8 наурыз. Қазақ әйелінің хәлі қалай
АСТАНА. KAZINFORM – Әлем өзгеріп келеді. Әлеммен бірге әр елдегі әйел статусы да өзгеріп жатыр. Әйел теңдігімен, әйел құқығының қорғалуымен, әйелге берілген мүмкіндіктермен тұтас елдің мәдениеті өлшенетін болды. Өркениетті қоғамдар қай елде нәзік жандылардың еркіндігі шектеулі болса, сол елде жабайы патриархат пен діни догманың қораш түсініктері үстемдік етеді деп қабылдайды, сол қоғам ортағасырлық қараңғылықтан әлі арылмаған деп бағалайды. Осы орайда біздің елдегі әйелдер қауымының жайына шолу жасауға бел будық. Бірақ бүгінгі қазақ әйелінің хәлін бағамдау үшін ілкіден түркіге, хандық дәуірден қазіргі Қазақстанға дейінгі кезеңдерге бір көз жүгіртіп өту шарт.

Ілкіден Түркіге дейін…
Әйел тарихы әлем тарихы секілді: әуелден бастамасаң әңгімең өрбімейді. Әуелден бастау үшін тарихқа үңілесің. Тарих деген ғылымның өзі классикалық түсінікте жазу пайда болған кезден бергі уақытты қамтиды. Жазуды адам баласы алғаш рет 5 жарым мың жыл бұрын Месопотамияда ойлап тапқан. Содан бергі тіршіліктің бедері таста, папируста, қышта таңбаланса, біздің дәуірдің 105-ші жылынан бастап қағазға түсе бастады. Одан бұрынғы тарихты археология, одан қалды аңыз-әфсаналар мен мифтер сөйлетеді. Әйел тарихы жайлы жазудың әуре тұсы да осы, әріден де әрі баруға әлің келуі керек. Әйтпесе, тарих таспасын көктей өтіп, бүгінге тірелетін әйел статусы тақырыбы тарқауын таппай қалады.
Ғылым «әртүрлі эволюциялық кезеңдерді өткере келіп, қазіргі анатомиялық тұрпаттағы адам осыдан 300 мың жыл бұрын қалыптасты» дейді. Бұл — адамзат табиғаттың төл баласындай төсін емген кез. Соңғы мұз басу кезеңіне дейінгі уақыт. Жер бетінде тропикалық ормандар жайқалып, сан түрлі жеміс ағаштары самсап тұрған шақ. Сондықтан да азық табудың, шаруашылықтың «терімшілік» деп аталатын тәсілі дәуірлеп тұрған. Осы кезде Homo sapiens-тің ұрғашы жыныстысы еркегіне қарағанда әлдеқайда ұқыпты, шапшаңдығының арқасында жемістің жақсысын теріп, таңдай алған. Бұл біртіндеп әйелдің «асыраушы» рөлін арттырды. Кейін адамдар топтаса өмір сүруді үйреніп, алғашқы қауымдық қоғам пайда болды. Ол рулық, тайпалық, тайпалар одағы, алғашқы мемлекеттік құрылымдар деген секілді кезеңдерден өтіп, бүгінгі «мемлекет» деген формаға дейін жетеді. Сол алғашқы қауымдық қоғамның кейінгі даму сатыларында әлгі «асыраушы» әйелдер басшыға айналып, матриархат пайда болады. Бұл бір жер бетіндегі бейбітшілік кезеңі еді. Себебі әйелдер әлемді билеген кезде ешбір жаһандық не үлкен соғыстар болмаған көрінеді. Археологтердің мәліметінше, алғашқы жаппай өлтірілген адамдардың сүйегі қола дәуірінен, яғни ер адамдардың билік ету кезеңінен бастап кездеседі.
