8 мың денсаулық нысанының әрбір екіншісінде санитарлық талаптар бұзылған – министрлік

«Тексеру нәтижесінде 8 мың денсаулық сақтау нысанының әрбір екіншісінде санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды. Олардың 94% санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзған. Және нысандардың 6% санитарлық-техникалық жағдай қанағаттанарлықсыз деңгейде болып шықты. Жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау басқармаларының басшылары бұл мәселені ерекше бақылауға алуы тиіс. Олар медициналық ұйымдарда эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуы мен іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет», - деді Марат Шоранов министрлік алқасының кеңейтілген отырысында.
Сондай-ақ вице-министр білім беру мекемелерінде де жағдайдың мәз емес екенін жеткізді.
«Білім беру нысандарында да жоғарыдағыдай жағдай. Әрбір үшінші білім беру мекемесінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған. Сонымен қатар мектеп жиһаздарының талапқа сәйкес келмеу жағдайы анықталды. Бұл бақылаудың жоқтығын көрсетіп отыр», - дейді ол.