700 қазақстандық Сирия мен Ирак босқындар лагерінен қайтарылған
Бүгін Ташкентте ШЫҰ-ға қатысушы елдер Ішкі істер министрлерінің кеңесі өтті. Онлда ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдерге трансұлттық және киберқылмыспен күреске қатысты нақты ұсыныстар жасады.
«Қазақстан тарапы өз ұсыныстарын енгізді. Бүгінде есірткі трафигіне, «Шырмауық» операциясын жүзеге асыру аясында бірлесіп жедел іздестіру іс-шараларын қабылдауға қатысты мәселелер бар. Өйткені, бүгінде елдеріміз арқылы Еуропаға Ауғанстаннан героин трафигі бар екенін білеміз. Бұған қоса синтетикалық есірткі мәселесі де ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Бүгін әріптестерімізбен жедел ақпарат алмасу, қылмыстың осы түрін ауыздықтау үшін батыл іс-шаралар қабылдау жайын талқыладық. Бұған қоса, киберқылмысқа, интернет-алаяқтыққа қатысты ұсыныс енгіздік. Әсіресе, соңғы пандемия жағдайында интернет-алаяқтық алаңдаушылық тудырып отыр. Өйткені, оның шекарасы жоқ», - деді Қазақстан министрі кеңестен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбатында.
Polisia.kz порталы министр кеңес барысында Қазақстанның терроризмге қарсы барлық 19 халықаралық конвенциялар мен хаттамаларға қосылғанын атап өткен. Көпжақты және екіжақты ынтымақтастық форматында қылмысқа қарсы күрес бойынша 90-нан астам шарт жасалған. Сондай-ақ қарулы қақтығыстарға қатысу үшін «ыстық нүктелерге» баруды жоспарлаған азаматтар анықталып жатыр (2019 және 2021 жылдары 700 қазақстандық Сирия мен Ирак босқындар лагерінен қайтарылды). Есірткі қылмысына қарсы күресте соңғы бір жарым жыл ішінде синтетикалық есірткі өндіретін 40 есірткі зертханасы жойылды. Ұлттық бақылауда – есірткінің мыңнан астам жаңа түрі. Интернеттегі жарнама ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылды.
«Кеңес аясында Марат Ахметжанов әріптестерімен екіжақты келіссөздер жүргізеді. Шағын форматта еліміздің ішкі істер министрі қылмысқа қарсы бірлескен күресті талқылайды. Кездесу қорытындысы бойынша кеңес хаттамасына қол қойылды», - делінген порталда.
Фото: polisia.kz