700 мың жас әскери-патриоттық тәрбиеге тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков Мәжілісте жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жүйесін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

патриот
Фото: Акорда

2025 жылғы заңнамалық өзгерістер негізінде Қорғаныс министрлігі жанынан әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесі құрылған.

— Бұл кеңес аталған саладағы жұмысты үйлестіруге, оның тиімділігін арттыруға және негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді, — деді А. Мұстабеков.

Оның айтуынша, бүгінде бұл жүйе өңірлік деңгейде де толық іске қосылған.

— Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде 20 аумақтық үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Бұл әскери-патриоттық тәрбиені жергілікті деңгейде жүйелі жүргізуге мүмкіндік берді, — деді вице-министр.

Жастарды қамту ауқымы айтарлықтай кеңейген.

— Әскери-патриоттық үйірмелер мен сыныптарға 380 мыңнан астам бала қатысады. Ал алғашқы әскери даярлық пәнімен 450 мыңға жуық оқушы қамтылған. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстармен 700 мыңға жуық жас қамтылып отыр, — деді ол.

Сонымен қатар, жүйені сапалық тұрғыдан жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылданған.

— Әскери кафедралардың оқу бағдарламалары қайта қаралуда. Далалық сабақтардың сапасын арттыру және алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімдерін іріктеу тәртібі жаңартылды, — деді Асқар Мұстабеков.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы әскери-патриоттық тәрбие жүйесін жетілдіруге бағытталған заңға қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар