8 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

Дүниежүзілік аллергиямен күрес күні
2005 жылдан бастап Дүниежүзілік аллергия ұйымының (World Allergy Organization, WAO) және Дүниежүзілік иммунопатология ұйымының (World Immunopathology Organization, WIPO) шешімі бойынша жыл сайын атап өтіледі.
Оның мақсаты – Жер бетінде жиі кездесетін аурудың белгілері мен алдын-алу шаралары туралы көпшілікке хабарлау. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сәйкес, әлем халқының шамамен 40% аллергиядан зардап шегеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1920 жылы Семей уезінің Долонская станциясы мен Канонерское селосында революцияға қарсы шыққандар көтеріліс жасады. Негізінен бүлікті байлар бастады. Бірақ оларды совет саясатына наразы болған орта шаруалардың біразы қолдады. Бүлік бастағандар «Советтер коммунистерсіз болсын!», «Еркін сауда жасасын» деген ұрандар көтерген.
1994 жылы Ақмола облысының Бурабай курорт аймағында Абылай хан ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
2009 жылы Ұлттық банктің Астанадағы орталық филиалына «OLYMPIC GAMES 2010», «Ежелгі қорған қазыналары. Берел қорғаны» сериясынан - «Жыртқыш пен бұғы» және «Жалаулы көмбесі» коллекциялық шақалары келіп түсті.
«Жалаулы көмбесі» шақалары 999/1000 сынамалы, «proof» сапалы алтыннан жасалған, салмақтары 0,5 және 1,24 грамм. Олардың ішіндегі үлкенінің құны - 8500 теңге, кішісінің құны - 4500 теңге. «Жыртқыш пен бұғы» шақасы да осы сынамадан жасалған, құны да осындай. «OLYMPIC GAMES 2010» шақасы 925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм.
2009 жылы Павлодар облысының Ақсу қаласында салтанатты жағдайда Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш ашылды. Ғалымның мүсіні қаланың бас көшесіне орнатылды. Ескерткіш авторы павлодарлық мүсінші Игорь Соболев мүсіндік портретте атақты жерлесін барынша шынайы көрсетуге тырысқан.
2010 жылы Алматыда ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатына ресми түрде қазақтың саяси қайраткері Мұстафа Шоқайдың қолжазбалары тапсырылды. Қолжазбаларды Түркиядағы ТҮРКСОЙ Халықаралық түрік мәдениеті ұйымының өкілдері тапқан.
2010 жылы Ақтөбедегі локомотив пайдалану депосында машиниске қойылған символдық ескерткіш ашылды. Жалпы биіктігі үш метрден астам болатын құрылымды ескерткіш ылғи да құрметпен киілетін машинистің формасын бейнелеген.
Оның қолына өзімен бірге пойызда алып жүретін машинистің жеке заттары мен азық-түлік салынған жол сөмкесі ұстатылған. Ескерткіш темір бетонмен жасалып, қоламен қапталған. Ескерткіш орнату туралы ой Ақтөбе локомотивті депосында ұжымның, құқық одағы мен Ардагерлер кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен бір жиында айтылған. Бұл ескерткіштің Ақтөбеде орналасуы жайдан-жай емес, дәл осы жерден темір жол көлігінің тарихы басталған десек болады.
2011 жылы ҚР Ұлттық банкі Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ескерткіш банкнотасын шығарды. Түсі: негізінен көк-күлгін.
Алдыңғы жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, «Қазақ Елі» монументі бейнеленген. Артқы жағында Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы - Ақорданың кескіні түсірілген.
2015 жылы Магдебургте (Германия) өткен ІІ Еуропалық хор ойындарында ТҮРКСОЙ Жастардың камералық хоры «Рухани музыка» аталымы бойынша алтын медальді жеңіп алды.
Хордың жетекшісі хормейстер, Астана Мемлекеттік филармониясының Камералық хорының көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттықадамова. Байқау барысында Түрік мәдениеті халықаралық ұйымының Жастар хоры Моцарт, Антонио Лотти, Юзеф Свидердің шығармалары мен әйгілі қазақ композиторы Еркеғали Рахмадиевтың «Хорал» туындыларын орындады. Қазақстанның түркі әлемінің шығармашылық ұжымында «Астана Опера» мен Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының әртістері бар. ТҮРКСОЙ Жастар хоры Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Татарстан консерваторияларының студенттерінен құрылған.
Хорды құру шешімі Қазан қаласында өткен ТҮРКСОЙ-дың Мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесінің 32-ші мәжілісінде қабылданды.
2017 жылы 6 жасар ақтаулық Аянат Дәулеталина Болгарияда өткен Prince&Princess of the World халықаралық фестивалінің гран-при жүлдесін жеңіп алды. Конкурсқа әлемнің 20 елінен 50 өнерпаз қатысқан болатын. Фестивальмен қатар өткен Star of the world-2017 байқауында Аянат бір ән айтып, екі би билеп, үш алтын медаль иеленді.
2021 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында Жаңатас жел электр станциясы іске қосылды. Жоба аясында 40 жел энергетикалық блок салынды, қуаты 2,5 мегаватт электр жабдығы, сондай-ақ станциялық торап пен көпфункционалды орталық орнатылды.
«Бұл жел электр станциясы Орта Азиядағы электр қуатын өндіретін ең ірі станция болады. Оны аудан және облыс тұрғындары пайдаланады», - деді салтанатты ашылу барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев.
2021 жылы Қазақстан Республикасы серіктес орган мәртебесімен Еуропалық стандарттау ұйымдары: CEN Еуропалық стандарттау комитеті және CENELEC еуропалық электротехникалық комитеті Бас Ассамблеясының 11-ші жалпы сессиясының жұмысына қатысты.
Біздің ел серіктес орган ретінде CEN және CENELEC-те 2014 жылдың 1 маусымынан бастап ұсынылған. Еуропалық стандарттарды әзірлеу бойынша Еуропалық одақ уәкілетті орган ретінде ресми танылған ұйымдармен серіктестіктің еліміз үшін стратегиялық маңызы зор.