8 мамыр. Жылнама

Жылнама
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 8 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест күні

1953 жылдан бастап «Қызыл Крест» халықаралық қоғамының негізін қалаушы, швейцариялық гуманист, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының иегері Анри Дюнанның құрметіне жыл сайын атап өтіледі. Қозғалыстың өзі 1863 жылы жаралыларға көмек көрсету жөніндегі халықаралық комиссия құрылған кезде пайда болып, алғашында соғыс майдангерлеріне және ұрыс барысында жарақаттанғандарға көмек көрсеткен. 1864 жылдың тамызында Швейцарияда қол қойылған конвенцияға сәйкес, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің символы ретінде ақ түстегі Қызыл Крест алынған. 1906 жылы Осман империясында мұсылман елдерінің Қызыл Крестке ұқсас Қызыл Жарты ай қайырымдылық қоры құрылды. Осы екі қауымдастық та Женева қаласында штаб-пәтері орналасқан Халықаралық комитетке бағынышты. 2002 жылы Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты ай ұлттық қоғамы құрылып, 2003 жылдың желтоқсан айында Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамдары Халықаралық федерациясына қабылданды.

Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу және бітістіру күні

2004 жылғы 22 қарашада Бас Ассамблея мамырдың 8-і мен 9-ын бітістіру күні деп жариялап, мүше-мемлекеттердің әрқайсысы өз жеңіс күнін, азат етілген күнін және мереке күнін белгілей алатынын мойындай отырып, барлық мүше-мемлекеттерге, БҰҰ жүйесіндегі ұйымдарға, үкіметтік емес ұйымдарға және жеке тұлғаларға жыл сайын осы екі күннің біреуін немесе екеуін де атап өтуге шақырды.

Еуропада Жеңіс күні

1945 жылдың 7 мамыр күні Реймсте Үшінші рейхтің капитуляциясы туралы актіге қол қойылды. Алайда ол Сталинді қанағаттандырмады және 9 мамыр күні Мәскеу уақытымен сағат 00:43-те құжатқа қайта қол қойылып шықты. Бірақ, бұл орталық еуропалық уақыт бойынша 8 мамыр күні болатын. Осы себепті Жеңіс күнін көптеген Антигитлерлік коалиция елдері бұрынғы СССР елдері сияқты 9 мамыр күні емес, 8 мамырда атап өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1965 жылы Байқоңыр ғарыш айлағы Ленин орденімен марапатталды.

1975 жылы Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар саябағында Даңқ мемориалы ашылды. Сәулетшілері – Т.Бәсенов, Г.Сейдалин, В.Ким, мүсіншілері – В.Андрющенко, Р.Артимович. Жауға қарсы ұмтылған жауынгерлер бейнеленген мүсіндік композиция мемориалдың төріне орнатылған. Оның алдындағы алаңға мәңгілік алау жағылып, оның екі қапталы ұзын гранит қорған-қабырғамен қоршалған. Қабырғада «Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін шайқаста ерлікпен қаза болғандардың даңқы мәңгі арта берсін!» деген жазу, ал екі босағасында «Даңқ кернейшісі» және «Ант» деп аталатын мүсіндік топтама бар.

1993 жылы Тәуелсіз қазақ мемлекеті тарихында алғаш рет Алматы қаласындағы Республика алаңында әскери шеру өтті.

2012 жылы Шымкент қаласында Қоқан хандығына және басқа да сыртқы жауларға қарсы қазақ халқының азаттық соғысының белсенді қатысушысы ретінде тарихқа енген Ақпан батырға ескерткіш ашылды. Ол қазіргі Түркістан облысының аумағында, Қазығұрт тауының маңында дүниеге келген. Ақпан батырдың жауынгерлік аттағы бейнесін кәсіби мүсінші Сұлтан Иляев жасаған. Ол қоладан жасалған, ескерткіштің биіктігі – 5,5 м, ескерткіш жерден 6 метр биіктікте тұғырды көтереді.

2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының археологтары күміс монеталар мен XIII-XVI ғасырдың алтын бұйымдары салынған көмбе тауып алды. Қазба жұмыстары барысында Х-ХІІ ғасырларда салынған моншаның бір бөлігі табылды. 2600 дана күміс монета салынған құмыра ескі тандырдың түбіне көмілген екен. Монеталар шамамен XV-XVI ғасырларға тиесілі. Мұндай жәдігерлер тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды табылмаған.

2014 жылы Ресей Федерациясының Невель қаласында Екінші дүниежүзілік соғыс батыры Әбілқайыр Баймолдиннің ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Полковник Әбілқайыр Баймолдин Невель қаласын қорғау операциясы барысында 1944 жылдың қаңтарында дүниеден озды. Бүгінгі таңда ол өзінің майдандық жолдастары Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменовпен қатар қаланың орталық әскери қабірінде жерленген. Батырдың туған жері Павлодар облысы Лебяжье ауылында Ә.Баймолдин көшесінде мемориалды тақта орнатылды, ал Невельде алаңға оның аты берілді.

2015 жылы Батыс Сахарада (MINURSO) референдум өткізу кезінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссиясын жүзеге асыру барысында қазақстандық офицерлер капитан Бақтияр Ақбалаев пен капитан Темірлан Мүсәпіров UN медальдарымен марапатталды.

2015 жылы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов және басқа да ұшқыштардың әдеби шығармаларына негізделген «Падает вверх» әскери драмасы түсірілді. Фильм Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған. Оның авторлары - кинодраматург Ермек Тұрсынов пен журналист, телепродюсер Виктор Климов.

2016 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясында «Діндер бейбітшілік жолында» атты жоғары деңгейлі диалог өтті.

2017 жылы оралдық жас әнші Ержан Максим Италияда өткен San-Remo junior байқауында бірінші орын алды.

2019 жылы қарағандылық спортшылар Руфат Хабибуллин мен Дастан Мұқашбеков мүгедектігі бар жандар арасында өткен жеңіл атлетикадан беделді халықаралық турнирде екі алтын, бір күміс және қола медаль алды. Марракеш (Марокко) қаласында өткен жарысқа 34 елдің 350 спортшысы қатысып, бақ сынады.

2021 жылы елорданың Сарыарқа даңғылының бойында (Талғат Бигелдинов көшесінің қиылысы) екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновке ескерткіш ашылды. Жобада мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев жұмыс атқарған.

Ескерткіш қола мен граниттен жасалған. Онда Талғат Бигелдинов соғыс кезіндегі ұшқыш кейпінде бейнеленген.

2023 жылы мемлекет басшысы Ржев қаласындағы кеңес жауынгеріне арналған мемориалға гүл қою рәсіміне қатысты. Қазақстан Президенті құрметті қарауылдың сүйемелдеуімен гүл шоғын қойып, қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Он метрлік қорғанға биіктігі 25 метрдей қоладан жасалған сарбаз мүсіні орнатылған. Болат тақтайшаларға Отан қорғаушылардың есімдері жазылған. Ржев шайқасы ең қанды шайқастардың бірі болды. Онда кеңес әскерлерінің жалпы шығыны, оның ішінде хабарсыз кеткендер мен жараланғандар 1,3 миллионнан астам адам болды.

Соңғы жаңалықтар