Климаттың өзгеруі, адамдардың жаңа жерлерге қоныстануы азық табудың жаңа тәсілдеріне көшуге мәжбүрлейді. Терімшілер біртіндеп егіншіге, аңшылар малшыға айналды. Адамдар қола, мыс, темір секілді металдарды алуды үйренді. Бұл шаруашылық түрінің қай-қайсысына да қара күш керек. Осылай енді ер адамдар «асыраушы» рөлін қолға алып, біртіндеп «аналық ру» жүйесі әлсірейді. Сөйтіп шамамен б. з. б. 5500-3000 жылдарды қамтитын тас дәуірінің ең соңғы кезеңі — неолит дәуірінде адам баласы біртіндеп патриархалдық жүйеге көшті.
Осылай адам баласы тарыдай шашылып, жердің жаңа аумақтарына қоныстанып, өндіріс жетіліп, ұлттар, мәдениеттер, тілдер қалыптасып жатты. Біздің заманымызға дейінгі 1 мыңжылдықта тарих сахнасына Сақтар шығады. Дәл осы тұстан бастап біз жалпы адамзаттық тарихтан оқшау шығып, төл тарихымызға бет бұрғалы отырмыз. Ендігі жерде әлемдегі өзге елдердегі емес, өз тарихымыздағы әйелдер ахуалы жайлы сөз қозғаймыз.
Сақтар — қазіргі қазақ ұлтының түпкі бабасы саналады. Қазақ халқының әйел затына, әйел адамға деген көзқарасы, ұстанымы дәл осы «Сақ дәуірінде» қалыптасып, бекіген деуге негіз бар. Себебі, діни адасушылықтан ада, кейбір субмәдениеттік салттарға ұрынбаған, дәстүрлі ұлттық ұстанымдағы әулеттер әлі күнге қыз баласына сонау сақ дәуіріндегі көзқараспен қарап, сол кезде ұстыны қалыптасқан тәлім-тәрбиені береді. Оған қыз баласының білім алуына, тіл үйренуіне, карьералық өсуіне, әлеуметтенуіне, кәсіппен айналысуына, көшбасшылық қабілеттерін дамытуына, бір сөзбен айтқанда іс, сөз, көш бастайтын дара тұлғаға айналуына шек келтірмейтін отбасылар дәлел. Сақ дәуіріндегі дәл осы айтқан сипаттардың символы — Тұмар патшайым екені сөзсіз, яғни алып тайпалар бірлестігінің, жұқалап айтқанда «5 минутсыз империяның» тізгінін әйел адамға ұстату Сақ қоғамының жалпы әйел адамдарға деген көзқарасын көрсетеді.
Патриархат дәуірі орнаған соң біздің бабалар оны әйелді күң ететін «жабайы патриархалдық жүйеге» айналдырмай, анаға құрметті, қарындасқа мейірімді, жарға қамқорлықты сақтауын жалғыз ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Ол — сананың өсуі, кемелденуі. Осының арқасында көшпенділер араға бар болғаны мың жыл салып, Бүкіл Еуразияны уысында ұстаған алып Түрік қағанатын құрды.
Қоғамдық сананың біркелкі жетілуі өте ауыр процесс екенін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазіргі 21 ғасырдың өзінде әйелді тек ойын-сауыққа, ермекке, ер адамға қызмет етуге жаралған жаратылыс санайтын, қыз баланы 8-9 жасынан әйелдікке алуды қалыпты әрекет санайтын қоғамдар барын көріп отырмыз. Соны ойласаң, сақ бабаларымыз дәуірінен мыңдаған жылға озған мәдениет пен сұңғыла сананы қалыптастыра алғанына көз жеткізесің.

Соңғы ханшайымдар…
Тұмар патшайымнан кейін де Түркі дүниесінде атақты патшайымдар, ел билеген әйел басшылар аз болған жоқ. Біздің мақаламыздың негізгі мақсаты — оларды түгендеу емес, осы үрдістің сипаты мен бастапқы және соңғы нүктесін белгілеу болғандықтан, сонау сақ дәуірінен 2 мың жыл алға аттап, Қазақияның хандық дәуірінің соңғы жылдарына бір-ақ түсеміз. Атап өткеніміздей, әйелдің ел билеушісі бола алуы — сол елде, қоғамда әйел теңдігі, құқығы қорғалатынының көрсеткіші. Тұмар патшайым кезінде дәуірлеген бұл құндылық қазақтың бодан болуымен бірге рухани биігінен түсті. Ал сол әйел ел билеушінің соңғы өкілі — Кіші жүз ханы Әбілқайырдың жары — Бопай ханым. Ол Нұралы, Ералы, Айшуақ сынды үш ханның анасы ғана емес, дипломатия саласындағы үлкен тұлға.
