80-нен астам университетте террористік қауіпсіздік паспорттары бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың 20 тамызына дейін жоғары оқу орындары ғимараттарын жөндеу аяқталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

– Жаз айларында жоғары оқу орындарының 58 нысаны күрделі жөндеуден, 560-тан астам нысан ағымдағы жөндеуден өткізіліп жатыр. Барлық жөндеу жұмысы 20 тамызға дейін аяқталады. Сонымен қатар оқу ғимараттары мен жатақханаларда бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл түймелері, өртке қарсы құралдар орналастырылған. Комиссия жіберіп, тексеріп алдық. 80-нен астам университет нысандарында террористік қауіпсіздік паспорттары бекітілген. Сондай-ақ лицензиясы бар күзет агенттіктерімен келісімдер жасалған, - деді Саясат Нұрбек.
Оның атап өтуінше, мемлекеттік қызметтерді алушы негізгі тұлға – талапкер мен студенттің айналасында біртұтас цифрлық экожүйе құрылып жатыр. Бұл экожүйе талапкердің Бірыңғай ұлттық тестілеуді жасанды интеллект қолданысымен тапсырған сәтінен бастап, диплом нөмірінің онлайн-генерациясына дейін процессін қамтиды. Студенттер мен түлектер туралы барлық дерек Жоғары білімнің бірыңғай платформасында жинақталады. Бұл деректер басқа мемлекеттік органдар үшін эталон саналады.
Бұған дейін биыл мемлекеттік білім гранттары 99 пайызға игерілгенін жазған едік.