8 айда Қазақстан арқылы Қытайдың 7,3 млн тонна жүгі өтті
Биыл 8 айда Қытайдан Қазақстан арқылы 7,3 млн тонна жүк өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтары мен 1 тамызы аралығында Қазақстанға Қытайдан 1 763 603 тонна жүк келді. Ал осы аралықта еліміз арқылы Қытайдан Арменияға 8 506 тонна, Беларусьқа 231 396 тонна, Қырғызстанға 222 310 тонна, Ресейге 2 250 058, ЕАЭО елдеріне 2 712 270 тонна, үшінші елдерге 2 884 551 мың тонна жүк жөнелтілді.
«Бұл ретте, сыртқы экономикалық қызмет Тауарлар номенклатурасының 39 (пластмассалар және олардан жасалған бұйымдар), 40 (көксағыз, резеңке және олардан жасалған бұйымдар), 48 (қағаз және картон; қағаз массасынан, қағаздан немесе картоннан алынған бұйымдар), 64 (аяқ-киiм, гетралар және ұқсас бұйымдар; олардың бөлiктерi), 73 (қара металдардан жасалған бұйымдар), 84 (ядролық реакторлар, қазандар, жабдықтар мен механикалық құрылғылар; олардың бөлiктерi), 85 (электр машинкалары мен жабдықтар, олардың бөлiктepi) және 87 (темiр жол немесе трамвай жылжымалы құрамдарынан басқа, жермен жүретiн көлiк құралдары және олардың бөлiктері мен керек-жарақтары) кодтары бойынша тауарлар басқа тауарларға қарағанда едәуір көп тасымалданады», - деп нақтылайды комитет агенттік тілшісінің ресми сауалына орай.