1748 жылы Әбілқайыр қаза тапқан соң Бопай ханым Ресей патшайымы Елизавета Петровнаға хат жазып, оның ұлы хандық таққа отырмаса, Кіші жүз Ресей империясының құрамынан шығатынын айтып, шарт қойған. Тарихта ол Хан-ана деңгейіне көтерілген соң ұзақ жыл бойы ұлдарының қолымен ел билеген адам ретінде қалған.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Бопай Қасымқызы есімді тағы бір даңқты батыр қыз тарих сахнасына шығады. Бірақ ол қатысқан көтеріліс өзінің діттеген мақсатына жете алмай жаншылғандықтан, Бопай ханшайым мықты қолбасшы, стратег әрі әскери кеңесші деңгейінде қалды. Осымен көшпенділер өркениетінде мыңдаған жыл дәуірлеген әйел теңдігі, әйелдің еркіндік дәуірі аяқталады.

«Зар-зар» заманы
Түркі қағанатының қара шаңырағы саналатын қазақ ұлтының тарихында әйелге ең көп қиянат жасалған, құны түсіріліп, қадірі төмендетілген кез деп отаршылық, соның ішінде «Указной молдалар» дәуірін атауға болады. Ресей Сенаты 1868 жылы қазақтар арасында жандармериялық бақылау жасау үшін «указной молда» дейтін қызметті енгізді. А. Левшин: «Бұл молдаларды Ресей үкіметі хандар мен рубасыларын бақылып, хаттама жазып жүру үшін арнайы бекіткен» деп ашық айтады. Сөйте жүре олар жергілікті байларды, ру басшыларын өз ықпалында ұстау үшін дін атын жамылып, ең құйтұрқы әрекетке барады. Оларды екінші, үшінші әйелдікке өрімдей жас қыздарды алуға үгіттейді. Полигамия бұрынғы көшпенді салтта да бар дегенмен, оның өз тәртібі, шарттары болды, яғни әдетте «тең-теңімен, тезек қабымен» деген аталы сөзден аттамайтын. Ел ішінде кездесетін бірді-екілі жағдай болмаса, жалпы сипаты жоқ-ты. Енді «указной молдалар» өңірлік түгіл, ауылдық деңгейдегі байшыкештердің өзінің құлқынын қыздырып, нәпсісін қоздырып, өрімдей жас қыздарды қалыңын бергізіп, күшпен қосуға көшті. Бұл әреке ХХ ғасырдың басына дейін әбден асқынып, жалпыхалықтық трагедияға айналды.
Осы тұста бір мысал келтіре кетейік. Азап көріп жатқанда аузы матаулы болған адам алғаш тіл біткенде айхай салып, жанына батқан нәрсені айтады ғой. 1910 жылы қазақтың проза жанрына алғаш тіл біткенде «қазақ әйелі» деп ащы үн қатуы, яғни алғашқы романы «Бақытсыз Жамал» болуы заңды құбылыс еді. Іле-шала 1914 жылы шыққан «Қамар сұлу» романы да осы қасіретті қаузайды. Бас кейіпкер — 15 жастағы Қамар. Оны әкесінің қарсылығына қарамай Қалтаң қажы әйелі өлген болыс — Жорға Нұрымға қосады. Осы кезде Қамар дәстүрлі «Жар-жардың» орнына запыран жұтып отырып «Зар-зар» жырын айтады:
Кетпес қына таулардың тасында дүр зар-зар,
Кетпес қайғы Қамардың басында дүр зар-зар.
Нұрым ақсақ жорғалап қасында дүр зар-зар,
Алжымаса, кәрі емес, дәл елу-ақ жасында дүр зар-зар.
