8 қазан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 8 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

2 қаңтар. Жылнама
Фото: Kazinform

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1860 жылы Алматыда алғашқы пошта бөлімшесі ашылды. Ол қаладағы Көк базар маңындағы кішкене ғимараттың тар бөлмесінде орналасты. Сол кездегі естеліктер бойынша жұрт хат немесе сәлемдеме жіберу үшін ауасы жоқ аядай бөлмеде 4-5 сағатқа дейін кезек күтетін. Бүгінде Алматы поштампы – «Қазпошта» АҚ-ның ең ірі және алдыңғы қатарлы филиалдарының бірі.

1930 жылы KAZGOR жобалау академиясы құрылды. Ұйым Алматы қаласындағы, басқа да облыс орталықтарындағы, Ресей және ТМД қалаларындағы бірегей ғимараттардың жобасын әзірлеген.

2007 жылы Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы Бейнелеу өнері мұражайы жаңа жәдігермен толықты. Абай ауданының тұрғыны Жәнібек Молдахан мұражайға тастан қашалған жауынгердің мүсінін тарту етті. Тасмүсін табылған жерге аттанған өлкетанушы-ғалымдар, бұл осыдан 1 мың жылдай бұрын қашалған түркі жауынгерінің бейнесі деген пайымға келіп отыр. Өлкетанушылардың айтуынша, тас мүсін көне түркілердің әдетте зират басына қоятын дәстүрлі ескерткіші болған және оның көмегімен байырғы көшпенділер дүниенің төрт бұрышын бағдарлаған.

2009 жылы Астанада Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды өтті. Ескерткіш Астана қаласының Тәшенов көшесінің бойындағы саябақта орналасқан. Ескерткіш қоладан, ал тұғыры граниттен жасалған. Биіктігі – 4,4 метр, салмағы – 5,5 тонна. Оның құрылысына 0,0625 гектар жер телімі берілді.

2010 жылы Forbes Style журналының (танымал бизнес жаршысының қосымшасы) нұсқасы бойынша елордалық «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі үздік экоғимараттардың ондығына кірді.

2013 жылы Қазақстанның Ұлттық география қоғамы құрылды. Оның басты мақсаты – сенімді географиялық мәліметтерді жинау және тарату, ғылымды дамыту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, елдің тұрақты дамуына, жасыл экономикаға көшуіне қолғабыс ету.

2017 жылы белгілі археолог ғалым А.З. Бейсенов бастаған қарағандылық археологтер 3000 жылдық Сарыарқа пирамидасын реконструкциялау жұмыстарын аяқтады. Енді еліміздің туристік картасында жаңа бірегей ескерткіш – Беғазы-Дәндібай мәдениетінің мавзолейі пайда болды. Қарағандыда орналасқан, қола дәуіріне тән пирамиданы археологтер 2016 жылы тапты. Ғалымдардың есептеуінше, мавзолей үш мың жыл бұрын салынған.

2017 жылы қазақ дзюдошысы Жансай Смағұлов Ташкентте өткен Гран-при кезеңінің чемпионы болды. Өзбекстан астанасында әлемнің 27 елінен жиналған 183 дзюдошы күрес жүргізді.

2019 жылы Astana Hub халықаралық IT стартаптар технопаркі мен БҰҰ Балалар қоры (UNICEF) елордада «Social Innovation» әлеуметтік инновациялар зертханасын іске қосты. Жобаның басты мақсаты – қазақстандық балалардың мүддесін қорғайтын әлеуметтік жобаларды қолдау мен дамыту.

2020 жылы археологиялық қазбалар кезінде Қызылқоға ауданының Миялы ауылының маңайындағы 3 қорғаннан жақсы сақталған ежелгі жауынгердің сүйектері табылды. Табылған сүйектер біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырға жатады. Сонымен қатар, жауынгер көмілген жерден 1 метр ұзын семсер, жебе ұштары мен темір қалқан, ат әбзелдері мен өзге артефакттер алынды. Табыстың тарихи құны жоғары, себебі ол өте сирек кездеседі.

2021 жылы Ұлттық кітапханада тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Клара Шайсұлтанқызы Хафизованың жеке кітаптар жинағын кітапхана қорына тапсыру рәсімі өтті.

2021 жылы павлодарлық мұражай қызметкерлері бір ғасырға жуық тарихы бар суретті тапты. Белгісіз суретшінің қылқаламынан қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушы, 1938 жылы сотталып, атылған Жұмат Шаниннің жары, актриса Жанбике Шанинаның бейнесі бейнеленген. Сурет мұражай қоймасында кездейсоқ табылды, оған қосымша 60 мың түрлі экспонаттар бар. Құжаттарға сүйенсек, оны 1991 жылы мұражайға Жанбике Шанинаның кіші сіңілі Мәрзия сыйлаған екен.

2023 жылы Қазақстан құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында 2022 жылғы жазғы Азия ойындарындағы өнерін аяқтады. 2022 жылғы Азия ойындарына қатысу кезінде Қазақстан құрамасы барлығы 80 медаль жеңіп алды. Спортшылардың қоржынында 10 алтын, 22 күміс және 48 қола медаль бар. Соңғы медальдық есепте Қазақстан құрамасы 11-ші орынға тұрақтады.

2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге жұмыс сапарымен барған кезде ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

2024 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығымен Қазақстанда қазақ тілінің стандарттарын жетілдіру жөніндегі республикалық орфографиялық комиссия құрылды.

Соңғы жаңалықтар