8 келіге жуық алтын тауып алған Қытайдағы қандасымыздың хикаясы (ФОТО)

Бұл хабар Қытайға ғана емес бүкіл әлемде қоғамдық аңыс тудырды. Өйткені мұндай кесек алтынның табылуы әлемде сирек кездесетін құбылыс көрінеді. Миллиард қытайдың арасынан кесек олжаның қандасымызға бұйырып басына бақ қонып жатса неге тілеулес болмасқа?! «Бардың пайдасы, жоқтың найзасы тиеді» дегендей олжалы болған қандасымыз Берік Сауытұлы ауылдағы қиыншылығы бар жандарға көмек қолын созып жатыр екен. «Қыран құс олжасын шашып жейді, жапалақ қанатының астына басып жейді», - демекші қыран текті қазақ азаматының игі істеріне тек сәттілік тілейміз. Жақында Берік Сауытұлымен телефон арқылы тілдесудің сәті түскен еді. Енді осы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Сізге атажұртыңыздан арнайы қоңырау шалып тұрмыз. Қуанышыңызбен бөлісейік деп едік. Тауып алған алтыныңыз құтты болсын!..
- Рахмет! Қазақ елінен, атажұртымнан алғаш болып сіздер құттықтап жатсыздар. Бұл маған қуаныштың үстіне қуаныш сыйлады.
- Енді бізге «ат басындай» кесек алтынды қалай тауып алғаныңызды айтып берсеңіз?
- Бұрынғы көреген бабаларымыз: «Алтайдың тауы да алтын, тасы да алтын» деп бекерге айтпаған екен. Міне, бүгін осы сөздің ақиқатына көз жеткіздім. Шіңгіл ауданы таулы, адырлы, тасы да көп, суы тұнық, шөбі қуатты құтты мекен. Мұндағы халық - малы бары малын өсіріп, жері бары егінін жайқалтып, ал малы да, жері де жоқ кейбір адамдар осы таулы мекеннің адыр-қырқасын кезіп, алтын қазып, бағалы тастар теріп, сол арқылы өз несібесін тауып өмір сүруде. Жер-ана ешкімді жатырқамай, жатсынбай еңбектенген адамға байлығын аямайды екен.
- Сіз де алтыныңызды осы Шіңгіл ауданының өзінен таптыңыз ба?
- Иә, шекара асып, шет ауданға барғам жоқ. Өзім туып-өскен ауылым маңындағы тау беткейінен тауып алдым.
- Алтын жер бетінде жатты ма, әлде арнайы техниканың көмегімен жер астынан қазып алдыңыз ба?
- Сізге - өтірік, маған - шын. Алла берейін десе, бәрі де оңай екен. Алланың құдіреті ғой. Маған бұйыртып тұрған шығар?! Жер бетінде жарқырап жатқан жерінен тауып алдым. Алғаш көзім шалып қалғанда өз-өзіме сенбедім. Мұндай жалғыз кесек алтын жер бетінде жарқырап жатуы мүмкін емес қой деп ойладым. Тіпті, біреудің қалтасынан не сөмкесінен түсіп қалуы мүмкін емес. Ғажап!
- Алтынды тауып алған күні арнайы алтын іздеуге шықтыңыз ба?
- Негізі, алтын іздеп шықпаған едім. Біздің Шіңгіл ауданының тау беткейлерінде әр түрлі бағалы тастар өте көп. Сол күні тас қарауға шыққам. Алланың бұйрығымен алтын тауып алдым.
- Тауып алған алтыныңыздың таза салмағы нақтылы қанша болды?
- Таза салмағы 7 келі 850 грамм болды.
- Алтыныңызды саттыңыз ба?
- Саттым.
- Жергілікті билік орындары сатып алды ма, әлде жеке саудагер сатып алды ма?
- Жеке саудагер сатып алды.
- Сізге жергілікті билік өкілдерінен: «Бұл - мемлекеттің байлығы, алтынды мемлекетке тапсыруың керек» деген ұсыныс-талаптар болды ма?
- Ондай талап болған жоқ. Керісінше, қорғап, қолдап, сатуыма көмектесті. Алғаш тауып алғанымды айтқанда қай жерден, қалай тауып алғанымды тексеріп, жазып-сызып алды. Бір күннің ішінде алған жерімді, қалай тауып алғанымды барлығын анықтап шықты. Тексерістерінің қорытындысы бойынша алтынды мемлекеттің заңмен қорғауға алған қазба-байлық, кен орындарынан қазып не басқа біреуден ұрлап алмағаным үшін өзіме тәуелді етіп, қалай, қайда, кімге сатуыма рұқсатын берді.
- Бағасы өз ойлағаныңыздай болды ма?
- Менің тауып алғаным кебек алтын емес, кесек алтын ғой. Әдетте кебек алтын мен кесек алтынның бағасы ұқсамайды екен. Алтыныңыз қаншалық кесек болса, соншалық бағасы да жоғары болады екен. Бірақ, менің алтынымның бағасы өзім ойлағандай болған жоқ. Бірақ, Аллаға шүкір, келген бағасына саттым. Барға қанағат еткен халықпыз ғой. Алтын тауып алмағанда да жан бақтым. Мұндай бағаға алмасаңдар сатпаймын деп бағаға көп таласып кетпедім. Ал нақтылы қаншаға сатқанымды құпия қалдырайын.