Қошемет, мақтау Нұрымның сөзінде дүр зар-зар!
Қарт бураның форымы өзінде дүр зар-зар!
Ащы қайғы, қанды жас, тыңдаса оны жібір тас,
Сорлы болған Қамардың көзінде дүр зар-зар.
Күйек сақал Нұрымның иегінде зар-зар,
Ит мұрындай тікендер жиегінде зар-зар.
Түсі суық қоңыздай, жеп семірген доңыздай,
Кеспеге қара жоқ шығар сүйегінде зар-зар.
Аузы толған боғауыз, насыбайға тоқ ауыз,
Бір жақсылық жоқ ауыз, Қамарға соны теңгерген,
Көзіңді ашпа, ел жауыз! Зар-зар, зар-зар!
1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жарық көрген «Қорғансыздың күні» әңгімесінде де Мұхтар Әуезов 13 жасар Ғазизаның болыстан көрген зорлығын, соған шыдамай аязды түнде қабір басында үсіп өлген оқиғасын сипаттайды. Міне, мұның бәрі кейін «Алаш» қозғалысына мүше болған либерал-демократтардың, сол замандағы оқыған, көзі ашық азаматтардың бұл бассыздықты ашық сынауы, оған деген қарсылығы әрі жиіркенішінің көрінісі еді.
Қорыта айтқанда, Ресей патшалығы билік құрған кезеңде қазақ даласында экономика, шаруашылық қана дағдарысқа ұшыраған жоқ. Сонымен қатар сана дағдарысы, жалпыхалықтық деградация болды. Ол, әрине, сол кездегі отарлаушы жүйенің идеологиялық жұмыстарының жемісі еді.

«Кешір, бізді тракторшы қарындас»
Кеңес одағы орнаған алғашқы жылдар — қанды жылдар болғаны тарихтан белгілі. Репрессия, бірнеше толқынды аштық, екі дүниежүзілік соғыс — бәрі-бәрі үлкен қайғы-қасірет, тауқымет әкелді. Бұларды тек әйел заты ғана кешкен жоқ, ол бүкілхалықтық, жалпы адамзаттық зобалаң. Одан кейінгі кезеңде экономиканы қалпына келтіру, өндірісті жолға қою, өнеркәсіпті дамыту керек болды. Ал ер адамның көбі соғыста өлді не мүгедек болып қалды. Амал жоқ, ауыр жұмысқа әйелдер күшін жұмылдыру қажеттілігі туындады. Кеңес одағының бір күштілігі — кез келген ауқымды істі науқанға айналдыра алуы.

Партиялық ұрандар, пафосқа толы мақалалар, теле-радиобағдарламалар, үгіт-насихат — бәрі тоқтаусыз жүріп жатты. Сапарғали Бегалиннің «Тракторшы қарындасқа» деген өлеңі бар. Осыдан бұл «азғыруға» ақын-жазушылар да атсалысқанын аңғаруға болады. Ақыры, үкіметтің дегені болды. Қазақ қыздары жаппай егістік басына барып, далалық жағдайда жұмыс істеді, тракторшы болды. Металлургия саласында да, кен қазу ісінде де әйелдер үлесі артты. Мұның бәрі табиғат нәзік тән сыйлаған әйел болмысына жат жұмыс түрлері еді. Осы кезеңнің шын бағасын бұқаралық ақпарат құралдары бетінде бір ғана сұхбат берген секілді көрінеді. Ол жазушы, журналист Мархаббат Байғұттың бір сұхбатында айтқан «Кешір, бізді, тракторшы қарындас» деген бір ауыз сөзі. Сұхбат дәл сол атаумен жарық көрген болатын.

