831 қазақстандық әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың қазан айынан бері 831 қазақстандық әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту сервисін пайдаланған. Бұл қызмет әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасылар санатына жататын азаматтарға арналған.

eGov.kz порталы
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік төлемдерден бас тарту — азаматтың өз еркімен қабылдайтын шешімі. Мұндай тетік мемлекеттік көмекті оған шын мұқтаж адамдарға бағыттауға мүмкіндік береді.

Сервис eGov Mobile мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді. Өтінішті мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн түрде үш қадаммен беруге болады.

Ол үшін азамат:

  • eGov Mobile қосымшасына немесе eGov.kz порталына авторизациядан өтуі керек;

  • алынатын жәрдемақылар тізімінен бас тартқысы келетін төлем түрін таңдап, өтінішті қол қою арқылы жіберуі қажет;

  • қабылдаған шешімін қайта растауы тиіс.

Соңғы растауға дейін өтінішті кері қайтарып алуға болады. Сондай-ақ азамат кейін әлеуметтік төлем алу үшін қайта өтініш беруге құқылы. Мұндай өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

Еске салайық, 2027 жылғы 11 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақының 36 түрінің 12-сін тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі пилоттық режимде ескеріледі.

Отбасының әл-ауқат деңгейін алдын ала eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік көмек алушыны анықтау калькуляторы» арқылы білуге болады. Алайда есептеу нәтижесі тек анықтамалық сипатқа ие.

Министрлік азаматтарды сервисті тек ресми eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталы арқылы пайдалануға және күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдерден қалай ерікті түрде бас тартуға болатынын түсіндірген еді.