8 маусым. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 8 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

8 маусым. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

63 жыл бұрын (1962) ҚР мемлекет және қоғам қайраткері Юрий Евгеньевич ТИМОЩЕНКО дүниеге келді.

Юрий Евгеньевич ТИМОЩЕНКО
Фото: ratel.kz

Торғай (қазіргі Қостанай) облысында дүниеге келген. Целиноград мемлекеттік медицина институтын бітірген, психиатр-нарколог; Қостанай бизнес және менеджмент институтын экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: Торғай облыстық ауруханасының дәрігер-ордингі (1985-1986); Торғай облыстық наркологиялық диспансерінің психиатр-нарколог дәрігері (1986-1987); Торғай облыстық наркологиялық диспансерінде бөлім меңгерушісі (1987-1988); Целиноград облысы Киім аудандық ауруханасының психиатр-нарколог дәрігері (1988-1989); Целиноград облыстық наркологиялық диспансерінің №3 бөлімшесінің психиатр-наркологы (1989); учаскелік дәрігер, Целиноград облыстық наркологиялық диспансерінің жасөспірімдер қызметінің меңгерушісі (1989-1992); «МедТим» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының психиатр-наркологы (1992-1993); «МедТим» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының бас дәрігері (1992-1998); «Жаңажол» ЖШС бас директоры (1998-2001); «Қазақстан-Украина» сауда-өнеркәсіптік одағы» АҚ президенті (2001-2005), «Оберег» украин ұлттық-мәдени орталығы» ЖШС директоры (2005-2012); V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі (2012-2016); VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі (2016-2021). ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. (2011); «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен; Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Астана қаласы әкімінің, Украинаның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

59 жыл бұрын (1966) Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Хатшылығының бас хатшысы Қайрат Шораұлы САРЫБАЙ дүниеге келді.

Қайрат Шораұлы САРЫБАЙ
Фото: s-cica.org/

Алматы қаласында туған. Андрей Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1988-1989 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясы Ұйғыртану институтының аға зерттеушісі, 1989-1991 жылдары КССР Ғылым Академиясының Тіл білімі институты Ленинград бөлімшесінің тағылымгер-зерттеушісі, 1991-1992 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық бөлімінің екінші хатшысы, 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің үшінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрлігі Ақпараттық-талдамалық басқармасының кеңесшісі, 1994-1996 жылдары Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің екінші хатшысы, 1996-1997 жылдары ҚР Президенті Хаттама қызметінің жетекшісі қызметін атқарған. 1997-1998 жылдары ҚР Президенті баспасөз қызметінің жетекшісі — баспасөз хатшысы, 1998-1999 жылдары ҚР Сыртқы істер вице-министрі, 1999-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Германия Федеративті Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2007-2008 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, 2008-2010 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі лауазымын атқарды. 2010-2014 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, 2014 жылғы ақпаннан ҚР-ның Аустриядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Словениядағы елші қызметін қоса атқарды. 2014-2017 жылдары Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болды. 2020-2022 жылдары Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Хатшылығының атқарушы директоры болды.

Қазіргі қызметінде — 2022 жылдың қазанынан.

«Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. «Қызмет үшін ГФР Ұлы кресті» шетелдік орден иегері.

58 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасының Жапония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Кеңесұлы БАУДАРБЕК-ҚОЖАТАЕВ дүниеге келді.

Ерлан Кеңесұлы БАУДАРБЕК-ҚОЖАТАЕВ
Фото: Gov.kz

Тараз қаласында туған. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, журналист.

Еңбек жолы: 1992-2008 жылдары ҚР СІМ аумақтық басқармалары мен департаменттерінде әртүрлі лауазымдарда болды. 2008-2016 жылдары Сингапур Республикасындағы, Аустралия мен Жаңа Зеландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2016-2021 жылдары Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және Өкілетті елшісі болды.

2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған.

56 жыл бұрын (1969) Қазақстанның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі, «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Ажар ҒИНИЯТ дүниеге келді.

Ажар ҒИНИЯТ
Фото: primeminister.kz

Батыс Қазақстан облысында туған. 1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының педиатрия бөлімін, 2007 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген, Almaty 2015 жылы Management University (ALMU), МВА, іскерлік әкімшілік бойынша білімін жетілдірген.

Еңбек жолы: 1992-1994 жылдары Атыраудағы № 2 қалалық емхананың учаскелік педиатры, 1994 жылы Ақтау қаласы № 1 медсанбөлімінің Балалар инфекциялық бөлімшесінің инфекционист дәрігері, 1994-1999 жылдары Ақтау қаласы № 1 медсанбөлімінің бөлімше меңгерушісі, 1999-2001 жылдары Ақтау қаласы облыстық инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары қызметінде болған. 2001-2005 жылдары Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, 2005-2006 жылдары Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау департаментінің директоры, 2008-2010 жылдары ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма бастығы, 2010-2014 жылдары ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры, 2014-2016 жылдары ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры, 2016-2017 жылдары ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры, 2017-2020 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы басшысының орынбасары, 2020-2022 жылдары ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарған.

2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың ақпанына дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі болды.

2024 жылы наурызда «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

«За вклад в создание Евразийского экономического союза» III дәрежелі (2015), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016), «Халық Ассамблеясына 20 жыл» (2015) медальдарымен, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2005), «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» (2010), «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен марапатталған (2018).

Соңғы жаңалықтар