Түнек ішіндегі нұр
Кеңес Одағы тұсында қазақ қыздарына жаңа мүмкіндіктер ашылғанын да айту парыз. Жалпы ел көлеміндегі орта мектептердің ағарту қызметінің өзі үлкен жетістік еді. Оған дейін ауыл молдасы ғана білім беріп келген қазақ даласында жаппай білім беру стандарттарының енгізілуі — қазақ қыздарының жаппай сауатын ашты. 1944 жылы «ЖенПИ» ашылды. Бұл қазақ қыздарының сауатты адамнан білікті кадрға айналуына, ары қарай мансап қууына мүмкіндік берді. Соның арқасында медицина, ғылым, педагогика саласында небір мықты әйел мамандар қалыптасты.

Тәуелсіз Қазақстандағы әйел адамдар статусы
Бас прокуратураның мәліметі бойынша, Қазақстанда жылына орта есеппен 80 әйел күйеуінің қолынан көз жұмады, 150 әйел ауыр және 4 000 әйел жеңіл жарақаттанады. Бұл — Қазақстан қоғамындағы ең өзекті әрі нәзік тақырыптың бірі. Бірақ атышулы «Бишімбаев кейсі» қоғам бұдан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеуге бет бұрғанын көрсетті. Оның онлайн сотын жүздеген мың қазақстандық көріп, үн қосты, үлкен резонанс тудырды.
Дейтұрғанмен, көңіл көншітерлік деректер де аз емес:
- Елімізде педагогтердің 82,1% — әйелдер.
- Қазақстанда азаматтық авиацияда 23 мың қызметкер жұмыс істейді, оның 40%-дан астамы немесе 9500-ге жуығы әйел.
- Astana Hub-та 300-ден астам компанияны әйелдер басқарады. 2023 жылдың басында олардың саны 179 болса, 2024 жылы — шамамен 250, ал 2025 жылы 301 компанияға жетті.
- Жоғары және арнайы орта білім алуда әйелдер саны ерлерден 458 151-ге көп (әйелдер — 2 603 876, ерлер — 2 145 725).
- Елдегі студенттердің 53 пайызы — қыз-келіншектер.
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің 55,8% — әйелдер.
- Қазіргі уақытта Қазақстанда 11 982 әйел ғалым бар. Олардың ішінде 848-і — ғылым докторы, 2 872-сі — ғылым кандидаты, 1 806-сы — PhD және түрлі салаларда 48 доктор бар.
- Әйелдер басқаратын кәсіпорындар елімізде ЖІӨ-нің 42%-ын алады, ал жалпы бизнес саласында 50% үлеске ие.
- Қазақстандағы ғалымдардың 60%-ы — әйелдер.
- IT саласында университеттердегі оқытушылардың 67%-ы — әйелдер.
- Парламентте әйелдер үлесі — 23%.
- Қазақстан халқының 51,2 пайызы — әйелдер.

2030 жылға дейін гендерлік теңдікке қол жеткізуге бағытталған ұлттық бағдарлама қабылданды. Президент қол қойған бұл бағдарламада әйелдерді әртүрлі салада — өнеркәсіпте, акционерлік қоғамдарда, медицина саласында, білім беру жүйесінде — көшбасшылық лауазымдарға дайындаудың нақты қадамдары қарастырылған. Соның ішінде Парламентте 30% квота болуы керек. Сондай-ақ министрліктерде, әкімдіктерде, облыс деңгейінде әйелдер үшін квоталар қарастырылған.
2024 жылдың 4-тоқсанына сәйкес, Қазақстандағы жұмыс күшінің саны — 9 645 294 адам болды. Оның ішінде 4 977 221-і — ер адамдар, ал 4 668 073-і — әйелдер.
Әйелдер арасындағы жұмыспен қамту деңгейі — 59,9%, ал жұмыссыздық деңгейі — 5,1%.
Басшылық қызметтердегі әйелдердің үлесі 39-40% деңгейіне жетті.


Бұл деректерден елімізде әйел адамдар экономиканың, бизнестің, мемлекеттік қызметтің, тіптен жұмысшы күштің де негізгі бөлігіне айналып үлгергенін байқауға болады. Мемлекеттік саясат та гендерлік теңдік бағытында үлкен жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр.
