8 сәуір. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 8 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
66 жыл бұрын (1960) Түркітілдес елдері әлеуметтанушылар одағының президенті Марат Мұханбетқазыұлы ТӘЖИН дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. 1981 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын, экономист мамандығы бойынша бітірген. 1985 жылы философия ғылымдарының кандидаты атанды. 1988 жылы әлеуметтану ғылымдарының докторы, Лондон университетінің докторанты.
ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Ресейдің әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік академигі, ҚР саяси ғылымдар академиясының академигі және президенті, ҚР әлеуметтанушылар қауымдастығының президенті, Түркі тілдес елдер әлеуметтанушылар одағының президенті.
1981-1983 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Өндірістік күштерді зерттеу жөніндегі кеңестің кіші ғылыми қызметкері, 1983-1987 жылдары аспирант, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, 1991-1992 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазМУ жанындағы қоғамдық ғылымдар оқытушыларының біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, 1992-1993 жылдары ҚР Президенті және Министрлер Кабинеті аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, 1993 жылы ҚР Президенті және Министрлер кабинеті аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі – ҚР Президенті аппаратының Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 1993-1994 жылдары ҚР Президенті аппараты басшысының орынбасары – ҚР Президенті аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі, 1994-1995 жылдары ҚР Президентінің мемлекеттік кеңесшісі – ҚР Президенті Аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі, 1995-1999 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының жетекшісі, 1999-2001 жылдары ҚР Президентінің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, 2000 жылы ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы, 2001 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, 2001-2002 жылдары ҚР Президентінің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, 2002-2004 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, 2004-2005 жылдары Ішкі саясат басқармасының меңгерушісі – ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, 2005-2006 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, 2006-2007 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, 2007-2009 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі, 2009-2013 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, 2013-2014 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы, 2014-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі, 2017-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, 2019 жылы ҚР мемлекеттік хатшысы, 2019-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі қызметін атқарған.
«Құрмет», І дәрежелі «Барыс», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен және алты медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері. Төтенше және өкілетті елші дәрежесіне ие.
60 жыл бұрын (1966) VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты Айна Ермекқызы МЫСЫРӘЛІМОВА дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін (1990) Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін (2007) бітірген.
Еңбек жолы: 1983-1984 жылдары Көкшетау облысы Ленин ауданы Бостандық кеңшарында орталық ток жұмысшысы, 1990-1992 жылдары Көкшетау қаласы № 19 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі, 1992 жылдары Көкшетау облыстық кәсіподағы "Тұлпар" шағын кәсіпорнының нұсқаушы-әдіскері, 1992-1993 жылдары Көкшетау облысы Ленинград ауданы Қызылту орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1993-1994 жылдары Көкшетау облыстық кәсіподағының "Тұран" ШК іс жүргізу меңгерушісі, 1994-1996 жылдары Көкшетау қалалық әкімшілігінің тілдер жөніндегі қалалық басқармасының бас маманы, әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас маманы, 1996-1999 жылдары Көкшетау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, 1999-2000 жылдары Ақмола облысы Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас маманы, 2000-2002 жылдары Ақмола облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының БАҚ реформаларды насихаттау және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы, 2002-2003 жылдары Ақмола облысы әкімі аппаратының Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, 2003-2005 жылдары Ақмола облысы әкімі аппаратының Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, 2005-2008 жылдары Ақмола облысы ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, 2008-2011 жылдары Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары, 2011-2012 жылдары
"ҚазАгро "Ұлттық холдингі" АҚ баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы, 2013 жылы Ақмола облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас маман-инспекторы, 2013-2015 жылдары Ақмола облысы Аршалы ауданы әкімінің орынбасары, 2015 жылы Ақмола халық ассамблеясы хатшылығының басшысы, 2015-2017 жылдары Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы, 2017-2022 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары, 2022-2023 жылдары "AMANAT" партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы, төрағасы лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2023 жылғы наурыз айынан бері атқарып келеді.
