744 мың қазақстандық мемлекет қолдауына ие болды
Қарапайым тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы дәл осы бағдарламаның жүзеге асырылуы нәтижесінде ортақ еңбек нарығының сан және сапалық негізгі көрсеткіштері анағұрлым өскен. Сөйтіп, 2010 жылмен салыстырғанда 2015 жылы тұрғындарды еңбекпен қамту көрсеткіші 6,3 пайызға артқан. Бір ерекшелігі, сол тұрғындарды нақты еңбекпен қамту үшін жүзеге асырыла бастаған, осы бағдарлама жағдайында жалдамалы жұмысшылардың саны 16,6 пайызға дейін артқан. Есеп беру барысында министр атап көрсеткеніндей, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының бір ерекшелігі, мұнда экономика ахуалының төмендеуі жағдайында жұмыссыздықтың артуына жол бермеу үшін дағдарысқа қарсы іс-шаралар жан-жақты қарастырылған. Айта кетерлігі, бағдарламада өзін өзі жұмыспен қамтыған және сондай-ақ, жұмыссыз жүрген тұрғындарды қайта оқыту, шағын несиелер беру және азаматтарды өз еріктерімен өзге аймақтарға көшіру. Сөйтіп, олардың өнімді әрі тиімді еңбекпен айналысуына жағдай жасап, еңбек өнімділігін анағұрлым көтеру мәселесі де барынша ескерілген. Жалпы мұндай іс-шаралар бағдарламаның бірінші және екінші бағыттары шеңберінде өз шешімін табады. Десек те, еліміздiң тұрғындары «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының қызығын көріп, әр аймақта жеке кәсіптерін табысты дөңгелетуде.
2800 қарағандылық шағын кредит алды
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы шағын несие алып, жаңадан жеке кәсіптерін ашып, қолға алған шаруаларын табысты жүргізіп отырған тұрғындар Қарағанды облысында жетерлік. Облыстық Кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Мәдениет Божбанов бізге хабарлағанындай, қазіргі күні облыс аумағында 29 шағын кредиттік ұйым мен қоса, 12 кредиттік серіктестік жұмыс істейді.
- Міне, осындай қаржы институттары арқылы биылғы жылы 2860 шағын несие жеке шаруамен айналысуға ниет білдірген тұрғындарға берілді. Олардың арасында 2853 жеке тұлға және 7 заңды тұлға бар. Бір қуантарлығы, олардың ішінде үш заңды тұлға ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алуда. Жалпы шағын және орта бизнес өкілдеріне облыс бойынша 4 миллиард теңге көлемінде шағын несие берілді, - дейді Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Мәдениет Божбанов.
Аймақтық Кәсіпкерлер палатасы жетекшісінің пікірінше, облыс бойынша жеке тұлғаларға берілген несиелердің 60 пайыздан астамы, атап айтқанда 360 миллион теңге кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Ал заңды тұлғаларға берілген 3,4 миллиард теңгенің 73,8 пайызы айналымдағы қаржы қорын толтыруға, 26 пайызы жаңа құрылыс нысандарын салып, жұмыс жасап тұрған шағын өндіріс орындарын қайта жарақтандыруға, ал қалған 21,4 миллион теңге жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын өркендетуге жұмсалды. «Қынжылтарлық бір жағдай, облыс орталығынан шалғайда орналасқан жергілікті жерлердегі кәсіпкерлерді шағын кредитпен қамтамасыз ету деңгейі әлі күнге төмен. Бұған кері әсер ететін басты нәрсе, қағазбастылық. Мысалы, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша несие алуға ниет білдірген кәсіпкерлер 13 құжат өткізуі қажет. Бұған қоса, олардың алдынан кепілге қою мәселесі де шығады. Ал бұл - сөз жоқ, кәсіпкердің уақытын алып, қолын байлайды. Айтпасқа болмайтын тағы бір нәрсе, ол - жеке кәсібін жаңа ғана қолға алған жас кәсіпкерлер үшін шағын несие алу қиямет-қайым болып отыр. Өйткені, олар үшін белгіленген жылдық үстеме өте жоғары. Мысалы, жас кәсіпкерлер алған кредитін жылына 40 пайыздық үстемемен қайтаруы қажет. Әрине, бұған кім кім де тәуекелге бара бермейді» дейді Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Мәдениет Божбанов.
