8 млн теңге: Желіде жеке хатты жариялау айыппұл төлеуге не темір торға апарады

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта жастар арасында жеке хатты желіде жариялап, оқырман назарын аударту үрдісі белең алып кетті. Алайда заңгерлер мұның адам құқығын бұзу екенін айтады.

әлеуметтік желідегі жауапкершілік
Коллаж: Kazinform/Canva

– ҚР Конституциясының 18-бабында әрбір адамның хат алмасу құпиялығы қорғалатыны жазылған. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 148-бабында жеке хат алмасуларды рұқсатсыз жариялау арқылы елеулі зардап келтірген жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осындай заңбұзушылықтар үшін 8 миллион теңгеге дейін айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған, - деді Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясында қонақ болған Нұрсұлтан Орынбеков.

Бұл жазалар қандай жағдайларда қолданылады?

- Егер адамның өліміне себеп болса, ұйым жұмысына кедергі келтірсе немесе басқа да елеулі зардап туындаса, жауапты адам осындай жаза арқалайды, – дейді маман.

Нұрсұлтан Орынбеков
Фото: kaznpu.kz

Заңгер мұндай тренд қазір Threads әлеуметтік желісінде кең таралып кеткенін айтады.

– Соңғы кезде Threads секілді әлеуметтік желілерде жеке хаттарды скриншотпен жариялау жиілеп барады. Мұндай скриндерді кейбір адамдар бопсалау үшін қолданады, енді бірі жалған өсек таратып, адамның ар-намысына тиетін жалған ақпаратты желіге салады. Егер хат арқылы бопсаласа, бұл - қылмыстық жауапкершілік. Ал жалған ақпарат таратса, әкімшілік жауапкершілік туындайды, – дейді Нұрсұлтан Орынбеков.

Маман хаттан өзге, адамның фотосы мен видеосын оның рұқсатынсыз жариялағандар да заң жүзінде жауапқа тартылатынын жеткізді.

– Хат қана емес, адамның фотосын немесе видеосын рұқсатсыз жариялау да заң бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда Азаматтық кодекстің 143 және 144-баптарына сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Мұндай әрекет үшін моральдық шығын өндіріліп алынуы мүмкін, – дейді ол.

Студия қонағы жеке хат алмасуларды қандай жағдайда жариялауға рұқсат етілетінін түсіндірді.

– Кейбір жағдайларда фото немесе хат алмасу адамның жеке басын қорғау немесе құқық бұзушылықты дәлелдеу үшін қажет болуы мүмкін. Мұндайда жариялауға рұқсат беріледі. Бірақ мұнда да тиісті талаптарды сақтау керек. Жарияланған хатта жалған айып болмауы тиіс. Ешкім соттың шешімі шықпайынша кінәлі деп танылмайды. Сол себепті, жеке ақпаратты бірден желіге салмай, алдымен құзырлы органдарға беру қажет. Ал соттан кейін жарияланған жағдайда жауапкершілік болмайды, – дейді заңгер.

Хатты жариялап, заңды бұзған адам жазасын жеңілдете алады. Ол үшін не істеу керек? Студия қонағы жауап берді:

– Егер адам жеке хатты жариялағаннан кейін кешірім сұрап, жарияланған материалды жойса, бұл кейде жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырылуы мүмкін. Бірақ бұл - жауапкершіліктен толық босатады деген сөз емес. Егер зардап елеулі болса, міндетті түрде өтелуі тиіс.

Нұрсұлтан Орынбеков қызмет барысында кездескен оқиғалардың бірімен бөлісті.

– Заңгер ретінде мұндай жағдайлармен жиі бетпе-бет келеміз. Көбіне сотқа дейінгі реттеу жолымен шешіледі. Мәселен, бір қыз бен жігіт арасындағы дауда сыйлаған сыйлықты қайтару үшін азаматтардың бірі жеке жазбаларды жариялаймын деп бопсалаған. Бұл бопсалау фактісі ретінде қаралады. Егер скриншотты жай жариялап қана қоймай, одан пайда көру мақсатында қолданса, бұл бөлек қылмыс ретінде тіркеледі. Біз жағдайды түсіндіріп, жастарға заңды егжей-тегжейлі жеткізген соң, мәселе медиациялық жолмен шешілді, – дейді.

Заңгер қазақстандықтарға цифрлық гигиенаны қатаң сақтау керегін ескертті.

– Жеке хатты жарияламас бұрын, құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті түсіну қажет. Біреудің хатына жай ғана әзіл немесе «контент» ретінде қарауға болмайды. Әрбір азамат цифрлық гигиенаны сақтап, өзгенің құқығын құрметтеуге міндетті. Егер сіздің жеке өміріңізге қол сұғылып, хаттарыңыз немесе фотоларыңыз жарияланып, сізге зиян келтірілсе, осындай заң барын ұмытпаңыз. Ондай жағдайда заңгерлерге немесе құзырлы органдарға шағымдануға толық құқығыңыз бар, – деді студия қонағы.

Еске сала кетейік, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Заң және тәртіп» қағидасы мемлекеттің мызғымас тұғыры екенін тағы бір мәрте атап өтті.

Соңғы жаңалықтар