75 жастағы Құбайдолла 10 түрлі өнертабысқа патент алды - шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

өнертапқыш
Фото: mp.weixin.qq.com

Димаш Құдайберген Стамбулда 12 тілде ән шырқады - TRT

димаш
Фото: www.trt.net.tr

Қазақстанның халық әртісі, әнші Димаш Құдайберген Стамбулда жанкүйерлерімен кездесті. Димаш Құдайберген қазақ, орыс, мандарин, ағылшын, француз, итальян, украин, түрік, серб, қырғыз, неміс, испан тілдерінде ән шырқады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Әйгілі өнерпаз Димаш Құдайберген концертте өзінің танымал әндерін айтқан.

30 жасқа толған Құдайбергеннің 15 жасынан ұстазы болған Марат Әйтімов сахнада ақ тілектерін айтып, туған күнін атап өтті.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Димаш жалғыз тілегін айтты:  "Айырмашылығымыз қиындық тудырмайды. Бір аспанның астында өмір сүріп жатырмыз. Бәрімізді бір Алла жаратты. Соғыссыз дүние тілеймін. Балалар жыламасын. Бір-бірімізді құрметтейік және бір-бірімізді сүйейік».

Сондай-ақ, Димаш осы концертке себепкер болған жанкүйерлеріне алғысын білдірген.

«Өнер жолында 2 студиялық альбом, 40 сингл жаздырған Құдайберген қазақ, орыс, мандарин, ағылшын, француз, итальян, украин, түрік, серб, қырғыз, неміс, испан тілдерінде ән шырқады», деп жазды TRT.

Алтай - адамзат шаңғы тебуінің басталған жері - «Халық газеті»

алтай шаңғысы
Фото: Видеодан кадр

Бұл - Шыңжаңның Алтай аймағы Дөңдібұлақ үңгіріндегі жартас суреті. Ежелгі Алтай халқының шаңғымен аң аулау көрінісін шынайы бейнелеген. Адамзаттың ең алғаш шаңғымен сырғанауын естелікке алған жәдігер. Зерттеулерге сәйкес, бұл сурет 12000 жыл бұрын салынған. Сондықтан Алтай «адамзаттың алғаш шаңғы тепкен жері» деп жарияланды деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

Қытайлық басылымның келтірген деректеріне сүйенсек, адамзаттың алғаш шаңғы тепкен жері Алтай — солтүстік ендіктің 45 градусындағы «алтын қар белдеуіне» орналасқан. Бұл Қытайдағы ең ұзақ қар жауатын аймақ. Жыл бойы 210 күн қар жамылады, 170-180 күн қар жауады. Таудағы қардың орташа қалыңдығы 2 метрге жетеді.

Мұнда өмір сүрген ата-бабалар құнды мұра қалдырды. Олар жергілікті материалдарды пайдаланып, ірі жылқы сирағының терісін таңдап, мөлшермен ұзындығы 180 см, ені 10 см болатын, алдыңғы жағы қайқы ағаш тақтадан шаңғы жасаған. Беткейге шыққанда жылқы түгінің жартысы кері бағытта болады, сол арқылы үйкелісті арттырып, таюдың алдын алады екен. Еңіске сырғанағанда терідегі түктің жартысы оң бағытта болады. Сырғанағанда үйкеліс азайып, жылдамдық артады. Тек бір қар таяқшасымен шаңғы теуіп, аң аулауға болады

«Уақыт сырғығанымен, ежелгі жүн-терілі шаңғы тарих сахнасынан алыстаған жоқ. Олар Алтай халқының күнделікті жүріс-тұрысында өз рөлін жалғастырып келеді, сондай-ақ шаңғы жарыстарында жиі кездеседі», деп жазды «Халық газеті».

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Астана - Үрімжі бағытындағы рейс саны артып келеді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.

Қытайлық басылым бұл ақпаратын ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап хабарлаған. Атап айтқанда, ҚР Көлік министрлігі халықаралық рейстер санын ұлғайту және ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.

2024 жылғы 30 мамырдан бастап «China Southern Airlines» әуе компаниясы Астана – Үрімжі бағыты бойынша рейстер санын аптасына 2-ден 3 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр. Рейстер Boeing 737 (сыйымдылығы 128-ден 178 орынға дейін) ұшақтарында орындалады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер санының артуы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ халықаралық әуе тасымалы нарығындағы бәсекелестіктің артуына және әуе билеттері бағасының төмендеуіне ықпал етеді.

Қазақстан Мәжіліс төрағасы Иран президентінің қайтыс болуына байланысты Тегеранда көңіл айту және құрмет көрсетуге қатысты - Parstoday

президенті
Фото: Parstoday

Қазақстан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Иран президенті Ибрагим Раисидің қайтыс болуына байланысты Тегеранда көңіл айту және құрмет көрсетуге арналған іс-шараға қатысты.

Бұл туралы Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі де хабарлады.

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, 22 мамыр күні Иран халқы тік ұшақ апатынан қайтыс болған Президент Ибрахим Раисимен қоштасты. Президенттер сарайында өткен көңіл айту және құрмет көрсетуге арналған іс-шараға Қазақстан делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды.

«Палата спикері Иран Ислам Республикасы вице-президенті Мохсен Мансуримен және мемлекеттің жоғары саяси басшылығымен кездесіп, Қазақстан Президентінің атынан бүкіл Иран халқына, сондай-ақ қаза тапқан адамдардың отбасыларына көңіл айтты», - деп жазды ирандық БАҚ.