2024 жылдың 15 маусымынан бастап елде «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы» заң күшіне енді. Құжатқа сәйкес, бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралады. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғақтар мен көрші, туыстарының сөзіне сүйеніп, тергеу жүргізе алады. Әрі тараптарға екінші рет татуласуға мүмкіндік берілмейді.
Мұның бәрі Қазақстан әйел адамдар өзінің потенциалын толық ашуға мүмкіндіктер жасалған, өзін қоғамда қауіпсіз сезіне алатын, заманауи, өркениетті, бастысы мәдениетті елге айналу жолын таңдағанын, соған құқықтық негіз қалыптастырғанын көрсетеді.
Елең-алаң шақта елдің жүгін көтерген
Қазақ әйелінің иығы сәбидің білегінен де нәзік, нардың қайыспас жон арқасынан да берік. Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біз соған куә болдық. Барлық шаруашылық қатынас күйреп, ел нарықтық экономикаға өтіп жатқан шақта қазақ әйелінің иығына дәуір жүгі ала дорба болып артылды.
Қара қазан, сары бала қамы үшін дорбалап тауар тасып, базар жағалап, нәпақа тапты. Ердің еңсесін, елдің экономикасын тіктеді. Кеңес одағы кезінде еңбек қатынасында бірізділік болғаны рас. Ер адамдардың көбі сол жүйе күйрегенде, жұмыссыз дағдарып қалды. Жекешелендіру деген желеумен елдің байлығы жекелеген қолдарға өтіп, ауыл малынан, қала кәсіпорындарынан айырылғанда нәзік жандылар тыңнан түрен салды. Табиғатынан тез бейімделіп, шапшаң қимылдайтын мінезіне салып, нарықтың тілін тауып кетті.
Ешбір оқулықта жазылмайтын оқиғалар болады. Соның бірі — осы. Бірақ мұндай тағдыршешті кезеңдер елдің есінде, жазушының шығармасында, ақынның жырында сақталады. Аңғарымпаз ақын Оңайгүл Тұржан ала дорба арқалап жүріп, тұтас бір буынды жеткізген аналардың осы ерлігін өлең қылып өреді. Сол буынның өкілі ретінде жанкешті қазақ әйеліне, Тәуелсіздіктің буынын бекіткен батыр аналарға бас ие отырып, оқырман назарына сол бір жыр жолдарын ұсынамыз:
Айнашқа және базарда жүрген барлық әйелге
Қашықтықтар жылдамдықпен арбасып,
Темiржолдың құрыш даусын шаң басып.
Стансалар шығады алдан у-шу боп,
Пойыздардың бұйдасына жармасып.
Терезеден өтiп жатыр замандар,
Таусылмайды жанды асырар амалдар.
Қапшықтарды үмiтiндей сүйреген,
Әйелдердi әлдилейдi вагондар.
Бiр жолменен әрi-берi жүз өтiп,
Сүйреп жүрген үмiтiне сыз өтiп.
Тауарларын сәбиiндей аялап,
Қапшықтарды бесiгiндей күзетiп.
Жiгерлерiн тоздырмашы, түндiк-мұң,
Артына бiр қарамады бұрылып күн.
Шабан аттай жүрiсiнен шаршады ол,
Табанына тiкен кiрген тiрлiктiң.
Көктемдердi мәжiлiске жиып ап,
Ұрыссам ба тас-жiгердi түйiп ап?
Жолыңа әкеп жарық қылып iлсем бе,
Аспандағы жұлдыздарды қиып ап?!
Қашықтықты түйелерге артып ап,
Болашаққа барсақ, шiркiн, жарқырап.
Маңдайыңа қадап қойғым келедi,
Әлемдегi бар бақытты қалқып ап.
Гүл-заманға жетемiз бiз таңдар ап,
Бар жақсылық жүрген шығар жол қарап.
Қазақ елi деген ұлы Отанға,
Сен бақытты тасып жүрсiң дорбалап.
Мұндай ерлiк жасады әйел қай елде?
Молшылық кеп, бақыт қанат жаяр де.
Зор ескерткiш қояр сонда балалар,
Қапшық сүйреп келе жатқан әйелге!
Айта кетсек, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметке cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.