Бұл істе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аумағында игілікті істерді жүзеге асырып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына айрықша қолғабыс жасап келе жатқанын айтқанымыз ләзім. Елімізде кәсіпкерлікті жүзеге асыру бағытында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген міндеттерді орындау бағытында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзі бас болып қолға алатын он қадамды ұсынған болатын. Ол қадам: 1. Шағын несие беру көлемін ұлғайту; 2. Тұрғындарды кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту; 3. Ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту; 4.Ұзақ мерзімдік тапсырыстар есебінен бәсекелестікке қабілетті кәсіпкерлікті қолдау; 5. Шағын және орта кәсіпкерлікті экспортқа бағдарлау, бұл - экономиканы дамытудың басты қозғаушы күші; 6. Кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық картасы индустриялық және инвестициялық шешімдердің негізі; 7. «Үкімет кәсіпкерлік үшін» сервисін құру; 8. Мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін қайта үйлестіру; 9. Қылмыстық және әкімшілік заңдалықтарды одан әрі оңтайландыру; 10. Мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының барлық құрылымдары мен еншілес құрылымдарын нарық қағидаларының бұзылуына байланысты ревизиялау. Бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы дәл осы он қадам, яғни қағиданы берік ұстануда.
Қазіргі уақытта «Атамекен» ҰКП шағын несие беру жүйесін жетілдіруді басты міндет ретінде алға қойып отыр. Сөйтіп, биыл ҰКП алғаш рет өзінің жеке шағын несиелік жобасын қолға алды. Бұл жоба жеке адамдардың инвестициялары мен жергілікті бюджет қаржысын тарту есебінен жүзеге асырылады. Дәл қазіргі күні бес облыс - Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Маңғыстауда осы жобаның алғашқы тұсаукесер шаралары жүзеге асырылуда. Алдағы жылы осы жобаға Қарағанды облысы да тартылмақ.
Осылайша, тамаша бастаманы қолға алған «Атамекен» ҰКП Елбасының тапсырмасына сәйкес өзінің шағын несие беру жүйесі арқылы 2017 жылы 10 миллиард теңгені игеруге дайын екендігін мәлімдеп отыр. Өйткені, еліміз экономикасын дамытуға бағытталған мұндай батыл қадам Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «Қазақстан - 2050» стратегиясындағы міндеттерді жүзеге асырып ғана қоймай, әлемдегі дамыған һәм өркениетті 30 елдің қатарына қосылуымызға жарқын жол ашады.
Жеке кәсібін ашқан азамат
Назарбек ЖҰМАЖАНОВ, 23 жастағы кәсіпкер, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы:
- Мен 16 жасымда Қарағанды банк колледжінің Құқықтық әлеуметтік қамтамасыз ету бөліміне оқуға түстім. Оқи жүріп, еңбек етуіме тура келді. Бастапқыда қаладағы дүкеннің бірінде жүк түсіруші, одан соң сатушының көмекшісі болдым. Ерінбей еңбектенуімнiң нәтижесінде бөлім жетекшілігіне дейін көтерілдім. Бірақ жеке кәсіпкер болсам деген арманым маза бермеді. Ақыры өзім туып-өскен аудандағы кірістер басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсіпкерлік құжат алдым. Содан Қарқаралы қаласынан 60 шақырым жердегі Қарабұлақ аулынан шағын ғимаратты жалға алып, жекеменшік наубайханамды аштым. Сөйтіп, жерлестерімді күн сайын ыстық нанмен қамтамасыз етіп, олардың алғысын бөлене бастадым. Ал биыл Қарағанды облысы әкімінің жалпы құны 300 мың теңге грантына ие болдым. Грантпен бөлінген қаржыға нан пісіруге қажетті ұн мен сұйық май сатып алдым. Алғашында «жеке шаруаны алып жүре аламын ба, жоқ па?» деп жүрексінгенім рас. Сондықтан нан пісіру технологиясы туралы көптеген кітаптарды оқып, осындағы үлкен наубайханалармен тәжірибе алмастым. Осылайша, қол жеткен табысым арқылы үрейді жеңдім. Бастапқыда күн сайын 30 нан пісірдім. Ал қазіргі күні бүкіл Қарабұлақ ауылын нанмен қамтамасыз етіп отырмын. Мен алдағы уақытта Германияда болып, сол елдегі тәжірибелі наубауханашылардан нан және кондитерлік өнімдерді пісірудің қыр-сырын терең меңгерсем деп армандаймын. Өйткені, алдағы уақытта өзім туған ауылымда алуан түрлі кондитерлік өнімдер шығарып, тұрғындарды қуантсам деймін. Бәлкім, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес, облыс басшылығы қаржылай қолдау көрсетсе, бұл жоспарымда жүзеге асар деп ойлаймын. Менің білетінім, шағын кәсіпкерлікте бүгінгі қол жеткен биік - ертеңге өлшем емес!