75 жастағы Құбайдолла 10 түрлі өнертабысқа патент алды – «Алтай ақпараты»

Құбайдолла
Фото: mp.weixin.qq.com

 

Қытайдың Алтай аймағы Қаба ауданына қарасты Жайылма қалашығы Қарағаш ауылында тұратын Құбайдолла Манапұлының үйінің ауласындағы тәжірибелік базасынан «тікұшақ» және «глобус» сияқты сан алуан үлгілерді көруге болады, деп хабарлайды «Алтай ақпараты».

Қытайлық басылымның дерегінше, 75 жастағы Құбайдолла Манапұлы - Жайылма қалашығы Қарағаш ауылының қарапайым шаруасы, ол күнделікті жұмыс кезінде көп ойланғанды ​​​​жақсы көреді. Оның өнертабыстарының көпшілігі фермерлердің өмірімен тығыз байланысты болғандықтан Қ. Манапұлын жұрт «халық өнертапқышы» деп атайды.

Атап айтқанда «Динозавр» атты тікұшақ үлгісін өзі жасап, дәнекерлеп, құрастырған.

«Қараңыз, мынау өзім жобалап, дәнекерлеп құрастырған тікұшақ моделі, бұны жай ғана модел деп ойлап қалмаңыз, бұл ұша алады. Сондай-ақ глобус та бар, осыны жасау үшін 5000 метр сым темір қолдандым. Сондықтан гиннес рекордтына өтініш бермекшімін», - дейді Құбайдолла Манапұлы.

Құбайдолла Манапұлы 2005 жылы малға арналған жылжымалы емдік ваннаны жасап шығарды және ұлттық патент алды. Қолдану барысында ол малға арналған жылжымалы ваннаның қуат жүйесінің ақаулары бар екенін анықтады. Осы кемшіліктерге жауап ретінде ол көптеген трансформация сынақтарынан кейін 2008 жылы жылжымалы жаңа емдік ваннаны сәтті жасап, осы ұлттық патентті қайтадан алған.

Құбайдолла мұнымен тоқтап қалмай, ауылды көркейтуге, егіншілер мен малшылардың күнделікті қажеттіліктеріне сүйене отырып, жиналмалы асхана үстелдерін, жиналмалы киім ілгіштерді және басқа да көптеген жаңа арнайы өнімдерін жасап шыққан. Бұл тапқырлықтары әртүрлі ауқымды көрмелерге бірнеше рет қатысуға шақырылды және оның жұмыстары көрермендердің ыстық ықыласына ие болған.

«Мен алдағы уақыттарда бұл өнертабыстарымның принциптерін, өндірісі мен пайдалану әдістерін жазып, қоғамға насихаттауға және ауыл тұрғындарының өміріне көбірек қолайлылық жасауға тырысамын», - дейді Құбайдолла Манапұлы.

Өзбекстан Париждегі Олимпиадаға дайындыққа қанша қаржы жұмсады - «ӨзА»

2024 жылдың алғашқы ширегінде Париж-2024 Олимпиада ойындарына дайындық үшін 73 миллиард 355 миллион 700 мың сум көлемінде қаражат жұмсалған. Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) ақпаратына сәйкес, бұл қаржы Олимпиадаға дайындалып жатқан 20 спорт федерациясы мен қауымдастықтар берген өтінім негізінде жергілікті және халықаралық оқу-жаттығу жиындарына бөлінген, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Хабарда айтылуынша, «Өзбекстан спортшыларын 2024 жыл Парижде (Франция) өтетін ХХХІІІ Жазғы Олимпиада және XVII Паралимпиада ойындарына жан-жақты дайындау туралы» Президент қаулысына сәйкес ӨР Спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті федерациялар жарысқа жүйелі түрде дайындалуда.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, сонымен қатар, олимпиадалық спорт түрлері бойынша федерациялар мен қауымдастықтардың жарғылық шығыстары, ұлттық құрама спортшыларына құрал-жабдықтар мен арнайы инвентарлар сатып алу, оларды медициналық-биологиялық қамтамасыз ету, беделді турнирлер мен чемпионаттарға қатысуға байланысты шығындар да мемлекет есебінен қаржыландырылады, делінген.

Алтайдағы мәдени мұра - «Өртеке» – CNR

ортеке
Фото: mp.weixin.qq.com

Қазір Шыңжаңның Алтай аймағының туризмы думанға бөленді. Атап айтқанда, Қаба ауданының Аққаба қыстағында қазақ кария домбырасын шертіп, «Өртеке» ойнатып, саяхатшыларды қызықтыра бастады, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы». 

Қытайлық басылымның дерегінше, «Өртеке» өнері - Алтайдың аймақ дәрежелі материялдық емес мәдени мұрасы. «Өртеке» өнерінің заңды мұрагері Серік Қыдырмоллаұлы ағаштан жасалған өртекені арада байланған жіп арқылы қолымен меңгеріп, тағы бір жағынан домбырасын шертіп, өртекені үстел үстінде тік тұрғызып билетеді. Өртеке күйге ілесіп секіреді, айналады, кейде аунайды. Бұлда көрер көзге қызық сезіледі.

«Өртеке» ойнату өнері бұрынғы уақыттарда қазақ халқы арасында кеңінен таралған. Әртүрлі мереке-мейрамдар мен ойын-тойларда көпшіліктің көңілін көтерген.

Алайда, соңғы жылдары біртіндеп азайып барады екен. Серік Қыдырмоллаұлының әкесі 70 тен артық күйді шерткен домбырашы, күйші болған. Серік те бұл өнерге кенде болмай, әкенің өнерін жалғастырып келеді.

Соңғы жаңалықтар