76 жастағы хореограф: Балалардың көзіндегі оттан күш-қуат аламын
АСТАНА. KAZINFORM — Жақында ғана балалармен бірге қосылып билеп тұрған хореограф атаның бейнежазбасы әлеуметтік желіні шарлап кеткен еді. Дәл осылай желі жұлдызына айналған 76 жастағы қария «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болып, өзінің тәжірибесімен бөлісті.

— Кішкентай кезімде бимен мүлде айналыспағанмын. Біздің ауылдағы мектепте ондай үйірме болған жоқ. Мен Қостанайда алдымен ауыл шаруашылығы саласын оқыдым. Алғаш рет сонда жүрген кезде биге қатыстым. Ол кезде техникумда ұлдар ғана болды. 1 жылдан кейін мен ансамбльдің құрамына қабылдандым. Сонымен ары қарай билеп кеттім. Одан кейін бірден институтқа түстім. Оны оқып жүргенде 4 жыл тағы биледім. Солай елге 2 дипломды алып, мұғалім болып келген кезде бірден мектептен тегін қоғамдық үйірме ашып, балаларды биге үйреттім, — дейді кәсіби хореограф.
Ерсін Жүсіпов желіде көрерменнің қошеметіне бөленген видео туралы өзі би үйрететін балаларынан естігенін айтады. Ол бейнежазбаны алғаш көрген кезде өзін біртүрлі сезінгенін жеткізді.
— Бұл видеодағы балалар — осы Қояндының балалары. Осында конкурс болып барғанда мен сахнаның сыртында тұрып, балаларға биді көрсетіп тұрғанмын. Соны біреу түсіріп, салып жіберіпті. Оны 3–4 күнге дейін білген жоқпын. Кейін балаларым келіп «Ата, мынаны қараңызшы. Сіз жұлдыз болдыңыз» деді. Мен сол кезде тіпті не айтарымды да білмей қалдым. Сырттан түсірілгендіктен күлкілі, клоун сияқты көрінді. Сосын бірден мектеп директорына хабарластым. «Неге менің видеомды салып жібергенсің?» деп сұрасам, ол «Ағай, менің кінәм жоқ. Мен олай істеген жоқпын» деп жауап берді. Сөйтсем, оны мүлде басқа адам салған екен. Ол жерде елдің пікірі оң болса да, мен өзімді біртүрлі, ыңғайсыз сезіндім. 76 жасыңда у-шу, азан-қазанның ортасында жүрген біртүрлі секілді көрінді, — дейді қария.
Қарт хореограф балаларға би үйретудің қиын екенін жеткізді. Тіпті бір биді толық дайындап шығуға 5 ай уақыт кететін көрінеді.
— Кішкентай балаларды биге үйретуге көп уақыт керек. 1 биді қойғаннан кейін оны 4–5 ай жаттатасың. Бұлардың бәрі 7–9 жас аралығындағы балалар. Мен негізінен халық билерін қоямын. Мектеп директоры маған «Осы „Кірпілер“ биін қойыңызшы, мен Қытайдан керек киімдерді алдырайын» деп ұсыныс жасады. Сол үшін мен осы биді қойған едім. Ал мәдениет үйіндегі ансамбльде тек қазақтың ұлттық билері қойылады, — дейді ол.
Ерсін Жүсіповтың қолынан түлеп ұшқан бірқатар шәкірт қазір кәсіби биші. Олардың арасында өзінің де ұлы бар.
— Қазіргі таңда 30-дан аса шәкіртім — кәсіби биші. Колледж, институттарда сабақ беретін оқушыларым да бар. Осылай эфирге шыққалы бері бәрі де хабарласып, мені құттықтап жатыр. Менің кіші балам да кішкентай кезінде менің би үйірмеме қатысты. Кейін 9-сынып бітірген соң Алматыдағы Жүргенов атындағы колледжге өзім алып барып түсірдім. Оны бітірген соң театрда жұмыс істеді. Сосын университетті де хореография саласы бойынша бітірді, — дейді студия қонағы.
Ол балалардың көзіндегі жалыннан қуат алатынын айтады. Оған қоса, мамандығын шынайы жақсы көретінін де жеткізді.
— Мен балалардың көзінен от көрген кезде содан өзіме күш-қуат аламын. Біз отырып жұмыс істемейміз. Кішкентай балаларға бәрін өзің көрсетуің керек. Егер кәсіби бишілер болса, оларға аса шаршамайсың ғой. Бірақ кішкентай балалармен бірге жүгіру керек. Менің ширақ, шымыр болып жүргенім бидің арқасы деп ойлаймын. Сол себепті ең бірінші әрбір адам өз мамандығын сүюі керек деп ойлаймын, — дейді қарт хореограф.
Айта кетелік Димаш Құдайберген «Тау ішінде» әніне бейнебаян түсірген еді.