8 сәуір. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 8 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1960) Түркітілдес елдерінің әлеуметтанушылар одағының президенті Марат Мұханбетқазыұлы ТӘЖИН дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. 1981 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын, экономист мамандығы бойынша бітірген. 1985 жылы философия ғылымдарының кандидаты атанды. 1988 жылы Әлеуметтану ғылымдарының докторы, Лондон университетінің докторанты.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Ресейдің әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік академигі, Қазақстан Республикасы саяси ғылымдар академиясының академигі және президенті, Қазақстан Республикасы әлеуметтанушылар қауымдастығының президенті, Түркі тілдес елдер әлеуметтанушылар одағының президенті.
1981 жылдан бастап Қаз КСР Ғылым академиясы Өндірістік күштерді зерттеу жөніндегі кеңестің кіші ғылыми қызметкері. 1983-1987 жылдары аспирант, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы. 1991 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ жанындағы қоғамдық ғылымдар оқытушыларының біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі.1992 жылы ҚР Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары; Қазақстан Республикасының Президенті және Министрлер кабинеті аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі, Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратының Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.
1993 жылы ҚР Президенті Аппараты басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі.
1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының жетекшісі. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі.
2000 жылы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 2001 жылы ҚР Президентінің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. 2002 жылы ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды. 2006 жылы ҚР Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. 2007 жылы ҚР Сыртқы істер министрі. 2009 жылы ҚР Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. 2013 жылы ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2014 жылы ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі. 2017 жылы ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.
2019 жылы 1 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. «Құрмет», І дәрежелі «Барыс», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен және алты медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері. Төтенше және өкілетті елші дәрежесіне ие.
59 жыл бұрын (1966) VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты Айна Ермекқызы МЫСЫРӘЛІМОВА дүниеге келді.

Екi жоғары бiлiмi бар, Қарағанды мемлекеттiк университетiн орыс тiлi мен әдебиет пәнiнiң оқытушысы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiн әлеуметтану бакалавры бойынша бiтiрдi. Еңбек жолын 1983 жылы бастаған.
1994 жылдың қаңтарынан бастап 2005 жылдың қаңтарына дейiн жергiлiктi атқарушы органдарда әртүрлi әкiмшiлiк мемлекеттiк қызмет лауазымдарында жұмыс iстедi. 2005 жылдың қаңтарынан бастап 2008 жылдың сәуiрiне дейiн Ақмола облысы iшкi саясат департаментi директорының орынбасары.
2011 жылдың қараша айынан бастап Көкшетау қаласы әкiмiнiң орынбасары болып iстедi. 2013 жылдың наурызынан бастап 2015 жылдың қыркүйегiне дейiн - Аршалы ауданы әкiмiнiң орынбасары. 2015 жылғы қыркүйектен бастап - Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола облыстық хатшылығының меңгерушiсi. 2015 жылғы қарашадан 2017 жылғы маусымға дейін облыстық iшкi саясат басқармасы басшысы. 2017-2022 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
50 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Амангелдіұлы НҰРЖАНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1992-1993 жылдары «Шымкентмелиорация» ПМК-23 қызметкері, 1997-1998 жылдары Шымкент қаласы бойынша қаржы бөлімінің жетекші маманы, 1998-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы департаментінің бас маманы, бөлім бастығы, 2004-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласы бойынша қаржы бөлімінің бастығы, 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының ішкі аудит қызметі бөлімінің бастығы, 2008-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, 2009-2013 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары, 2013-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы, 2016-2022 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметін атқарды.
2022 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ведомстволық және мерейтойлық наградалармен, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
46 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі аппаратының басшысы Роллан Серікұлы СЕРІКОВ дүниеге келді.

Семей облысында туған. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітірген; Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің PhD докторы.
Еңбек жолы: жоғары оқу орнында оқытушы, кафедра меңгерушісі, кафедра директоры қызметтерін атқарған (2000-2016); Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының тестілеуді ұйымдастыру және өткізу департаментінің басшысы (2017-2020); Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында (Астана қ.), Қазақ күресі қауымдастығында басшылық қызметте жұмыс істеу (2021-2023); Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары (2023-2024). «Қазспортинвест» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы (01.2024 ж. бастап).
2024 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Халық Алғысы» медалімен марапатталған (2020).
43 жыл бұрын (1982) әлемге әйгілі боксшы, ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий ГОЛОВКИН дүниеге келді.

Қарағандыда туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі және спорт факультетін бітірген. 2003 жылдан бері «Астана батыры» жекпе-жек клубы» МКҚК-да бокс жөніндегі нұсқаушы – спортшы. Universum Box Promotion мүшесі (Неміс кәсіби клубы, 2006). ҚР біріншілігінің жеңімпазы (2000-2002); ҚР I спартакиадасының чемпионы; жастар арасындағы әлем чемпионы (2000); Шығыс Азия ойындарының чемпионы (2001); Азия ойындарының чемпионы (Оңтүстік Корея, Пусан, 2002); жеке сынақ бойынша Әлем кубогының чемпионы (2002); әлем чемпионы (2003); «А» класты турнирлердің бірнеше мәрте жеңімпазы. 75 кг дейінгі салмақта әлем чемпионы (Бангкок, Тайланд, 2003); Олимпиада ойындарының 75 кг дейінгі салмақтағы күміс жүлдегері (Афина, Грекия, 2004); «А» класы турнирлерінің көп мәрте жеңімпазы.
Кәсіпқой бокста WBO нұсқасы бойынша «Интерконтиненталь» чемпиондық титулының иегері (2010).
2024 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
Геннадий Головкин – орта салмақта (73 кг) WBA, IBO және WBC нұсқалары бойынша әлем чемпионы. Кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 38-де жеңіске жеткен. ҚР спорт шебері (2000). Халықаралық кластағы спорт шебері (2002). Бокстан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (2003). «Құрмет» орденімен марапатталған.