8 млн гектардан астам жайылым керек – вице-министр
«Мал жайылымдарының тапшылығы мәселесі бар екенін білесіздер. Осы орайда мал жаю үшін қосымша 8 млн гектардан астам жайылым қажет», - деді Б. Бекбауов.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде жеке қосалқы шаруашылықтарда ауылшаруашылық мал басы өсіп келеді. Кейінгі 10 жылда ірі қара мал басы 7,7 пайызға артты. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16 пайызды құрады.
Вице-министрдің айтуынша, былтыр мемлекетке 5,35 млн гектар пайдаланылмаған жер қайтарылды. Биыл қосымша 5 млн гектарды қайтару жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ол jerkarta.gharysh.kz порталында мемлекет пайдасына қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы орналасқанын айтты. Геосервис қайтарылған жер учаскелерінің кадастрлық нөмірлерін, олардың орналасқан жері мен ауданы туралы мәліметтерді қамтиды.
«Әкімдіктерге осы жер телімдерін ары қарай игеру туралы тапсырма берілген. Былтыр қайтарылған жер учаскелерінің 2 млн гектары тиімді игеруге берілді. Сондықтан қайтарылған жерлердің ауданын, көлемін интерактивті картадан көруге болады», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хзабарланғандай, Қазақстанда мемлекеттік меншікке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы іске қосылды.