9 қараша. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 9 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
76 жыл бұрын (1948) ҚР мемлекет қайраткері Оңалсын Исламұлы ЖҰМАБЕКОВ дүниеге келді.
Алматы облысында туған. 1974 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1966-1969 жылдары Талдықорған облысы Ақсу ауданындағы Жаңақоғам совхозында жұмысшы, 1974-1980 жылдары Әуезов ауданы прокуратурасында стажер, тергеуші, Қазақ КСР прокуратурасында тергеу бөлімінің прокуроры, 1980-1983 жылдары Қазақ КСР прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі көмекшісі, 1983-1985 жылдары Алматы қаласы Фрунзе аудандық прокуратурасының прокуроры, 1985-1990 жылдары Алматы облысы прокурорының орынбасары, 1990-1994 жылдары Маңғыстау облысының прокуроры, 1994-1996 жылдары Алматы облысының прокуроры, 1997-2003 жылдары ҚР Бас прокурорының орынбасары, 2003-2005 жылдары ҚР Әділет министрі, 2005-2007 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, 2007-2008 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, 2008-2012 жылдары ҚР Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
2007-2008 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің төрағасы, 2012 жылдан бастап - ҚР Президенті жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі.
1990 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі депутаттығына кандидат, 2011 жылы «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, 2012-2016 жылдары V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.
«Даңқ», «Парасат» ордендерімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.
65 жыл бұрын (1959) қазақ театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айман Өтегенқызы АЙМАҒАМБЕТ дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Ж.Жабаев атындағы орта мектепті бітірген. Алматыдағы П.И. Чайковский атындағы музыкалық колледждің ән және дирижерлық факультетін (1984); Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Музыкалық-драмалық кино актері» факультетін бітірген (1989).
Еңбек жолы: Жезқазған облыстық филармониясының «Жезкиік» ансамблінің әншісі (1978-1980); Жезқазған музыкалық драма театрының актрисасы (1989-1991); Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы (1991); «Үзілген бесік жырындағы» ана рөлі үшін ХІІІ республикалық театр фестивалінде «Үздік әйел кейіпкері» номинациясының жеңімпаз (2005); А.Чеховтың «Шие» комедиясындағы Шарлотта рөлі үшін Қазақстан драма театрларының XXIV республикалық фестивалінде «Үздік спектакль» аталымы бойынша жеңіс (2016); Челябинск қаласында (Ресей) өткен V Халықаралық шағын форматты театрлар фестиваліндегі жеңіс, Түркі халықтарының XIII Халықаралық «НАУРЫЗ» театр фестивалінде, Қазан қ., Татарстан Республикасы (2017 ж.).
64 жыл бұрын (1960) ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Сапарқызы МҰСТАФИНА дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын экономист және ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру мамандығы бойынша, Комсомол Орталық Комитеті жанындағы жоғары комсомол мектебін саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1982-1983 жылдары Целиноград зауытының аға экономисі, 1983-1985 жылдары Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқытушы, комсомол комитетінің хатшысы, 1985-1991 жылдары Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Целиноград облыстық комитетінің екінші хатшысы, 1991-1995 жылдары Қазақстан ЛКЖО ОК хатшысы, Қазақстан Жастар одағы ОК хатшысы болды. 1995-1996 жылдары «Айсар» ЖШС бас директорының орынбасары, 1996-1999 жылдары Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің консультанты, 1999-2002 жылдары ҚР Президенті жанындағы Отбасы ісі бойынша Ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі, 2002-2003 жылдары ҚР Президенті Кеңсесінің мемлекеттік инспекторы, 2004 жылғы сәуір-қараша айларында ҚР Мемлекеттік хатшысының бас инспекторы, 2004-2006 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік сала секторының меңгерушісі қызметін атқарды. 2008-2011 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі, 2011-2016 жылдары Астана қаласы Есіл ауданының әкімі, 2017-2019 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.
2021 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде. «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.