9 ақпан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 9 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе
Фото: Kazinform

71 жыл бұрын (1955) ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ерден Задаұлы ҚАЖЫБЕК дүниеге келді.

Ерден Задаұлы ҚАЖЫБЕК
Фото: Facebook/Yerden Kazhybek

Жезқазған қаласында туған. 1977 жылы академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 1980 жылы ҚазКСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының «Түркология» мамандығы бойынша аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы: 1975-1977 жылдары ҚарМУ дипломанты, 1980-1982 жылдары ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, 1982-1989 жылдары ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтының ғылыми хатшысы, 1989-1992 жылдары ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтының Түркология және қазақ тілінің тарихы бөлімінің меңгерушісі болды. 1989 жылдан бастан «Халықаралық түркология орталығы» халықаралық үкіметтік емес, коммерциялық емес ғылыми-мәдени мекеменің президенті болып қызмет атқарған. 1990-2000 жылдары ҚР ҰҒА «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, 1992-2000 жылдары ҚР ҰҒА Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, 1995 жылдан бастап ҚР Президент әкімшілігінің ғылыми сарапшысы қызметін атқарды. 2000-2003 жылдары «Еуразия» халықаралық қорының президенті, 2000-2006 жылдары «Қазақстан» ақпараттық-талдау орталығының директоры, 2003 жылдан бастап америкалық білім беру консорциумы мен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Қазақстандағы америкалық университет» халықаралық білім беру бағдарламасының жетекшісі болды. 2003 жылдан бастап Орталық Азияда Америкалық білім беру консорциумы өкілдігінің жетекшісі қызметін атқарды. 2005-2009 жылдары ҚР ҰҒА А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, 2006-2009 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, 2012 жылдан бастап «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының вице-президенті, 2016 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «ТҮРКСОЙ» орталығының жетекшісі болды. 2016-2017 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түркология кафедрасының меңгерушісі, 2016 жылдан бастап Ыстанбұл университеті әл-Фараби қазақ-түрік орталығы халықаралық президиумының уәкілетті өкілі және мүшесі, 2016-2020 жылдары ҚР БҒМ А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры қызметін атқарған.

52 жыл бұрын (1974) «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы — ректоры Саламат Нұрмұханұлы ИДРИСОВ дүниеге келді.

Саламат Нұрмұханұлы ИДРИСОВ
Фото: wikipedia.org

Гурьев облысы (қазіргі Атырау) Индер ауданы, Өрлік ауылында дүниеге келді.

1996 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Математика және информатика» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1996 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Информатика негіздері және есептеуіш техника» кафедрасына оқытушы болып бастады.1998 жылы «Информатика және оқытудағы жаңа ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, 2000 жылы университет типографиясының директоры, сол жылы желтоқсан айында қайта құрылған Жаңа ақпараттық технологиялар орталығы Полиграфия бөлімінің меңгерушісі, 2003 жылы Жаңа ақпараттық технологиялар орталығының директоры қызметінде болды.

2006 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Информатика кафедрасының доценті академиялық атағы берілді. 2009 жылы университеттің Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, 2011 жылы Ақпараттық технологиялар орталығының директоры, 2012 жылы Қашықтықтан оқыту факультеті деканы, 2013 жылы Әкімшілік-шаруашылық департаменті директоры, Қашықтықтан оқыту факультеті деканы, 2015 жылы Қашықтықтан оқыту факультеті деканы болып қызмет атқарған.

2016-2019 жылдары университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, 2019 жылдың 31 желтоқсаннан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры болды. 2020 жылдың маусым айынан бастап «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректор м. а. қызметінде.

2020 жылдың 23 желтоқсаннан бастап «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы — ректоры.

2021 жылдың қаңтардан айынан бастап Атырау облыстық мәслихат депутаты.

49 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Амангелді Ғабдылкәрімұлы ТОЛАМИСОВ дүниеге келді.

Амангелді Ғабдылкәрімұлы ТОЛАМИСОВ
Фото: kaztag.info

1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тарихшы, тарих пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірген. 2001 жылы аталған университеттің тарих мамандығы бойынша магистратурасын, 2010 жылы Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын құқықтану мамандағы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2001 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде оқытушы ретінде бастаған. 2001-2012 жылдары І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде оқытушы, аға оқытушы, тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары, оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. 2012-2015 жылдары І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-де гуманитарлық факультет деканы, 2015-2016 жылдары І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-де мәдениет және өнер факультетінің деканы, 2016-2018 жылдары І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-де гуманитарлық факультетінің деканы, 2018-2019 жылдары С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, 2019-2020 жылдары І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ректорының кеңесшісі болып қызмет атқарған.