- Алтынды сатқанға дейін қайда сақтадыңыз?
- Өз үйімде сақтадым.
- Сол аралықта өсек- аяң көбейіп кеткені белгілі, сіздерді «отбасымен жоғалып кетті» деген сөздер де болды...
- Иә, бұның бәрі өтірік, белгісіз біреулер қоңырау шалып мазалай берген соң, телефонымды сөндіріп қойған кездерім болды. Және туысқандарымның үйіне бірнеше күн қыдырып кеткен уақыттар болды. Осы аралықта ғаламтор бетінде «жоғалып» кеткенім туралы ақпараттар таралып кетіпті.
- Үйден ұрлатып алам ба, тонатып алам ба деп алаңдаған жоқсыз ба?
- Жоқ, алтынды тауып алған соң жергілікті билік өкілдеріне мәлімдедім. Олар келіп, көріп, тексеріп, таза алтын екені анықталған соң, қауіпсіздігімді өздерінің кепілдіктеріне алды. Алтынды сатқанға дейін арнайы әскери жасақпен бақылауға алды. Өздерінің байланыс нөмерлерін беріп, бір жағдай туындай қалса, хабарласуымды өтінді. Жергілікті билік өкілдеріне алғыстан басқа айтарым жоқ.
- 7 келі 850 грамм болатын кесек алтынды нақтылы қаншаға сатқаныңызды айтпасаңыз да, қомақты қаржыға кенелгеніңіз түсінікті. Сол ақшаларыңызды қандай игілікті істерге жұмсап жатқаныңызды айтатын шығарсыз?
- Әрине! Қазақ «Алғаныңды емес, бергеніңді айт» демей ме? Бұл алтынды Алла сыйлады. Енді одан түскен ақшаны адал әрі игілікті істерге жұмсау азаматтық борышым ғой. Өзім туып-өскен Ағашоба ауылында бұрыннан келе жатқан тозығы әбден жеткен кішкентай мешітіміз бар болатын. Қазір сол мешітке жаңадан күрделі жөндеу жұмыстарын жасатып жатырмын. Ауылымыздағы қаракөздеріміз білім алатын шағын мектептің де тозығы жетіп тұр. Сол мектептің де жөндеу жұмыстарына біраз ақшамды жаратып жатырмын. Ал оның сыртында жетім-жесір, ауру-сырқау адамдарға да қолұшымды созудамын. Қолыңда бар болғанда жағдайы төмен отбасыларға көмектескенге не жетсін? Біреулер қарыз сұрап алса, кейбір жағдайы өте төмен адамдарға қайтарымсыз ақша да бердім. Жалпы, ауылымдағы ағайын-туыс, көрші-қолаңдарымның барлығына шамам келгенше көмектесіп жатырмын. Қазір ауылдастарым, құрбыларым мені өсімсіз қарыз беретін «банк» деп қалжыңдайды.
- Достарыңыз көбейіп кеткен шығар...
- Қазір дос та, таныс та, туыс та көбейді. Жақындарың көп болғаны жақсы ғой, әрине. Тек кімнің шынайы дос екенің бір Алла ғана біледі.
- Алтын тауып алғанға дейін өзіңізде қанша дәулетіңіз болды?
- Оған дейін қоңыр қалталы болдым. Ашығын айтқанда, жағдайы төмен отбасылардың бірі едім. Әйелім де жұмыссыз, үй шаруасының адамы. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп жатырмыз. Балаларым да өз нанын өзі тауып жейтін жаста емес. Әлі кішкентай. Осыдан екі жыл бұрын 70 тұяқ қойым болған. Қыстан қысылып, көктемге іліне бергенде белгісіз індеттен 50 тұяқ қойым бір күнде қырылып қалды. Ал былтыр 10 бас сиырым бар еді, соның жетеуі тағы да сол белгісіз індеттен бір күнде өліп қалды. Сосын жағдайымыз қиындап кеткен. Бір гектарға жетер- жетпес жерім бар. Содан орған шөбімді аз ғана малыма беріп, қалт еткен уақытымда бағалы тас теріп сатып, күнделікті жалдамалы жұмыстарға шығып, нәпақа тауып жүргем. Осылай Алланың шексіз құдыретімен бір күнде байлыққа кенелем деп ойлаған жоқпын.
- Енді өзіңіз жеке кәсіп көзін ашу ойыңызда бар шығар?
- Жоқ емес, аға-інілеріммен бірлесе отырып, бір шағын кәсіп көзін ашуды жоспарлап жатырмыз.
- Осындай жағдайыңыз жақсы болып тұрғанда ата-жұртыңызға жетіп алу жоспарыңызда жоқ па?
- Ондай ойлар жоқ емес. Алдағы уақыт көрсете жатар.
- Әңгімеңізге рахмет!
Күнсұлтан Отарбай