835 кәсіпорын жұмысшыларына 2,6 млрд теңгеден астам жалақыны төлемеген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылы жұмыскерлердің еңбек құқығын бұзуға жол бермеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстан хабардар етті. Бұл жөнінде ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалық етуімен бейнеконференция режимінде өткен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру барысы туралы айтты.

Шараға мүдделі орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, кәсіподақ ұйымдарының және жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Өз сөзінің басында Біржан Нұрымбетов коронавирус пандемиясы салдарынан елімізде қалыптасқан ахуалды ескере отырып, мемлекеттік еңбек инспекторлары мен кәсіподақтардың жұмысында азаматтардың еңбек құқығын қорғау мәселесіне ерекше мән берілуі керектігін атап өтті.

Министр жалақы берешегін жабу мәселесі ерекше бақылауда екенін баса айтты. Ағымдағы жылы еңбек инспекторлары елдің 835 кәсіпорнында 2,6 миллиард теңгеден астам берешекті анықтады. Қабылданған шаралар нәтижесінде 24,5 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалып, оларға 2,55 млрд теңге төленді.

«Бүгінгі таңда жалпы берешек 915 млн теңгені құрайды және жыл басынан бері ол 35,5%-ға немесе 505 млн теңгеге азайған. Ең көп берешек Алматы, Қостанай және Түркістан облыстарына келеді. Берешекке жол берген кәсіпорындардың басшыларына 492 нұсқама шығарылып, 68,5 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды және 6 кәсіпорынның басшыларына қатысты жалақыны бірнеше рет кешіктіргені үшін қылмыстық іс қозғалды», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы.

Біржан Нұрымбетов сондай-ақ жалақы берешегін төлеу тиімділігін арттыру мақсатында Еңбек кодексіне жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы жаңа нұсқама енгізілгеніне, ол атқарушылық құжаттың күшіне ие екеніне назар аударды.

«Бұл шара жалақы бойынша берешек болған кезде шоттар мен мүлікке қамау қою, басқа жерге кетуді шектеу сияқты тиімді шараларды қабылдауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ол.

Министр наурыз-сәуір айларында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты 4,2 миллион қазақстандық уақытша жұмыссыз қалғанын еске салды. Карантиндік шаралардың жұмсартылуына байланысты кәсіпорындар өз қызметін біртіндеп қалпына келтіріп жатыр. Ағымдағы жылдың 2-тоқсанының қорытындысы бойынша экономикада жұмыс істейтін азаматтардың саны 8,7 млн ​​адамды, жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрады.

«Жұмыс орындарын сақтау мақсатында әкімдіктер, кәсіподақтар мен кәсіпорындардың басшылығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумдар жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда республикада 137,6 мың меморандумға қол қойылды. Осы жұмыстың нәтижесінде 2,3 миллионнан астам жұмыс орнын сақтап қалу жоспарланып отыр», - деді Нұрымбетов.

Еңбекмині басшысы еңбек жанжалдарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі - ұжымдық шарттар екенін, олар арқылы жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы қатынастарды реттеуге болатынын баса айтты.

«Бүгінгі күні ұжымдық шарттар ірі және орта кәсіпкерліктің 96%-ын қамтығанына қарамастан, еңбек жанжалдарының орын алуы қолданыстағы ұжымдық шарттардың сапасы мен мазмұнының төмендігін көрсетеді. Мұнда кәсіподақтар белсенді болуы керек», - деп түйіндеді сөзін Біржан Нұрымбетов.


Соңғы жаңалықтар
telegram