8 маусым. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 8 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.   

8 маусым. Жылнама
Коллаж: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Жеңілөнеркәсіп қызметкерлері күні

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығына сәйкес жыл сайын маусым айының екінші жексенбісінде аталып өтеді.

Бұл мереке өз тарихын маусымның екінші жексенбісінде атап өтілетін КСРО дәуірінен бастау алады. Қазақстанда Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күнін белгілеу мемлекеттің ел экономикасын дамытудағы жеңіл өнеркәсіп рөлінің маңыздылығын түсінуіне баса назар аударуды көздеді.

Мал өсірушілер күні

2021 жылғы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы No 689 қаулысы мынадай мазмұндағы 14-1-тармақпен толықтырылды: Малшылар күні — маусымның екінші жексенбісі. Мақсат — мал шаруашылығы саласы қызметкерлерінің беделін арттыру, саладағы жетістіктері үшін марапаттау.

Бүкіл әлемдік мұхиттар күні

Бүкіләлемдік мұхиттар күнін өткізу идеясы 1992 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен жоғары деңгейдегі Халықаралық саммитте қабылданды. Мұны 2009 жылдың 12 ақпанында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы бекітті.

Бүкіл әлемдік мидың қатерлі ісігі мен күрес күні

2000 жылы Германиядағы мидың қатерлі ісігімен күрес қауымдастығының (Deutsche Hirntumorhilfe e. V.) бастамасымен бекітілді. Бұл күннің басты міндеті — жұртшылықтың назарын обырдың осы түріне және осы ауруға шалдыққан адамдардың жағдайына аударту.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1937 жылы Семей қалалық кеңесі отырысында 1924 жылы ашылған әуесқой жұмысшы жастар театрын орыс драма театрына айналдыру туралы шешім қабылданды. 1975 жылы театр Ф. М. Достоевскийдің есімімен аталған әлемдегі ең алғашқы және жалғыз театр болды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Шетел инвестициялары жөніндегі ұлттық агенттігі құрылды.

1998 жылы Астанада Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ескерткіштерінің ашылу рәсімі болды. Ескерткіш авторы — мүсінші Мұрат Мансұров.

2005 жылы Қазақ Ұлттық университетінде «Қозы Көрпеш — Баян сұлу жырының нұсқалары» атты кітаптың таныстырылымы болды. Бүгінде «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының 20-дан астам үлгісі бар.

Бұл жинаққа жырдың ХІХ-ХХ ғасырларда Петерборда, Қазан мен Орынборда араб әліпбиімен терілген бірнеше нұсқалары енгізілген. Аталған кітап жоғары оқу орындарының студенттері мен аспиранттарына, оқытушылар мен орта мектеп мұғалімдеріне арналған. Жинақты профессор Сұлтанғали Садырбаев дайындаған.

2011 жылы Тараз қаласының Абай даңғылы бойындағы скверде «Алғыс кітабы» символикалық атауы бар мүсіндік тұғыр орнатылды.

2012 жылы Таразда террористке тойтарыс бере тоқтатып, ерлікпен қаза тапқан Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа ескерткіш бюсті ашылды.

2013 жылы Түркияның Қара теңіз жағалауындағы Самсун қаласында көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаевты еске алуға арналған «ТҮРКІСОЙ Опера күндері» 16-шы фестивалі өтті.

2017 жылы Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Оның барысында ШЫҰ-ның қазіргі қызметі талқыланып, Үндістан мен Пәкістан Ұйымның толыққанды мүшесі болып қабылданды. Астанадағы саммиттен кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағалығы Қазақстаннан Қытайға өтті.

2019 жылы Қытайдың Чунцинь қаласында Asian Grand Prix Series турнирінің екінші кезеңі өтті. Қазақстандық жеңіл атлеттер үш алтын медаль алды 100 метр қашықтыққа жүгіруде Ольга Сафронова мәре сызығын бірінші болып кесіп, чемпион атанды. Сонымен қатар 400 метрге жүгіруде Михаил Литвин, 800 метрге жүгіруде Маргарита Мукашева бірінші орын иеленді.

2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-ші жалпы отырысын өткізді. Мемлекет басшысы барлық делегаттарға Шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-ші пленарлық отырысына қатысқандары үшін ризашылығын білдіріп, оның бірінші халықаралық Астана форумымен бірге өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

Кездесу тақырыбы экономиканың цифрлық трансформациясы болды. Қазақстан Президенті өз сөзінде геосаяси шиеленіс пен өсіп келе жатқан протекционизм әлемдік экономиканы өзгертіп жатқанын ерекше атап өтті. Дегенмен, уақыт көрсеткендей, әрбір дағдарыс жаңа мүмкіндіктерді де әкеледі.

2024 жылы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында Ақмола орман шаруашылығы кәсіпорындары Қазақстанда бірінші болып Mitsubishi базасындағы тоғыз орман патрульдік кешенінің кілтін алды. Әрбір көліктің елден өту мүмкіндігі жоғары, арнайы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған және бес адам сыяды. Кешен патрульдік қызметке, адамдарды және өрт сөндіру құралдарын орман өрті ошақтарына жеткізуге, сондай-ақ профилактикалық және дайындық жұмыстарын жүргізуге арналған. Оны өрт сөндіру техникасы жетіспейтін елді мекендердегі өрттерді оқшаулау және жою, сондай-ақ халық шаруашылығы объектілеріндегі өрттерді сөндіру үшін пайдалануға болады.

Соңғы жаңалықтар