9 айда 6,3 млн тонна мұнай кем өндірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл қаңтар-қыркүйекте 69,4 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
— Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде 69,4 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6,3 млн тоннаға немесе 8,3%-ға төмен. Газ өндірудің нақты көлем индексі 91,9%-ды құрады. Басқа пайдалы қазбаларды өндіру 12,7%-ға, көмір өндіру — 6,6%-ға, металл кендерін өндіру 1,6%-ға ұлғайды, — деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, құрылыс жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5%-ға өсті. Өсім 17 өңірде тіркелді. Бұл ретте ең жоғары өсу Ұлытау, Қызылорда, Атырау, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалды. Құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді.
— 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 2,7%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Алматы, Маңғыстау, Павлодар және Жетісу облыстарында байқалды, — деді вице-премьер.
Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешен экономика драйверлерінің біріне айналып отырғанын айтты. Ауыл шаруашылығындағы өсу ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің күшеюімен қатар жүріп келеді.
— Ауыл шаруашылығындағы өндірістің өсуі ағымдағы жылғы қаңтар-тамыздағы 5,2%-дан 5,8%-ға дейін жеделдеді. Биыл жалпы егін жинау алаңы 24,2 млн гектарға дейін жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың гектарға артық. Жыл басынан бері 23 млн тонна астық және 3,7 млн тонна майлы дақылдар жиналды. Бұл ретте дәнді дақылдардың ауданы 420 мыңға 15,6 млн гектарға дейін, ал майлы дақылдар 1,2 млн-ға 5,2 млн гектарға дейін ұлғайтылды. Экспорт көлемі өсуде және шетелге жеткізілетін өнім номенклатурасы кеңеюде. Осы жылдың қаңтар-шілдесінің қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспорты 4,9 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 33%-ға жоғары, — деді ол.
Айта кетейік, биыл 9 айдың қорытындысында ел экономикасының өсуі 4,2 пайызды құрады.