8 қыркүйек. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 8 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

7 мамыр. Жылнама
Коллаж: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Журналистердің халықаралық ынтымақ күні (1958)

Бұл күні чех журналисі Юлиус Фучикті гитлершілер Берлин түрмесі - Плетцензеде айуандықпен өлтірген. Бухаресте өткен 4-ші Халықаралық журналистер ұйымы конгресінің шешімі бойынша бұл дата жалынды журналисті еске алу мақсатында атап өтіледі.

Халықаралық сауаттандыру күні

1967 жылдан бастап, ЮНЕСКО Бас конфедерациясы 14-сессиясының 1.141. қарары негізінде аталып өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1824 жылы Қарағанды облысының ең ескі қаласы, облыстың экономикалық және мәдени өмірінде маңызды орын алатын Қарқаралы қаласы құрылды. Іргесі 1824 жылы Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланған. 1868 жылы уездік орталыққа айналды. Қарқаралы Орта Азия мен Қытайдан Сібірге баратын керуен жолының торабы ретінде маңызды сауда, кәсіпшілік және мәдени-ағарту орталығына айналды. Ал Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрды.

1945 жылы Қазақстандағы алғашқы мұнай өңдеу кәсіпорны Атырау мұнай өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Зауыттың алғашқы өнімі – автокөлік жанармайы.

1993 жылы Алматыдағы «Мұраттас» ғылыми-зерттеу баспа орталығы Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің «Ақыл кітабын» («Диуани хикмет») қазақ тілінде жарыққа шығарды.

1994 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Даму банкі құрылды.

1997 жылы Батыс Қазақстан облысының Орда ауылында Жәңгір хан кесенесінің ашылу салтанаты болды.

2001 жылы Астанада «Қазақстан картасы: «Атамекен» деп аталатын жаңа этномемориалдық парктің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл картада Қазақстанның барлық аймақтары қамтылып, еліміз аумағында орналасқан 100-ден астам нысан түпнұсқасынан айнымайтындай етіп көрсетілген. Олардың арасында қалалар, ондағы басқару мекемелері, мәдениет ошақтары, ірі өндіріс орындары, тарихи ескерткіштер қамтылған.

2006 жылы Моңғол ұлттық қоғамдық телеарнасында «ТВ-Толқын» атты қазақ бағдарламалары редакциясы өз жұмысын бастады. Телебағдарлама қазақ тілінде аптасына 1 рет жарық көріп тұрды.

2007 жылы Қобда ауданының Жиренқопа ауылында Қобыланды батырдың мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды. Авторы - сәулетші Бек Ыбыраев. Қобда жағалауындағы мемориалдық кешен әскери тақырыпта салынған. Әскери бас киіміне ұқсатып жасалған дөңгелек ғимарат бұрынғы жерленген жерде бой көтерді. Мавзолейге бара жатқан жолда меңгір-тастары орнатылған, олар қолбасшының тыныштығын сақтайтын сарбаздар сияқты. Шетінде әскери жебеге ұқсатылып жасалған ғимарат, онда кішігірім мұражай және саяхаттанушыларға арналған қонақүй бар.

2010 жылы «Бір ел - бір кітап-2010» шарасының аясында «Жұбан Молдағалиев. «Мен қазақпын. Я казах» атты туындының қазақ және орыс тілдеріндегі электронды нұсқасын жарыққа шықты. Лазерлі дискіде бірнеше бөлім жазылған, атап айтқанда, «Бір ел-бір кітап» акциясының тарихы туралы ақпарат, белгілі, қазақ ақынының өмірбаяны, Ж.Молдағалиев туындыларының интерактивті көрмесі туралы жазылған бөлімдері бар.

2015 жылы «Қазпошта» АҚ Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған пошта маркасын айналымға шығарды.

2016 жылы Астанада әлемдегі алғашқы халықаралық қобызшылар конкурсы ашылды. Оған Америка, Азия және Еуропа елдерінен келген 30-дан астам өнерпаз қатысты. Салтанатты рәсім аясында «Тiлеп Қобыз Сарайы» көпбейінді кешенінде Тілеп Аспантайұлының (1757-1820) ескерткіші ашылды.

2019 жылы Ливандағы екінші қазақстандық бітімгершілік ротасының әскери қызметшілері БҰҰ-ның «Бейбітшілік қызметінде» медаліне ие болды. Жүлдені жиынтық ротаның жеке құрамына БҰҰ уақытша күштері штабының бастығы табыстады. Медальдің артқы жағында «In the service of the peace» деген бедерлі жазу орналасқан. Бұл «бейбітшілік қызметінде» деген мағынаны білдіріп, БҰҰ миссиясына қатысқандығын дәлелдейді. Міндеттерді орындау барысында біздің бітімгершілік рота «кәсіпқой бітімгер» мәртебесіне ие болды.

2019 жылы Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Фариза» спектаклінің премьерасы өтті. Басты кейіпкер - Фариза рөлін Әуезов театрының актрисасы Назгүл Қарабалина ойнады.

2020 жылы Қазақстан ғалымдары қой шешек вирусының ақуызын алу технологиясын жасады. Бұл технология бірқатар ауруларға арналған вакциналарды жасау кезінде сыналды. Бірақ қой шешегінің вирусы үшін алғаш рет ұсынылып отыр әрі әлемде баламасы жоқ. Қазақстандық ғалымдар әзірлеген әдіс темекінің генетикалық түрлендірілген өсімдіктерінде вирустық антигендерді өндіруге мүмкіндік береді. Алынған антигендер кейіннен қой шешегінің вирусына рекомбинантты вакцина өндірудің негізі ретінде қызмет етеді. Рекомбинантты вакциналарды алудың өсімдік жүйелерінің басқа эукариоттық жүйелермен салыстырғанда өзіндік құны төмен, өнімділігі жоғары және қауіпсіз болғандықтан, тартымды балама болып табылады, себебі оларда адамдар мен жануарлар үшін патогенді вирустар жоқ.

2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында атақты палуан, әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш ашылды. Ескерткіш Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының алдына қойылды.

Ескерткіштің мүсіні қоладан, тұғыры граниттен жасалған. Биіктігі - 7,5 метр. Авторы – Ербол Зиябеков.

2023 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаттарын марапаттаудың Х мерейтойлық рәсімі өтті. Қазақстанда жыл сайынғы игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы отбасылық құндылықтардың рөлін арттырып, қоғамдағы отбасы мен некенің оң имиджін көрсететін ауқымды және маңызды оқиғаға айналды. 10 жыл ішінде байқауға Қазақстанның барлық аймақтарынан 20 мыңнан астам отбасы қатысты. 2023 жылы байқауға 3344 отбасы қатысты. Оның 40 пайызы қалалық, 60 пайызы ауылдағы отбасылар. Облыстық жеңімпаздарды 20 лауреат отбасы ұсынды, олардың арасында мұғалімдер, металлургтер, әскери қызметкерлер, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы мамандары және т.б. Лауреаттардың отбасыларына дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

2024 жылы Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуы өтті. Ашылу салтанаты «Астана Арена» стадионында өтіп, шоуға 3 мыңға жуық өнерпаз қатысты. Ауқымды спорттық іс-шараның ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға Татарстан басшысы Рустам Минниханов, Түрікменстан Халк маслахаты төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және басқа да ресми тұлғалар келді. Ойындарға 89 елден 2500-ден астам спортшы қатысты.

Соңғы жаңалықтар