2020-2022 жылдары І.Жансүгіров атындағы ЖУ-де гуманитарлық факультет деканы, 2022-2023 жылдары І.Жансүгіров атындағы ЖУ-де гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы болды. Ұлттық Құрылтай мүшесі.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қаңтар айынан бастап атқарып келеді.

«Отан патриоты», «Халық алғысы», «Балалық шақ досы», «Әлемнің мейірімді адамы», «Ілияс Жансүгіров» медалімен, «Асыл әке» төсбелгісімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Әсетұлы БАҚАЕВ дүниеге келді.

Әлібек Әсетұлы БАҚАЕВ
Фото: Gov.kz

Алматы қаласында туған. Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері мемлекеттік университетін аудармашы-синхронист мамандығы бойынша, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын саясаттану мамандығы бойынша, Рупрехт және Карл атындағы Гейдельберг университетін (ГФР), мемлекеттік саясат Сэнфорд мектебінің Дюк университетін бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің референті болып бастады. 2004-2008 жылдары Германиядағы Қазақстан Елшілігінің атташесі, 2008-2009 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі хаттама шефі, халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесші, 2009-2012 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің, халықаралық қатынастар департаментінің директоры, 2012-2013 жылдары ҚР СІМ жалпыазиаттық ынтымақтастық департаментінің азиаттық диалогтер форумдары басқармасының басшысы лауазымын атқарған. 2013-2015 жылдары ҚР СІМ жалпыазиаттық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, директор міндетін атқарушы, 2015-2019 жылдары ҚР СІМ жалпыазиаттық ынтымақтастық департаменті директоры, 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2020-20222 жылдары Қазақстан Республикасының Лихтенштейн Князьдігіндегі, Ватикан Мемлекетіндегі, Қасиетті Иерусалим Иоанның, Родос және Мальтаның Егеменді Әскери Госпитальерлері Орденінің жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарды.

2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі. 2023 жылы Қазақстан Республикасының Словения Республикасында Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.

Қазіргі қызметінде 2023 жылғы тамыздан бастап.

95 жыл бұрын (1931-1976) ақиық ақын, аудармашы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ғасыр ақыны» атағының иегері Мұқағали МАҚАТАЕВ дүниеге келді.

Мұқағали МАҚАТАЕВ
Фото: egemen.kz

Алматы облысы Райымбек ауданында туған. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1952-1969 жылдары Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілінің мұғалімі, Қазақ радиосының дикторы, Шалкөдеде Қызыл отау меңгерушісі, Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі») газетінің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар одағы поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. 1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыған.

Ақынның тырнақалды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде 1948 жылы жарияланған. Оның «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» атты поэма толғаулары мен 650-ден астам лирикалық өлеңдері бар. Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлендіріп, интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді.

Мұқағали Мақатаев поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Оның «Қош, махаббат» жинағына әр жылдары жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбегі енген.

Аударма саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын», Е. Евтушенко, А. Акопян, Ф. Моргун, У. Уитмен, Р. Бернс, Ф. Ансаридің өлеңдерін тәржімалаған.

Оның өлеңдеріне Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Бейбіт Оралұлы, Алтынбек Қоразбаев тағы басқа сазгерлер ән жазды.

Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында ескерткіші бар. Туған ауылы Қарасазда мұражайы ашылды. Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылдан бері үздік әдеби шығарма авторларына берілетін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындаған.

73 жыл бұрын (1953-2023) мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы САПАРБАЕВ дүниеге келді.

Бердібек Мәшбекұлы САПАРБАЕВ
Фото: astanatv.kz

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында туған. 1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолын 1969 жылы Қызылорда облысының Задарьинский совхозының жұмысшысы болып бастады. 1971-1973 жылдары әскери қызметін өткерді. Институтты бітірісімен 1977 жылы Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары (гострудсберкассы) басқармасында экономист, 1977-1988 жылдары Қаржы министрлігінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары, 1988-1993 жылдары жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, Бас экономика басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары, 1993 жылы Президент Аппараты бөлімі мен ҚР Министрлері кабинеті меңгерушісінің орынбасары, 1994-1995 жылдары ҚР Министрлер кабинеті Істер басқармасының Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі болды. 1995 жылы ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының басшысы, 1995-1999 жылдары Қызылорда облысының әкімі, 1999-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметтерін атқарды.

2002-2006 жылдары ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы вице-министрі — Кедендік бақылау комитетінің төрағасы, 2006-2007 жылдары Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары — ҚР Парламентіндегі Үкіметтің Өкілі, 2007 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, 2007 жылдың тамызынан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. 2009-2014 жылдары — Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 2014-2015 жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, 2015-2019 жылдары Ақтөбе облысының әкімі, 2019 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. 2019-2020 жылдары ҚР Премьер-министрінің орынбасары, 2020-2022 жылдары Жамбыл облысының әкімі қызметінде болды.

2023 жылы қайтыс болды.

Соңғы жаңалықтар