8 ақпан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 8 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
49 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Руслан Ерболатұлы ДӘЛЕНОВ дүниеге келді.
Целиноград қаласында туған. Мәрмәр университетін бітірген, экономист (Ыстанбұл қаласы, 1999).
1999-2002 жылдары ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігінде қызметкер, мұнай, газ және энергетика бөлімінің бастығы, Кірістерді талдау және болжамдау департаментінің бастығы, 2002-2003 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Кірістер, конвенциялар мен келісімшарттар департаментінің ағымдағы кірістер басқармасы бастығының міндетін атқарушы. 2003 жылы ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің кірістерді талдау және ағымдағы болжамдау басқармасының бастығы, 2003-2005 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Кірістерді талдау департаментінің директоры, 2005-2008 жылдары жеке компанияның директоры, «Инвестициялар рентабельділігін зерттеу агенттігі» ЖШС экономикалық тобының жетекшісі, 2008-2017 жылдары ҚР Қаржы вице-министрі болды. 2017-2019 жылдары ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі қызметін атқарған. 2019-2021 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.
2021 жылдың ақпан айынан бастап Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары қызметінде.

46 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі Мадияр Смәділұлы МЕҢІЛБЕКОВ дүниеге келді.
Жамбыл облысы Меркі ауданында туған. 2002 жылы Ливияның Триполи қаласындағы Исламға шақыру университетін бітірген, араб тілі және исламтану бакалавры. 2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің магистратурасын аяқтаған, филология магистрі.
2002-2005 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, 2005-2006 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы, 2006 жылғы сәуірден қыркүйекке дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің үшінші хатшысы, 2006-2011 жылдары ҚР Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің атташесі, үшінші, екінші хатшысы, 2011-2012 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің бірінші хатшысы, 2012-2015 жылдары ҚР Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің кеңесшісі, 2015-2017 жылдары ҚР Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің кеңесші-уәкілі, 2017-2019 жылдары ҚР Дубайдағы Бас консулы.
2019 жылғы 26 ақпанда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.

45 жыл бұрын (1979) Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Данияр Айтмұхаметұлы АЙТМҰХАМЕТОВ дүниеге келді.
2000 жылы Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша, 2006 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде менеджмент мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын Қазақстан Республикасы прокуратура органдарында бастаған (2000-2006 жылдары). 2006-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Орталық аппаратында лауазымды қызметтер атқарған. 2010-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Алматы облысы Әділет департаментінің бастығы болып еңбек етті. 2012-2016 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы, 2016-2019 жылдары ҚР Әділет министрлігінің жауапты хатшысы.
2019 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

44 жыл бұрын (1980) ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштер қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Қанатбек Бақытұлы ЖАЙСАҢБАЕВ дүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер», 2012 жылы Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін «экономист» мамандығымен тәмамдаған.
2000-2001 жылдары Қазақ мемлекеттік заң академиясының Қызылорда филиалында мұғалім, 2001-2005 жылдары Қызылорда облыстық әкімшілік сотының бас маманы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының маманы, бас инспекторы, мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, 2005-2007 жылдары ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы, 2007-2008 жылдары «Kazakh Integrated Services» ЖШС және «CNRG Capital» ЖШС заңгері, 2008-2010 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2010-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, кейін Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 2021-2022 жылдары ҚР Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті.
2023 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

42 жыл бұрын (1982) - VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Васильевна СМЫШЛЯЕВА дүниеге келді.
Қостанайда туған. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген, химия пәнінің мұғалімі.
Еңбек жолы: 2003-2005 жылдары А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің химия кафедрасының оқытушысы, 2005-2006 жылдары А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Аграрлық-биологиялық институты директорының тәрбие ісі және қоғамдық келісім жөніндегі орынбасары, 2006-2008 жылдары «Ровесник» Қостанай облыстық педагогикалық ұжымы» ҚБ бағдарлама жетекшісі, 2008-2013 жылдары «Нұр Отан» ХДП Қостанай облыстық филиалы идеологиялық және қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі, 2013-2015 жылдары «Қостанай облысының қоғамдық педагогикалық қозғалысы» ҚБ төрағасы, Қостанай перинаталдық орталығы бас дәрігерінің маркетинг жөніндегі орынбасары, 2015-2021 жылдары «Қостанай облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, 2021-2023 жылдары АМАНАТ партиясынан партиялық тізім бойынша VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2023 жылдан бері қазіргі қызметінде.
