8 қараша. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 8 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстанда статистика күні
1920 жылы Қазақстанда бірыңғай статистикалық органдар құрылуына орайластырылған.
Дүниежүзілік қала құрылысы күні
Халыққа барлық керегі қамтамасыз етілген жайлы кеңістік ретінде қала құрылысын дамытуға арналған. Мереке 1949 жылы белгіленді.
Дүниежүзілік Wi-Fi-cыз күн
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының үкіміне сәйкес, Wi-Fi жұмыс істейтін радиожиілікті диапазон адам денсаулығына сезілетін қауіп төндірмейді. Солай болғанымен, кейбір ұйымдар бұған қатысты алаңдаушылығын білдіріп отыр. Олардың арасында Венесуэлада тіркелген Қоршаған ортаны қорғаушылардың Халықаралық ұйымы бар. 2016 жылы бұл ұйым 8 қарашаны Дүниежүзілік Wi-Fi-cыз күн деп жариялады. Мақсаты – жұртшылықтың барлық жерде сымсыз технологияларды қолданумен байланысты қатерге назарын аударту.
Халықаралық радиологтар күні
2012 жылдан бері тойланады. Бұл Еуропа радиологтер қоғамының, Солтүстік Америка радиологтер қоғамының және Америка радиология колледжінің ортақ идеясы болды. Оны дәл осы күні атап өту 1895 жылы рентген сәулесінің ашылуымен байланысты.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АССР Халық Комиссарлары Кеңесі «Қырғыз АССР мемлекеттік статистика туралы ережені» бекітті. Сол жылы Қазақ АССР статистика басқармасы құрылды. Кейін, 1948 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанынан Статистика басқармасы қайта құрылды.
1997 жылы Алматыдағы Президент резиденциясында ҚР мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Ақмола қаласына (қазіргі Астана қаласы) шығарып салу салтанаты өтті.
2002 жылы ҚР Үкіметінің № 1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде (бұрынғы ҚазТАГ) «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. «Қазақ ақпараттық агенттігі» республикалық қазынашылық кәсіпорын базасында мемлекеттің жарғылық капиталдағы 100 пайыздық қатысуымен жаңа ұлттық компания болды. «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның тұсаукесері Астана қаласында 2003 жылдың 19 наурызында өтті.
2004 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің елшілері клубының алғашқы отырысы өтті. Онда ШЫҰ хатшылығы, ұлттық үйлестірушілер кеңесі және Қазақстанда тіркелген елшіліктер жанындағы тұрақты өкілдер арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
2004 жылы Семей мешітіне 1907 жылы Қазан қаласында басып шығарылған Құран кітабы тапсырылды. Оны Семей қаласында «Дау-Каз» серіктестігінің қаржы директоры Олег Власенко ескі ғимаратты жөндеу жұмыстары кезінде тауып алған. Басылымда Құранның араб мәтінімен бірге оның орыс тіліне аудармасы да келтірілген. Аударған – танымал орыс шығыстанушысы Гордий Саблуков.
2010 жылы Қарағандыдағы Жұлдыздар аллеясында ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Байбосыновтың құрметіне естелік белгі қойылды. Қ.Байбосынов 1950 жылы Жезқазған облысында дүниеге келді. 1969 жылы Қазақ эстрадалық студиясын тәмамдады. Ол – атақты әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚазКСР Халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің шәкірті.
2011 жылы ТМД елдерінің арасында алғаш рет Қазақстанда Қазақ телевизия энциклопедиясы жарық көрді. Онда тек отандық телекомпаниялар туралы ғана емес, алыс-жақын шетелдерде әр жылдарда эфирге шыққан танымал телевизиялық бағдарламалар жайы да айтылады.
2013 жылы елордалық «Астана Опера» театрының әншісі Салтанат Ахметова Германияда өткен Neue Stimmen ірі вокалшылар конкурсының бірінде финалға өтіп, «Klassik Herbst in Gutersloh' Forderpreis» («Гютерслодағы классикалық күз») жүлдесін ұтып алды. Бұл конкурсқа бір жарым мыңға жуық адам өтінім берген, соның ішінде барлығы 40 адам өткен. Финалға тек 9 вокалист өткен, соның ішінде С.Ахметова да болды.
2016 жылы Қазақстан Президенті Н. Назарбаев «Гои» бейбітшілік қоры атынан «ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан зор үлесі үшін» 2016 жылғы әлем мәдениетінің арнайы сыйлығымен марапатталды. Арнаулы сыйлықты салтанатты түрде Гои бейбітшілік қорының төрайымы Масами Сайонджи мен қор президенті Хироо Сайонджи табыс етті.
«АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінде 1938-1953 жылдары лагерьде жазасын өтеген эстон әйелдеріне арналған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті. Шараға Эстония Республикасының Премьер-Министрі Юрий Ратас, Эстонияның Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері, Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарим Мұхамбеталина және музей қызметкерлері қатысты.
2019 жылы елордада поляк авторларының түрлі тілде жазған кітаптары жиналған Қазақстандағы алғашқы полониялық кітапхана пайда болды. Мұндағы кітап сөрелерінде Адам Мицкевич, әдебиеттен Нобель сыйлығының лауреаттары атанған Генрик Сенкевич, Владислав Реймонт, Вислава Шимборская және Чеслав Милоштің классикасы, тарихи және балалар әдебиеті қойылған.
2021 жылы БАӘ-нің Әбу-Даби қаласында 44 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен 14 жастағы қазақстандық Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан үш дүркін әлем чемпионы атанды.
«Бірінші қарсылас БАӘ, екіншісі Таиланд, үшіншісі БАӘ, төртіншісі Ресей Федерациясынан болды. Достар, баршаңызға жылы лебіздеріңізге рахмет, қолдауларыңыздың арқасында чемпиондық атақты жеңіп алдым», - деп жазды жас чемпион Instagram-парақшасында.
2021 жылы Дәрежан Өмірбаев 34-ші Токио халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысқан «Ақын» фильмі үшін «Үздік режиссер» жүлдесін алды.
Токио халықаралық кинофестивалі - Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясы (FIAPF) бекіткен, әлемдегі ең үздік 15 кинофестивальдің қатарына кіретін «А» класс фестивалі. Ол 1980 жылдан бері өткізіліп келеді.
2021 жылы қазақстандық ғалымдар жатыр мойны обырын кешенді диагностикалауға арналған сұйықтық ойлап тауып, оған патент алды. Нәтижесінде бұл өнім ҚР Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар тізіліміне енгізілді.
2022 жылы Мемлекет басшысы Атырау облысының жұртшылығымен кездесу өткізді. Президент мемлекеттік саясат алдағы уақытта да «Күшті өңір – қуатты ел» қағидатын іске асыруға бағытталатынын атап өтті. Осы тұрғыда ол Атырау облысының дамуына тың серпін беретін бірқатар міндеттерді атады. Баяндамада бірінші басымдық – экономиканы әртараптандыру. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай қоймаларының қуаттылығын арттыруды ең өзекті міндеттердің бірі деп атады, өйткені өндірушілер шикізатты дереу экспорттауға мәжбүр – технология мұны талап етеді. Президенттің пікірінше, тағы бір маңызды міндет – балық шаруашылығын дамыту.