53 жыл бұрын (1973) «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Қомарұлы АЛТЫНБЕКОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында туған. А.Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1992 жылы «Арқа еңбеккері» газетінде тілші болып бастады. 1992-1993 жылдары Жезқазған облыстық теле-радио комитетінің Ақтоғай аудандық радиосында тілші-корреспондент болып қызмет атқарған. 1993-1997 жылдары Жезқазған облыстық теле-радио компаниясының тілшісі, тележүргізушісі, 1997-2001 жылдары Жезқазған қаласы №13 орта мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, 2001-2004 жылдары Талдықорған заң колледжінің Жезқазғандағы филиалының директоры, 2006-2009 жылдары Қазақ қатынас жолдары университетінің Жезқазған аймағында қашықтықтан оқыту орталығының директоры, 2009-2011 жылдары Жезқазған бизнес және көлік колледжінің құрылтайшысы.
Қазіргі лауазымын 2022 жылдың желтоқсанынан бері атқарып келеді.
Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының иегері, «Шапағат» медалімен, «AMANAT» партиясының «Белсенді қызметі үшін», «Ұлт мақтанышы» медалімен, «Жомарт жан», «Қоғам қайраткері» төсбелгілерімен марапатталған.
51 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Амангелдіұлы НҰРЖАНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1992-1993 жылдары «Шымкентмелиорация» ПМК-23 қызметкері, 1997-1998 жылдары Шымкент қаласы бойынша қаржы бөлімінің жетекші маманы, 1998-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы департаментінің бас маманы, бөлім бастығы, 2004-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласы бойынша қаржы бөлімінің бастығы, 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының ішкі аудит қызметі бөлімінің бастығы, 2008-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, 2009-2013 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары, 2013-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы, 2016-2022 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметін атқарды.
2022 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, ведомстволық және мерейтойлық наградалармен, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
47 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі аппаратының басшысы Роллан Серікұлы СЕРІКОВ дүниеге келді.

Семей облысында туған. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітірген. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің PhD докторы.
Еңбек жолы: 2000-2016 жылдары жоғары оқу орнында оқытушы, кафедра меңгерушісі, кафедра директоры қызметтерін атқарған. 2017-2020 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының тестілеуді ұйымдастыру және өткізу департаментінің басшысы, 2021-2023 жылдары Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында (Астана қ.), Қазақ күресі қауымдастығында басшылық қызметте жұмыс істеді. 2023-2024 жылдары ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. 2024 жылдан бастап – «Қазспортинвест» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.
2024 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Халық Алғысы» медалімен марапатталған (2020).
44 жыл бұрын (1982) әлемге әйгілі боксшы, ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий ГОЛОВКИН дүниеге келді.

Қарағандыда туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі және спорт факультетін бітірген. 2003 жылдан бері «Астана батыры» жекпе-жек клубы» МКҚК-да бокс жөніндегі нұсқаушы – спортшы. Universum Box Promotion мүшесі (Неміс кәсіби клубы, 2006). ҚР біріншілігінің жеңімпазы (2000-2002); ҚР I спартакиадасының чемпионы; жастар арасындағы әлем чемпионы (2000); Шығыс Азия ойындарының чемпионы (2001); Азия ойындарының чемпионы (Оңтүстік Корея, Пусан, 2002); жеке сынақ бойынша Әлем кубогының чемпионы (2002); әлем чемпионы (2003); «А» класты турнирлердің бірнеше мәрте жеңімпазы. 75 кг дейінгі салмақта әлем чемпионы (Бангкок, Тайланд, 2003); Олимпиада ойындарының 75 кг дейінгі салмақтағы күміс жүлдегері (Афина, Грекия, 2004); «А» класы турнирлерінің көп мәрте жеңімпазы.
Кәсіпқой бокста WBO нұсқасы бойынша «Интерконтиненталь» чемпиондық титулының иегері (2010).
2024 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
Геннадий Головкин – орта салмақта (73 кг) WBA, IBO және WBC нұсқалары бойынша әлем чемпионы. Кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 38-де жеңіске жеткен. ҚР спорт шебері (2000). Халықаралық кластағы спорт шебері (2002). Бокстан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (2003). «Құрмет» орденімен марапатталған.