70 жыл бойы жаздым: Нариман Қыпшақбаевтың су шаруашылығы туралы екі томдығы шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 90-шы отырысында комиссияның негізін қалаушы, еңбек сіңірген гидротехник және Қазақстанның бұрынғы Су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаевтың екі томдық кітабының тұсаукесері өтті.

Нариман Қыпшақбаев
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Қазақстанның су шаруашылығы: қалыптасуы, дамуы және мәселелері» деп аталатын еңбек – еліміздегі су ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану, су тапшылығы мен трансшекаралық су қатынастары жөніндегі заңнамалық құжаттар мен материалдардың кешенді талдауы. Ол 1917 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтиды.

Жинақта су және жер пайдаланудың алғашқы қағидаттарынан бастап, 2025 жылы қабылданған жаңа Су кодексіне дейінгі маңызды тарихи деректер келтірілген. Сондай-ақ ресми құжаттар, конференция материалдары, ғылыми мақалалар, тәжірибелік ұсыныстар мен сала мамандарының баяндамалары енгізілген.

Биыл 91 жасқа толған Нариман Қыпшақбаев бұл еңбекті 70 жыл бойы жазған. Қазіргі уақытта су саласының ардагері жас мамандарға арналған жаңа кітап дайындап жатыр.

«Бұл кітапқа қажетті материалдарды мен су шаруашылығында жұмыс істей бастаған кезден, яғни 70 жыл бойы жинадым. Әуелі бұл еңбек мамандарға арналған, бірақ қазіргі заманда суды дұрыс пайдалануды әр адам білуі керек. Келесі мақсатым – су саласында жұмыс істегісі келетін жас гидротехник-инженерлерге арналған кітап шығару», – деді Нариман Қыпшақбаев.

Айта кетейік, Ұлттық электронды кітапхананы пайдаланушылар саны 44% артты.

Соңғы жаңалықтар