Көліктерді бюджетке төленуі тиіс баждан босатқан бұрынғы кеден қызметкері Испаниядан экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану және қызметтік жалғандық жасауда күдікке ілінген тұлға Испаниядан экстрадицияланды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, күдікті азаматты Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері Қазақстанның Испания Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен Барселона қаласынан экстрадициялады.
Ол 2020 жылы кеден органдарының қызметкері бола отырып, ақпараттық дерекқорға жалған мәліметтер енгізу арқылы 8 автокөліктің иелерін бюджетке төленуге тиіс кедендік баждардан заңсыз босатқан деп күдік келтіріліп отыр.
Келтірілген залалдың жалпы сомасы 45 миллион теңгеден асады. Күдікті үш жылдан астам уақыт бойы қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуде болған, кейін ҚР ІІМ-нің Интерпол сұрау салуы бойынша Испания аумағында ұсталды.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Өзіне тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Осыған дейін Қаржы пирамидасын басқарғаны үшін іздеуде жүрген адам Грузиядан экстрадицияланғаны туралы жаздық.