8 наурызда Қазақстандағы көктемгі кезеңге болжам жасалады - Бозымбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 наурызда Қазақстандағы көктемгі кезеңге толық болжам жасалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті,деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Су тасқыны кезеңіне негізгі болжам 2017 жылдың наурыз айының бірінші онкүндігінде құрастырылатын болады. Қазірдің өзінде алдын ала болжам дайындалған. Су тасу кезеңінде Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өзендердің су көлемі 30-50 пайызға нормадан артық болуы мүмкін», - деді Бозымбаев.

Осы орайда ол су деңгейінің қауіпті көрсеткішке жетуі ықтимал екенін, яғни су басу мүмкіндігін ескеру керектігін атап өтті. Ал Астана су қоймасында өткен жылғы көлем болады деп күтілуде.

Оның сөзіне қарағанда, көктемде Қарағанды облысындағы өзендердің су деңгейі жылдық нормада болжанып отыр. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарында өзендер бойынша су көлемі нормадан аз көрсеткіште байқалуда.
Алайда, Ресей аймағында қардың қоры мен ылғал деңгейі жоғары болғандықтан, еліміздегі аталған облыстардағы өзендерде су деңгейінің жағдайы назарда болуы керек. 

«Республикадағы таулы жерлерде ылғалдың ауқымды жиналуына байланысты Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарындағы өзендердің су көлемі көктемгі және жазғы кезеңде 15-40 пайызға нормадан жоғары болмақ», - деді министр.

Өз кезегінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бүгінгі алдын ала болжам барлық өңірлер үшін берілгені дұрыс екенін атап өтті.

«Осы мәліметтерді өңірлердегі әріптестер жазып алды деп ойлаймын. Өткен жылдары өңірлер сіздерге қарасты гидромет қызметі қажетті ақпаратты сатады деп шағымданған еді. Егер де облыстар тиісті қаржыны төлемесе, онда олар бұл ақпаратты бермейтіні айтылған болатын. Менің ойымша, осындай тәжірибе болмайды. Осы мәселені бақылауға алыңыз», - деді Үкімет басшысы ҚР Энергетика министріне қаратып айтқан сөзінде.

Сонымен қатар Б. Сағынтаев министрден көктемге арналған нақтыланған ауа-райы болжамы қашан берілетіндігін сұрады.

«Бүгін біз бастапқы болжамды баяндадық. 7-8 наурызда біз сәуір-мамыр айларына соңғы болжамды жариялаймыз», - деді Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар