздың жолын автобус кесіп өткенін, сол кезде артқа шегінген оқушыны жүк көлігінің абайсызда басып кеткенін байқауға болады. 

Көлік саласының сарапшысы Алексей Алексеевтің айтуынша, жүк көліктері бұған ұқсас жол-көлік оқиғаларына жиі ұшырайды. Өйткені ондай көліктердің алдындағыны көре алмайтын «соқыр тұстары» бар. Ол бұл мәселені шешу үшін жүк көліктеріне камера орнатып, жаяу жүргіншілер жақындағанда ескертетін арнайы датчиктермен жабдықтау керек екенін айтты. 

– Барлық заманауи көліктің жүргізушіге көрінбейтін тұстарында датчиктері болады. Егер адам немесе басқа кедергі жақындаса, олар сигнал береді. Әрине, барлық жүк көлігі мен автобустар осындай жүйемен жабдықталса жақсы болар еді, бірақ мұны кім жасайды? Жүк көлігінің жүргізушісі адамды ғана емес, жеңіл көлікті де байқамай қалуы мүмкін. Сондықтан адамдар «соқыр тұстан» өткенде өте мұқият болуы керек, - деді сарапшы. 

Ал, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Нұрлан Жаңабаев жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Оның сөзінше, кінәлілерге құқықтық баға тергеу аяқталғаннан кейін беріледі, бірақ қазірдің өзінде оқиғаның бірнеше негізгі аспектісін көрсетуге болады. 

Ол жүк көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінің жанында аса мұқият болуы керек екенін тілге тиек етті.

– Бірінші кезекте жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне көңіл бөлінуі керек. Бұл оқиғада 7 жасар қыз жүргізушіге көрінбейтін тұста тұрып қалған. Қайғылы жағдай жүк көліктерін қосымша жүйелермен жабдықтау қажеттігін көрсетеді, - деп түсіндірді Нұрлан Жаңабаев. 

Көліктің «соқыр тұсы» болса, бұл құқық бұзушылық па

«Жүк көлігінің жүргізушісі айналасын толық бақылай алмауы құқық бұзушылық деп саналуы мүмкін бе» деген сұраққа жауап берген адвокат техникалық тұрғыдан кез келген көлік құралы жарамды және қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек екенін айтты.

– Егер дизайн ерекшеліктеріне немесе заманауи техникалық құралдардың болмауына байланысты жүк көлігінде айнала дұрыс көрінбесе, бұл жолда қауіп төндіру және жол қозғалысы ережелерін ішінара бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін. Көліктің техникалық жай-күйі дұрыс болуы жол-көлік оқиғасының алдын алуда шешуші рөл атқарады, - деді ол.

Маман пікірінше, «соқыр тұсты» болдырмау үшін жүк көліктерінің кем дегенде жарамды артқы айналары болуы керек. Ал камералар мен датчиктерді орнату міндетті болмаса да, оларды пайдалану қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады және қайғылы жағдайлардың алдын алады.

Қала ішінде жүк көліктерінің қозғалысын шектеу қажет пе

Алексей Алексеевтің айтуынша, қалада жүк көліктерінің қозғалысына толық тыйым салу мүмкін емес, өйткені олар құрылыс материалдары мен қажетті жүктерді тасымалдап, маңызды рөл атқарады. 

– Жүк көліктеріне қалаға кірмей-ақ, оны айналып өтуге мүмкіндік беретін жолдар жетіспейді. Мысалы, Рысқұлов даңғылы бұрын айналма жол болған, ал қазір магистральды көшелердің біріне айналды, - деді Алексей Алексеев. 

Адвокат Нұрлан Жаңабаев жүк көліктері елді мекендерге қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жағдайда ғана кіру мүмкін екенін айтты.

– Жүргізушілер жылдамдық режимін сақтауға, «соқыр тұстарды» болдырмас үшін қолжетімді техникалық құралдарды пайдалануға міндетті. Бұл шаралар қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін маңызды, - деді ол. 

Кім кінәлі

Алексей Алексеевтің пікірінше, 7 жасардың қыздың өліміне алып келген оқиғада жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі. Ол әр жүргізуші жолда мұқият болып, жаяу жүргіншілер өткелінің жанында ерекше қырағылық таныту қажет екенін қаперге салды. 

– Автомектептерде жүргізуші айналадағы барлық көлікті байқап, кей көліктердің «соқыр тұстары» болуы мүмкін екенін ескергені жөн деп үйретеді. Жүк көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткеліне жақын екенін түсініп, кез келген уақытта адамның жүгіріп шығуына дайын болуы керек. Ол қыздың жолдан толық өтіп кеткенін қадағалауы тиіс еді, - деді сарапшы.

Сонымен қатар ол бұл оқиғада қыздың жолын кесіп өткен автобус жүргізушісінің де айыбы бар екенін атап өтті. 

– Қыз жолдан өте бергенде, автобус алдынан жол бермей өтіп кетті. Бала артқа жүрді, сол сәтте жүк көлігі оны басып қалды. Автобус жүргізушісі де кінәлі, себебі оның әрекеті қайғылы жағдайға алып келген қауіпті қозғалысты туғызды, - деп пікір білдірді Алексей Алексеев.

Адвокат Нұрлан Жаңабаев тараптардың кінәсі туралы түпкілікті шешім сотқа дейінгі тергеу мен сот талқылауы болғаннан кейін қабылданатынын атап өтті.

Жаяу жүргішілер өткелінде бағдаршам мен жол белгісі қажет пе

Көлік саласының сарапшысы қайғылы жағдай болған жол өткелінде оның шекарасын белгілейтін белгілер болмағанын атап өтті. Айтуынша, өткел қауіпті бұрылыста орналасқан, сондықтан мұнда бағдаршам орнату қажет. Алексей Алексеев қала басшылығы айтылған жол учаскесінде қауіпсіздікті жақсарту үшін тиісті шаралар қабылдайтынына сенімді. 

– Алматы сияқты ірі мегаполистің барлық жаяу жүргінші өткелдері міндетті түрде анық көрінетіндей таңбалануы қажет. Басқа дамыған елдерде қауіпсіздікті арттыру үшін голограммалар мен түрлі ескерту белгілері белсенді қолданылады, - деп қорытындылады ол. 

Еске салайық, Алматыда жол апатынан тағы да 7 жасар бала мерт болды. Белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан баланы жеңіл көлік қақты.

Соңғы жаңалықтар